ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елдегі жастардың ресурс орталығының тиімділігі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде қазір 231 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олардың тиімділігі қандай?», – деп сұрақ қойды Премьер-Министр Ақпарат министрі Дархан Қыдырәліге.

Өз жауабында Д. Қыдырәлі 231 орталықтың 16-сы облыстық, 37-сі қалалық және 178-і аудандық деңгейде екенін атап өтті.

«Әсіресе, аудан-ауыл жастарына үлкен қолдау болып отыр, әртүрлі кеңестер, консультациялар алады. Соның ішінде жұмысқа немесе түрлі бағдарламаларға құжат тапсырғандар осы орталыққа келеді. Бұл жерде қазір 2800 адам жұмыс істейді. 450 мыңнан астам адам жастар ресурстық орталығынан кеңес алған, оның 70 проценттен астамы жалпы қанағаттанушылық сезім білдірген», – деді Ақпарат министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сондай-ақ орталыққа жүгінген жастардың 20 проценті тұрақты жұмысқа орналасты, 20 проценті – түрлі кеңестер алды.

«Сондықтан жастар ресурстық орталықтарының жұмысын тиімді деп бағалаймыз», – деді Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы қаралды.

Тұжырымдамаға сәйкес, 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастары жұмыспен қамтылады.

NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7%-дан 3,5%-ға дейін төмендейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!