Бүгін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Тарихқа көз жүгіртсек, 1910 жылы Копенгагендегі социалист әйелдердің халықаралық конференциясында герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері К.Цеткинаның ұсынысы бойынша наурыздың 8-ін Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды. 

1914 жылдан кейін көп елдерде нақ осы күн әйелдер мерекесі ретінде аталатын болды. Бұл күн – әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күні. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, сол жылғы наурыздың 8-інен бастап Әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күнін өткізе бастады. 

Қазақстан Республикасында да бұл мерекеге аса мән беріліп, осы күні елорда мен барлық облыстарда мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Айта кетерлігі, кеше мерейлі мерекеге орай, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қауымын мерекесімен құттықтады. 

«Ардақты аналар! Аяулы арулар! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің көп болуына сіздер мол үлес қосып келесіздер. Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады, – делінген құттықтауда. 

Президент атап өткендей, егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!