Астанадағы жеке меншік қарттар үйінің басшысы Аманжол Қасымқызы «Сұрауы бар» жобасына сұхбат беріп, қартайғанда қараусыз қалған жандардың өмірі туралы баяндады, деп жазады KAZ.NUR.KZ. 

«Біздегі қарттар үйіне адамдар әртүрлі себеппен келеді. Мысалы, біреулердің кредиті бар, біреулер жолдасымен дұрыс тұрмайды. Біреулерге әке-шешесі кедергі болады. Көбісі отбасылық жағдаймен бізге бас тірейді. Өмірде қаншама жағдай бар. Кейде қарттар жылап, теміржол вокзалдарына түнейді. Қарттарымыз көшеде қаңғырып қалмасын деп, өз ниетіммен аштым», – дейді Аманжол.

Қарттар үйі басшысының айтуынша, ол бұл мекемені табыс көру үшін ашпаған.

«Мен табыс көрейін деп, қызығушылықпен ашқан жоқпын. Өзімнің мамандығын бойынша аштым. Ешқандай бизнес көріп тұрған жоқпын. Тұрып жатқан үйді жалға алдық. Ай сайын 600 мың теңге төлейміз. Одан бөлек, жұмыскерлерге жалақы береміз. Олардың тамағы, қажетті дүниелері бар… Өз балалары берген ақша қарттардың өзіне жұмсалады. Мемлекеттен көмек жоқ. Қарттар үйін ашқанда түрлі әкімдіктерге бардым. Ешкім ешқандай көмек бере алмайтынын айтты», – дейді Аманжол Қасымқызы.

Бүгінде аталған қарттар үйінің ашылғанына үш жылға жуықтады. «Осы уақыт аралығында ата-анасы әкеліп, қайтадан алып кетпегендер көп. Бәрін бірдей кінәлауға болмайды. Отбасылық жағдай, қаржылық мәселе көп. Кейде әке-шешесінің жағдайын сұрап, қымбат көліктермен келетіндер бар. Сол кезде ата-анасын алып кететін шығар деп ойлайтынмын. Бірақ ондай сөз де, ой да жоқ. Мен оларға ештеңе айта алмаймын. Жауапкершілігіне алмайды», – дейді қарттар үйінің басшысы. Аманжол Қасымқызы қарттар үйіндегі қариялардың балаларын сағынып, жылап алатынын да жасырмады.

«Әрине, сағынады. Қарттар үйінде 20 адам тұрады, оның ішінде екі әжеміз бар. Бір атамыз бар, балаларын сағынып, үнемі баспалдақтың үстінде, терезеге қарап отырады. «Менің ұлым келе жатыр», – деп күтеді. Сол кезде мен ол кісіні құшақтап, өлең айтып, көңілін бөлуге, ұмыттыруға тырысамын. Әйтпесе, ол кісінің қан қысымы көтеріліп, ауырып қалуы мүмкін. Тамақ ішпей қалуы мүмкін. Кейбір әжелеріміз бар, балаларын қатты сағынғаннан тамақ ішпей қояды», – дейді Аманжол ханым.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!