Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, шаттық пен шуақ тұнған шағын отан. Ол – жүрекке жылу сыйлайтын мекен, көздің қарашығындай сақтайтын қасиетті ұғым. Бақыт ұялаған шаңырақта махаббат пен сенім қатар жүреді. Ал күллі жақсылық пен мейірім осында бастау алады. Сондай өнегелі, көпке үлгі, көпбалалы отбасының бірі – Ерболат Жанбаев пен Айни Толыбаеваның жанұясы.
Бақыт – әркім өз соқпағымен іздейтін, бірақ тек шынайы сезім мен өзара түсіністік орнаған мекеннен ғана табылатын асыл қазына. Бір сыныптың қабырғасында басталған қарапайым таныстықтан бүгінгі берекелі шаңыраққа дейінгі жүріп өткен жол – сөзіміздің айқын дәлелі.
– Алғаш көргенде бір-бірімізді ашық мінезді, сыпайы жан ретінде қабылдап, уақыт өте жақсы көретінімізді түсіндік. Өмірлік құндылығымыздың ұқсастығы, болашаққа деген ортақ арманымыз бізді бір арнаға тоғыстырды. Алғаш шаңырақ көтеріп, жаңа өмірдің табалдырығын аттағанда ең үлкен қиындық жаңа тұрмысқа бейімделу мен жауапкершілікті бөлісу болды. Десе де, ашық сөйлесу мен бір-бірімізді тыңдай білу қасиеті бізді тығырықтан сақтап келеді. Тұрмыстағы түрлі міндетті мүмкіндігімізге қарай тең бөлісіп, үй шаруасын да бірге атқарып келеміз. Ал отбасылық бюджет пен маңызды шешімдер тек ақылдасу арқылы жүзеге асады. Алғашында жас отбасында кикілжің болып тұрады, бірақ бізде «кім кінәлі?» деген сауал болған емес. Кім бірінші сабырға келсе, сол мәселені шешуге алғашқы қадам жасайды. Ең бастысы жүректе реніш пен өкпені ұзақ уақыт сақтамау қажет, – дейді отанасы Айни Қаражанқызы.
Татулық пен қолдауды тірек еткен бұл отбасының алға қойған ортақ мақсаты ̶ шаңырақтың берекелі қалпын сақтап, өз баспаналарына қол жеткізу, кәсіби тұрғыда тоқтаусыз даму. Ең бастысы, бес перзентіне дұрыс тәрбие беріп, олардың өмірлік жолында биік белестерді бағындыруына тірек болғысы келеді. Осы орайда ынтымағы жарасқан жас отбасыдан үй ішінде қалыптастырған дәстүрлер жайлы сұрадық.
– Біздің отбасымызда бірсарындылыққа орын жоқ, сондықтан белгілі бір күнмен шектелетін қағидалар да болған емес. Біз үшін әр күн ерекше тосынсый мен қуанышқа толы. Жаратушының нәсіп еткен сыйы перзенттерімізбен бірге өткізген әрбір минутымыз біз үшін маңызды. Балаларды адамгершілік пен мейірімділікке, үлкенді құрметтеп, пікірін тыңдауға, жауапкершілік пен еңбекқорлыққа баулып келеміз. Оларды білімді әрі елін сүйетін нағыз азамат етіп өсіру – біздің басты міндетіміз. Үлкендердің батасы мен оларға деген құрмет ̶ шаңырақ татулығының басты сыры, – дейді Ерболат Бақтыгерейұлы.
Сабыр мен сүйіспеншілікті серік еткен жас отбасы ошақ отының жылуы сыйластықта екенін дәлелдеп келеді. Олардың бүгінгі бақыты мен берекесі де көпке үлгі.
– Отбасын құру ̶ үлкен жауапкершілік, алайда бұл қадамнан қорықпау керек. Ең бастысы жаныңызға серік болатын жанды дұрыс танып, қиындықты бірге еңсеруге дайын болу қажет. Себебі нағыз отбасы сенімнен басталады. Біздің ойымызша, бақытты отбасының формуласы «сүйіспешілік, сенім, сабыр мен сыйластықтан» тұрады. Осы құндылықтар сақталған ошақтың оты өшпейді, берекесі мен бақыты тұрақты болады, – дейді көпбалалы отбасы.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!