Фото: 24.kz

Білім беру гранттарына өтінім берген түлектердің басым бөлігі «Педагогикалық ғылымдар» мамандығын таңдаған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 20 шілдеге дейін конкурсқа 100 мыңға жуық өтініш түскен. Талапкерлердің басым бөлігі құжаттарын Алматы (38 мың), Астана (20 мың) және Шымкент (6 мың) қаласының жоғары оқу орындарына тапсырып жатыр. Олар көбіне «Педагогикалық ғылымдар» (25 мың), «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» (16 мың) және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (13 мың) мамандығын таңдаған.

Білім беру бағдарламалары бойынша ең көп өтініш «Ақпараттық технологияларға» берілген – 11 мың. Екінші кезекте «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлауға» 5 мың өтініш түскен. Үшінші орында «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» мамандығы тұр. Оны 4 мың талапкер таңдаған.

Айта кетсек, грант конкурсына өтініштер қабылдау 24 шілдеге дейін жалғасады.

Құжаттарды еGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта өткізуге болады. Сондай-ақ, ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!