Ауыл деген қазақтың қаймағы бұзылмаған елденбіз. Қалаға барсақ, қайтқанша асығамыз. Ауылға келсек, жанымыз жадырап сала береді. Күнделікті күйбең тірліктің арасында ағайынмен бірге тірлік кешкенге не жетсін?! Сол ортада «Ақмешіт жастары» газетін парақтаймыз. Біздің өмірімізді жазып отырғандай сезіледі. Кейде көкейкесті сауалдар маза бермегенде, оның да жауабын осы басылым бетінен оқимыз. Оқырман ойын оқитын осындай басылымның ұжымына алғысымыз шексіз.

Ауылдан ұзап, арман қуып алыс қалаларға аттанып кеткендер бар. Қарашаңырағы бос қалып, қабырғасы сөгіліп құлау алдында тұр. Ал оны сатып кетейін десе, ауылда хан сарайындай үйлердің өзі өтімсіз. Нарық солай. Ауылда үлкендер де азайған. Толқынды толқын қуып келеді, бірақ қамкөңіл қарт «ассалаумағалейкүмінен» «уағалейкумассаламы» көбейіп, кейінге қарап, көздің жасын сығып алады. Өмір керуен ғой. Осы ауылдан қалаға көшу дегенді ұғына алмай келеміз. Мектептерде де бала саны азайған. Өткен сандардың бірінде Аружан Оралбай «Алтын бесік бос қалмасын» деп, осы мәселені айқын көтерді. Тәнті болып оқыдық. Біздің көңілге қаяу түсіріп жүрген мәселені жақсы көтеріпті.

Ауылдан кеткендерді санап, көңілі құлазыған елдегілердің еңсесі тіктеліп, бұл мәселе қоғамның назарында екен ғой деп болашаққа сеніммен қарай бастадық. Иә, әлдекімдер үшін жай ғана жазылған мақала болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз үшін ауыл халқының хал-ахуалына алаңдайтын адамдардың бар екенінің өзі қуантарлық жағдай болды.

Ауылда тұратын көкеміздің төрт ұлы облыстың төрт бұрышында тірлігін дөңгелентіп, кәсіппен айналысып жүрген. Шаңырақта тек үлкендер ғана қалды. Жасы жер ортаға келген көкеміз балаларының жолына қарап, алаңдайтын. Есік ашылса, елеңдеп отырды. Жақында сол көкеміздің төрт ұлы ауылдан босаған үйлерді сатып алып, мал шаруашылығын қолға алды. Кішісі шаңыраққа келді. Бір кездері томаға тұйыққа айналған ақсақалдың жүзі жадырап, үйі «балалы үй – базарға» айналды. Көңілінің ауласында тай-құлындай тебіскен немерелерді көріп, көңілі марқайып отыратын болды. Бұрын төсек тартып қала беретін отанасы да тың болды. Жан-жағына ақылын айтып, немерелеріне қарап, бәйек болып отыр. Солғын тартқан екеу өздерінің үлкен әулет екенін сезініп, жақсарып кетті. Келіндері де жағдайын жасап отыр. Құрт-майы дастарқанынан үзілмейді. Қандай тамаша?! Аружанның мақаласынан кейін осындай жағдайлар болып жатыр. Біз де қуанып кеттік. Ауылдан бір үй сатылып жатса, сол үйді ертеректе қалаға көшіп кеткендер сатып алып жатыр. Ал әлгі ақсақалдың балалары «қазір кәсіпте шекара жоқ. Шын мықты болсаң, өнімің сапалы болса, ауылдан бастаған кәсібің әлемдік деңгейге де жете алады. Қазір ауыл мен қаланың арасы жақындады» деп көзінің ашықтығын көрсетіп отыр.

Бұл – «Ақмешіт жастарында» жарық көрген бір ғана мақаланың айналасындағы ой. Тағы бірде Інжу Маржанның «Қалтаны қаққан қай қажеттілік?» атты мақаласын оқыдым. Қоғамға ой салатын тұсы көп. Жағадан алған нарықтың халықтың қалтасына қаншалықты батып жатқанын айтыпты. Өткір ойларын қаламның ұшымен қозғап, халықтың қамын ойлаған осы тілшілердің тірлігіне тәнтімін. Сол сияқты «Айнадағы адамды таныдыңыз ба?» мақалада да көп адам өзін танитын тәрізді. Ал мақаладан адам өзін көріп жатса, журналистің өзі ойлаған мақсатына жеткені. Мұнан артық не керек?! Қоғамның ми қалтасын ашып тұрып, соған саңылау салып, сәуле құйып жатса, газеттің ағартушылық қырының айқын көрінісі емес пе?!

Қазір қоғамда арзан күлкіге құмартқандар қатары көп. Жеңіл әңгімеге езу тартқан көпшіліктің, хайп қуып, тайып құлап жатқандардың өмірі де әр мақалада айтылып келеді. Салмақты ой мен байыпты көзқарас қай кезеңде де алда. Кей сәтте мән берілмей қалуы мүмкін, бірақ ол өміршеңдігін жоғалтпайды.

Бала тәрбиесі, бүгінгі балалардың денсаулығы, өмірдің өзінен алған әңгімелер – мұның барлығын мен оқырман ретінде газет бетінен көріп келемін. Газеттің халыққа берері көп болғанда, ол мәнін де, маңызын да жоғалтпайды. Мен үшін «Ақмешіт жастары» қоғамдағы түрлі жағдайларды назарынан тыс қалдырмайтын басылым. Оқырман ойын дөп басып жатса, оның халықпен бірге екенін сезінесің.

Мың алғыс, сіздерге!

Аякөз СПАНОВА,
Текей батыр Қарпықұлы атындағы
жоғары колледжінің оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!