Зейнетақы қорындағы  қаржыны алуға болады деген ақ­пар­ кімді болмасын қуантып қойғаны рас. Көмекке мұқтаж жандар үшін бұл мемлекет тарапынан жасалған керемет сый есебіндей көрінді. Алайда Президент тапсырмасына сәйкес  Ұлттық банк пен Еңбекті және халықты әлеуметтік қорғау минстрі зейнетақыны алудың шкаласын бекітіп, халықтың қуанышын су сепкендей басты. Еңбектеніп жи­ған тергенін барлығы бірдей алмайды. Нақты айтсақ, 70-90 мың аралығында жалақы алатын қызметкерлер үшін қордан ақша алу операциясы жасалмайды. Сонымен қор­дағы ақшаны шешудің шкаласына қысқаша тоқталсақ.

20 жастағы азаматтың шотында – 1 710 000 теңге

25 жастағы азаматтың шотында – 2 090 000 теңге

30 жастағы азаматтың шотында – 2 518 000 теңге

35 жастағы азаматтың шотында – 2 961 000 теңге

40 жастағы азаматтың шотында – 3 437 000 теңге

45 жастағы азаматтың шотында – 3 947 000 теңге

50 жастағы азаматтың шотында – 4 495 000 теңге

55 жастағы азаматтың шотында – 5 084 000 теңге

59 жастағы азаматтың шотында – 5 586 000 теңге болуы тиіс. Көрсетілген  жас мөлшеріндегі суммаларды тарқататын болсақ. Мемлекет кәмелет жасқа толған азаматты жұмыспен қамтамасыз ететін болса, 2 жылдың ішінде  1 710 000 теңге зейнетақы қорына жинау үшін ай сайынғы жалақысы 712 500 теңге болуы тиіс. Жоғары оқу орнын тәмамдап, мамандығын айқындап алған жастар кем дегенде 20 жасынан бастап жұмысқа орналасқанын есептейтін болсақ, 5 жыл ішінде 2 090 000 теңге жинау үшін бір айлық еңбекақысы кем дегенде 348 330 теңге болуы шарт. Мұндай шкала мемлекеттік қызметте немесе қарапайым жұмыс істейтіндерді қуантпай тұр. Дамушы мемлекеттерден үлгі алғанды құп көреміз. Мысалы, Малайзияда  зейнетақы қоры алудың ережесі тіпті бөлек. Біздің елдегідей шектеу жоқ. Қажылыққа барғысы келген адамды толығымен қаржыландырады. Яғни кез келген адам Меккеге зейнетақы қорындағы ақшамен барып келе алады. Сингапурда зейнетақы қорына жиған тергенін тұтастай  үй алуға жұмсауға рұқсат берілген. Сондай-ақ аталған елде «зейнет ануитеті» деген ұғым бар. Соған сәйкес зейнетақы қорында жеткілікті көлемде қаражат жиналған болса, кез келген адам зейнет жасын күтпей, зейнетке шыға алады. Бұған қоса бұл адам зейнет ануитеті арқылы есепшотындағы қаржысын сақтандыру қорына аударып, ай сайын қомақты көлемде пайыздық мөлшерлеме алу мүмкіндігіне ие болады екен.

www.enpf.kz порталның ресми дерегі бойынша  зейнетақы қорындағы салымшылардың саны 11 млн 560 мың. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, 2021 жылы зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін 721 мың азамат алу мүмкіндігіне ие. Көрсеткішті пайызға шақсақ елімізде 1,6% салымшы қордан қажетті қаражатын пайдалана алады. Бұл көрсеткіш зейнетақы қорындағы қаржысынан  үмітті халықтың 98,4 пайызы үміт үзу керек екенін меңзейді.

                                                                 Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!