Шамамен бастауыштан асқан «балдырған» шағымыз. Сыныбымызда ерекше дәстүр пайда болды. Кім бірінші бастағаны, кім ойлап тапқаны әлі күнге дейін белгісіз. Бір күні қоңыраудан шуылдасып сыныпқа жүгіріп келсек, ақ параққа ұзыннан жазылған хат үстелімде тұр екен. Алланың атымен басталатын хаттың соңы әрдайым осыған ұқсас аяқталады: «Егер осы хатты оқып болып, 7 адамға таратсаң, тілегеніңнің барлығы орындалады, бақытты адам боласың. Ал соңына дейін оқып, ешкімге таратпасаң, жолың болмайды, сәтсіздіктер орын алады. Жақын арада анаң қайтыс болуы мүмкін». 10 адамға таратуды сұрайтыны да бар. Осы тектес хаттар сыныптастарымнан келіп тұрады. Балалық аңғалдық па, қорқыныш па, кім білсін… Міндетті шаруамызға айналды. Үмітке Наурыз берсе, Наурызға Мұратбек жазса, Мұратбекке Мәулен берсе… сонда Мәуленге хатты таратқан кім? Бірінші кім жазған? Бұл жауапсыз сұрақтың бірі болып қалды.
Не керек, сыныптағы 2-3 адамға осы хат келсе, қалған 20 адамға 10-10-нан таратылып шығады. Оны қаламмен мәтінін өзгертпей жазу керек. Сосын хаты жоқ адамды тауып, таратып беру керек. Айналып келгенде, бәрі сол «бақытсыз боп қалмаудың» машақаты сынды. Бір күні сыныпта хат тарататын адам қалмады. Себебі бәрімізде бір-біреуден бар.
– Жоғары сыныптарға таратып келейікші.
– 10 адамға жетпей қалса не болады екен?
– Әй, ақымақ, бақытты болу үшін 10-ға жеткізу керек.
– Тура 9 болып тұр.
Иә, уақыт өте аты-жөні де, адресі де белгісіз «бақыт таратушының» хаттары әр сыныптан, әр оқушыдан табылатын болды. Бақытты таратқан хаттардың авторы құдай секілді. Арада қанша жыл өтті. Сонда хаттың құдіретіне сеніп, таратқан балалар, неге сонша бақытты керек еткенімізді білмеймін. 10-10-дап таратқан хаттардың иесі де табылмады. Таратпай қалған күндердің нәтижесінде, қырсық шыр айналдырып, сәтсіздікке ұрынғанымыз да жоқ. Құдайды да, өзін де танымаған бала сенім нағыз бақыт – өткен күнде де, болашақта да емес, өзі сүріп жатқан өмірдің әрбір сәтінде екенін, бақыттың ешқандай дүкенде сатылмайтынын, ешбір хатпен, поштамен таратылмайтынын қайдан білсін?!

Дина БӨКЕБАЙ

фото baribar.kz/

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!