Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәлімдеуінше, оқиға Келлеровка ауылында болған.

Елдімекеннің 80 жастағы тұрғыны ақпан айының басында алаяққа алданып қалғанын айтқан. Зейнеткердің сөзінше, бейтаныс әйел оның үйіне кіріп, әңгімелесе бастағаннан кейін жасына байланысты туындаған ауруларды «дуалаудың» нәтижесінде пайда болғанына сендірген. Ол зейнеткердің жиған-терген ақшасын да «тазарту» керектігін айтқан. Алданып қалатынын сезбеген кейуана барлық ақшасын шамамен 270 мың теңгені алып шыққан. Кейін ол ақшасын қайта санап, азайып қалғанын білген. Зейнеткер дереу полицияға жүгінген.

Жедел-тергеу тобының қызметкерлері күдікті әйелдің зейнеткерге алдын-ала дайындалған сувенирлік қағаз ақшаларды бергенін анықтаған. «Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеру кезінде жедел уәкілдер қара түсті Skoda Octavia автокөлігін байқап қалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін сотталған Қостанай қаласының 50 жастағы тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта іс материалдары Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа жіберілді. Азаматтарға жалғызбасты қарт туыстарына алаяқтық қаупін түсіндіруді сұраймыз», – дейді аудандық ПБ бастығы Нұрлыжан Ақтанов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!