«Сыбайлас жемқорлық» тіркесін естігенде көпшілікке қомақты ақша немесе пара туралы ой келеді. Бірақ мәселенің зардабы біз ойлағандай жеңіл емес, себебі шығын жоғалған қаржымен өлшенбейді. Кейде бір адамның немесе бір топтың заңсыз әрекеті тұтас елдің дамуына әсер етуі мүмкін. Бір параның артында біреудің бұзылған жоспары, бір сапасыз жобаның артында мыңдаған адамның үміті тұрады.
Алдымен әлемдегі айтулы оқиғаны алайықшы. Малайзиядағы 1MDB жанжалы оқыған адамды бей-жай қалдырмайды. 2009 жылы елде экономиканы дамыту мақсатында мемлекеттік инвестициялық қор құрылды. Алайда кейін бұл қордың миллиардтаған доллары күмәнді жолдармен жұмсалғаны анықталды. Тергеу барысында қор қаражатының бір бөлігі сәнді үйлер, қымбат заттар және басқа да жеке мақсаттарға пайдаланылғаны белгілі болды. Әрине бұл жағдай халықтың билікке деген сеніміне үлкен соққы болды.
Сыбайлас жемқорлықтың ең үлкен қаупі – халыққа ықпал етуінде. Мәселенің салдары жылдар өте келе қарапайым азаматтардың өмірінен көрінеді. Мемлекет қаржысы дұрыс пайдаланылмаса, мектеп, аурухана, жол және басқа да маңызды салалар күйрей бастайды. Халықтың билікке деген сеніміне селкеу түскен сайын, елдің дамуы да кенжелей береді.
Сыбайлас жемқорлықтың зардабы бір күнде байқала бермейді. Ол кейде көзге көрінбейтін жара секілді қоғамның тамырына жайылып, уақыт өте келе өз зардабын көрсетеді. Мәселен бүгін жасалған әділетсіз шешім ертең біреудің арманын кейінге шегеруі мүмкін. Себебі жемқорлық жайлаған жерде мүмкіндік тең болмайды. Біреулер еңбегімен емес, таныспен немесе заңсыз жолмен алға озса, адал азаматтардың сенімі әлсірейді. Ал адалдық жоғалған қоғамда оң өзгеріс баяулайды.
Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, сатып алу үдерісінің ашықтыққа көшуі, қоғамның барлық саласында түсіндірме жұмыстарының артуы жемқорлықтың жолына тұсау салғандай. Аталған маңызды шараларды атқаруда азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Сондай-ақ қоғамдық бақылау мен ашық талқылаулардың жиілеуі, азаматтардың құқықтық сауатының жақсаруы да сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруда.
Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Әділет департаменті басшысының орынбасары Ұзақбай Оразгелдіұлы сыбайлас жемқорлық тақырыбында сөз қозғады. Спикердің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру және профилактикалық шараларға басымдық берілуде. Атап айтқанда, қызметкерлерге мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптары, Әдеп кодексінің нормалары, қызметтік тәртіпті сақтау және қоғаммен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының қатысуымен семинарлар ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың салдары түсіндірілуде.
– Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру ̶ негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткізіліп, жастар арасында адалдық пен парасаттылық құндылықтары кеңінен насихатталуда. Сондай-ақ тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін «Әділет органдарының ашық есік күні» және «Әділет кеңес береді» акциялары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұл іс-шаралар азаматтардың құқықтық көмекке қолжетімділігін арттыруға және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Ұзақбай Оразгелдіұлы.
Мемлекеттік қызметкердің сөзіне сүйенсек, адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын нығайту мемлекеттік қызмет сапасын арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейтеді. Осыған байланысты облыстық Әділет департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын нығайту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.
Сыбайлас жемқорлық – бүгіннің ғана мәселесі емес, ол келешек ұрпақтың тағдырына әсер ететін құбылыс. Егер қоғам әділдік пен адалдықты таңдаса, болашаққа сеніммен қарайтын ұрпақ қалыптасады.
Зерттеулер дәлелдегендей, жемқорлықпен күресте тек қатаң жаза жеткіліксіз. Ең маңыздысы – ашықтық, бақылау және әр азаматтың заңсыз әрекеттерге төзбеуі.
Сыбайлас жемқорлық – тек ақша ұрлау емес. Ол қоғамның сенімін әлсірететін, елдің дамуына кедергі келтіретін үлкен мәселе. Сондықтан онымен күрес мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуы керек.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
