Өнер жастың ғана емес, бүтін қоғамның сана деңгейі мен таным-түсінігінен хабар беретіні анық. Әсіресе, ән өнерінің әлемі адамдар арасындағы байланысты нығайтып, мәдени болмысты қалыптастыруға жол ашады. Алайда соңғы уақытта қазақ эстрадасындағы арзан әуен, мәнсіз сөздің бағыты бұл бағаға кереғар секілді. Кей әннің ығырыңды шығаратын ырғағы мен мазаңды қашыратын мазмұны аталған тақырыпқа қалам тербеуге түрткі болуда. Бүгінгі эстраданың аяқалысы мен ән сөзінің салмағын таралап көрелік.

Шынында, “эстрада жұлдызы” атанып жүрген әншілердің арзан әнге құмартқаны жасырын емес. Әуез шалалығын айтпағанда, ән сөзінің салмағы аз, қабыспайтын тұсы көп. Тіпті кейбірі мұндай қадам танымал болудың төте жолы деп түсініп, бір-бірінен өткен сорақы әндерді жарыққа шығаруда. Әбедепкіде мағына алшақтығы байқалса, бүгінде бейпіл сөз, жосыңсыз әңгіме де ән сөзінен байқалып жүр. Әрине, мақал қосып, әсірелеу заман талабы емес шығар, десе де салмақты сөзге әлі сұраныс барын ұмытқандаймыз.

Бір қарағанда болмашы дүние көрін­генімен, мәселенің мәні тереңде. Миллион­даған тыңдар­манға жол тартқан өнер туынды­сының эсте­тикалық деңгейі төмен, мағын­а­лық мәні жұтаң болуы –  өрескел қателік. Себебі дүние­танымы енді қалып­тасып келе жатқан жас буын әндегі орынсыз сөз саптауды «норма» деп қабылдап, тіпті өзара сөйлеу стиліне енгізуі ықтимал. Өйткені, өнер қоғамды тәрбие­леуші негізгі құрал емес

пе?!

Әр сөзі қатеге тұнған әндердің мысалын алыстан іздеудің қажеті шамалы. Той-томалақ пен «хит» әндердің мәнін талдау жеткілікті. Бүгінгі шырқалып жүрген мағынасыз әндердің бір бөлігіне КешҮOU тобының «Swala La La», «Диета КZ» тобының «Че там, қарындас?», Кентал есімді әншінің «Құдағи», Бейбіт Қошқалиевтің «Лаула» сынды әндерін жатқызуға болады. Асхат Тарғынның «Чип-чипін»-нен енді ғана айыққан эстарадада ұйқас пен буыннан ада әндер қайта қаптауда.

Мысалға келтірген Кентал есімді әншінің «Құдағи» әні жиын-тойда міндетті түрде қойылатыны анық. Көбіміз мәні мен мағынасы жоқ сол әуенге елітіп, лепіре билеуге әуеспіз. Жұрт құмарта билейтін сол әннің сөзінің сиқы мынау:

«Жігіт жолдас осылай

 билейд(і),

Қыз жолдас осылай

билейд(і),

Інілер осылай

 билейд(і),

Қарындастар осылай

билейд(і),

Әпкелер осылай

билейд(і),

Аналар осылай

 билейд(і),

Анам осылай

 билейд(і),

Әкем осылай

 билейд(і).

Құрбы-достар билеп

 тұр,

Туысқандар билеп тұр,

Құда өзі билеп тұр,

Бірақ бір кісі билемей

отыр.

Құдағи, құдағи бір би,

Құдағи, құдағи бір би,

Бір партия.

Құдағи, құдағи бір би,

Құдағи, құдағи бір би».

Расында сорақы. Талғам-түсінікті былай қойғанда, кәсібилік деген ұғым бар емес пе?! Мұндай мәндегі әнге басымдық берген орындаушының шығармашылық әлеуеті мен өнерге көзқарасы туралы салмақты баға беру мүмкін еместей. «Аяқты қимылдат», «Че там қарындас», «Титтей», «Кетті, лақты ол, тыңдамай», «Ақ көйлегім бар дейсің…» деген сықылды әндер халықтың санасын улап, талғамын түсіріп келеді.

Әншілердің басым дені мұндай өкпе-назға «Халықтың деңгейі осы болған соң, біз де соған сай ән жазамыз» деп жауап беруде. Алайда халықтың талғамын қалыптастыратын өнер адамдары екенін ұмытқан секілді. Өнері мен жүріс-тұрысы арқылы үлгі бере алса, қай қоғам болмасын өзге сатыға көтерілері анық. Кез келген адам композитор, ақын деген статусты иеленіп, өзім білемдікке салынған тұста бұл ұстаным да көмескіленуде. Ән өнерінің бағасын арзандатып, тақпақ пен өлеңнің аражігін ажырата алмау осыған әкеліп отыр. Арзан күлкі, орынсыз сөзден халық тез жалығып, өзге әнді күтуге көшеді. Содан болар, бұл бағыттағы әндердің қатары қалың. 

Оған қоса «хит» музыка ырғағы жылдам, сөзі тез жатталатын, айтуға ыңғайы болу керек теген қасаң қағида да өнерді кенжелететін секілді.

«Халықтың сұранысы, талғамы осы болған соң қайтеміз?» деп ақталады көп әнші. Пайда тапсақ болды деп пайдасыз дүниелерді халыққа ұсынуды қашан қояды екенбіз?! Талғамымыздың мұншалықты төмен-дегеніне таңғаламын кейде.

Сонымен қатар мәнсіз сөз тек той-томалақтағы әндерде емес, жастардың сүйіп тыңдайтын заманауи бағыттан да байқалады. Мәселен, танымал  Ninеty One тобының әндері де оңды-солды қолданып, киелі өнердің қадірін кетіруде. Бұл олардың музыкалық қабілеті мен эстетикалық талғамына берілген баға емес. Жай ғана сөз өнерінің салмағын жеңілдеткен ән сөзіне қатысты ұстаным. Топ орындауындағы «All i need» әнінің алайық. Онда мынадай өлең жолдары кездеседі:

«Мен ұқпаймын не

 ұнайды,

Тым қиын талдап

көрсең.

Біресе былай,

біресе былай,

менің жүрегім –

Алдар Көсе!

Түйсігім дана көсем,

«тек ми ісіткен бала

өсер».

Сүйсінген адам өзіне

– қисығын балап төзеді!

Жасыратын несі бар,

көп жастың қалтафонында осы мәндес заманауи әуен жетерлік. Осы орайда қызылордалық жас әнші Болатбек Әмірханнан неліктен мұндай әндерге сұраныс жоғары екенін, жастардың осы мазмұндағы шығармаларға әуестігі туралы пікірін білген едік. 

– Аталған әндерді мен де тыңдаймын. Ол шығармаларды тойда орындағанды, бейнежазба мен әлеуметтік желіде қолданғанды ұнатамын. Алайда бұл өлең-сөзге немқұрайлы қарау дегенді білдірмейді. Бұл жастармен бір толқында болуға, көптің ой-сезімін түсінуге мүмкіндік береді. Ал ән сөзінің мағынасының арзандауы ғаламдық құбылыс. Бұл үрдіспен құзіретті мекеме айналысуға тиіс. Арнайы комиссия құрылу керек те шығар. Сонда ғана қоғамдық талғам қалыптасады деп ойлаймын, – дейді жас әнші.

P.S. Технологиялық игілік емес, өнер ғана адамзаттың интеллект деңгейін өрістетеді. Жандүниемен жалғасқан әуен, сурет, сөз – ұлы ойларды тударуға қауқарлы. Сондықтан қоғам үшін қай өнердің болмасын «халтурадан» ада болғаны пайдалы.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!