Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда.
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен АРМАН керек екен адамға, – деп Мұхтар Шаханов жырлағандай арманшыл ақынның осы бір өлең жолдары маған да үнемі ой салады. Адам армандаудан шаршамауы керек. Арман мақсатқа жетелері анық. Мақсат – адамның өмірде қалыптасуына, өз орнын тауып, жақсы өмір сүруіне ұмтылдырады. Арман адамның өзін өзі тануы, бағалауы тұрығысында да өз септігін тигізеді. Ол адамды өмірге қызықтырады, шабыт береді, жігерлендіреді.
Менің де алдыма қойған мақсаттарым, асқақ арманым бар. Ол арманым – журналист болу. Мен ол мамандықты сүйемін, ұнатамын, тіпті сол салада жұмыс жасайтын адамдарды сыйлаймын және оларға қатты қызығамын.Маған кішкентай кезімнен жаңалық көрген ұнайтын еді. Теледидардағы диктордың түрі, сөйлеу мәнері, өзін өзі ұстауы, киім киісі айрықша әсер ететін. Ал өткір тілді журналистердің сөз саптауы, жедел сұхбат алғанын көріп, соларға ұқсауға тырысатынмын.
Мектеп қабырғасында білім ала жүріп, болашаққа да саяхат жасап қоямын. «…Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап…» деген Абай атамыздың сөзін болашағымның бағдаршамы деп білемін. Қазіргі кезде жастар жағы смартфон, әлеуметтік желіге байлаулы деген пікірлерді жиі естіп жүрміз. Дегенмен ол әр адамның өзіне байланысты деп ойлаймын.
Оқушы кезден газет-журнал оқығанды жақсы көремін. Үйге келетін газеттен жақсы бір мақала оқысам, сондағы өзіме ұнаған сөз тіркесін немесе әдемі ой-пікірді шағын қойынкітапшама жазып қоямын. Ал кітап оқу – менің сүйікті ісім. Қолым қалт еткенде көркем шығарма оқуға тырысамын. Үстіміздегі оқу жылында оқитын әдеби кітаптардың тізімін құрап, кітаппен бұдан да жақын дос боламын деп шештім. Өйткені журналист болу үшін сөз өнеріне жақын болу керектігін түсінемін. Журналистика мені жан-жақтылығымен баурап алды.
Менің арманым – менің болашағым. Адам өзінің ойлаған арманына ақыл-парасатымен, білімімен жетеді ғой. Еркін ойлайтын, жаңашыл журналист болғым келеді.
ДилназМолдабаева,
№100 мектеп оқушысы,
Ақсауат ауылы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!