Музыка – өмір. Онсыз өмірді елестету мүмкін емес. Қаншама ғасырлар бойы адам баласы түрлі аспаптан түрлі сазды дыбыстар шығара отырып, өз сезімін, қайғы-мұңын жеткізіп келеді. Тіпті шайқастарда батырларды түрлі күйлермен рух беріп жігерлендірген. Дүниеге келген сәбиді әлди-әлди деп бесік жырымен ұйықтатып, тыныштандырса, адам дүниеден озғанда оны жоқтау айтып шығарып салады. Музыка өмір дегенімнің мәнісі де осында.

Шынымды айтсам, мен музыка тыңдасам, басқа әлемге еніп, бүкіл мәселемді ұмытып, қиял жетегінде қанша уақыт өткізгенімді тіпті сезбей де қалам. Әуеннің әр дыбысына мән беру бұл – керемет сезім.  Ең қызығы,  бұрын бала күнімде тыңдаған әндер есіме түссе, елжіреп, сол уақытты аңсап, ерекше көңіл күйде қалқып жүргендей әсерленемін.

 “Музыка – жүрек тілі, ол – сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Ол дыбыстар арқылы бейнеленген жан сарайы.” (А.Н.Серов). “Музыканың жұмыс салдарынан пайда болған шаршағанды ұмыттырып, өзіне баурап әкететін қасиеті болады. Ол бізге осы жұмыстың зардабына шыдауға, төзуге көмек береді.” (әл-Фараби). Ұлылардың осынау сөздеріне алып-қосарым жоқ.

Меніңше, ән, музыка – өміріміздің бір бөлшегі, онсыз өмір түссіз, мәні жоқ нәрсеге айналады. Өмірімізге бояу беретін музыканы тыңдайық.

Дана ӘБДІМӘЛІК,

№101 мектеп-лицейдің оқушысы