Бұл екі әуе компаниясының үстінен рейстерді кешіктіру, ұшақ ішіндегі орындардан артық билеттерді сату бойынша шағымдар көбейген.

Air Astana мен FlyArystan компанияларына рейсінің кешігу фактісі бойынша түскен жаппай шағымдардан кейін Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тексеру жүргізетін болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының Алматы – Мале, Нұр-Сұлтан – Ташкент және Алматы – Қостанай, сондай-ақ басқа да бағыттар бойынша рейстерінің кешігу фактісіне байланысты әлеуметтік желілердегі жолаушылардың көптеген өтініштерін ескеріп, Азаматтық авиация комитеті Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тиісті тексеру жүргізеді. Рейстерді кешіктіру және тоқтату кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталған жағдайда әуе компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

Осы рейстердің жолаушыларынан құзырлы органдар cc@caakz.kz электронды поштасына жазбаша арыз беруді сұрады.

«Тасымалдаушының кінәсінен рейс кешіктірілсе немесе тоқтатылса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жолаушыларға ана мен балаға арналған бөлме, екі сағат рейс күткен кезде алкогольсіз сусындар, ыстық тамақ тегін беріледі.  Сондай-ақ жөнелтуді күндіз сегіз сағаттан астам және түнде алты сағаттан астам күткенде қонақүйде тұру қарастырылуы шарт. Күткен жолаушыны тұрғылықты жерінен әуежайға әкелетін транспортқа да компания жауапты болады», – деп толықтырды комитет.

Осыған дейін бұл екі әуе компаниясының үстінен рейстерді кешіктіруге, ұшақ ішіндегі орындардан артық билеттерді сатуға, және кешіктірілген немесе кейінге қалдырылған рейстер үшін билет құнын кері қайтармауы туралы шағымдар түскен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!