«AMANAT» партиясының белсендісі, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Ақтөре Ибрагимұлы Тереңөзек кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы Балалар ойын алаңын жөндеп берді. Демеушілік есебінде атқарылған жұмысқа тұрғындар мен балалар өз ризашылығын білдіріп, алғыс айтуда.

Аудан орталығындағы А.Иманов пен Жеңістің 50 жылдығы көшесіндегі тұрғын үйлерге жақын орналасқан Балалар ойын алаңы он жыл бұрын пайдалануға беріліп, ескірген болатын. Әрине, бұл уақыт өте келе қалыптасатын қалыпты үрдіс. Ал, ескіні жаңарту, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау – нағыз жанашыр азаматтың қолынан келеді. Осыны ескерген «AMANAT» партиясының белсендісі, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Ақтөре Ибрагимұлы алаңды сырлап, тегістеп, демалатын орындардың шатырын алмастырып, жаңа әткеншектер орнатуға қолдау көрсетті. Нәтижесінде Балалар ойын алаңы жаңа кейіпке еніп, кент көркін аша түсті.

– Өзіміз туып-өскен Тереңөзек кентінің гүлденуіне үлес қосу – азаматтық парызымыз. Қолдан келгенше бұл бағытта жақсы істерге атсалыса береміз. Балалар алаңын жөндеу арқылы ізімізден ерген іні-қарындастарымызға қуаныш сыйлағымыз келді. Олардың шат күлкісі, бейбіт күнде алаңсыз ойнауы, бос уақыттарын жақсы істерге арнауы – ертеңгі күнге сенім ұялатады. Лайым, ауданымыз дами берсін, – дейді Ақтөре Ибрагимұлы.

Өз кезегінде көше тұрғындары Балалар ойын алаңын жөндеп берген азаматқа алғыстарын айтты.

– Балалар ойын алаңы жаңарып, адамдар отыратын орынның шатыры ауысып, әткеншектер де қойылып, жақсы болып қалды. Бұған дейін де жақсы істердің жаршысы болып жүрген партия белсендісіне айтар алғысымыз шексіз. Жұмысы жемісті болсын, ел алғысын арқалай беруіне тілектеспіз,– дейді көше тұрғыны Гүлмира Төлебаева.

Айта кету керек, Сыр өңірінде жанашыр азаматтардың қолдауымен көптеген игі істер атқарылуда. Бұл жұмысқа партия белсенділері мен жергілікті мәслихаттардағы «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттар да белсене атсалысуда.

# AMANAT

#Қызылордаоблысы

#Партиябелсендісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!