Қазақконцерт елордалықтарды «Сүлейлердің ізімен»  атты жаңа концертпен қуантты.

Бұл кеште Қазақконцерт артистерімен бір­ге жыр елі атанған Сыр өңірінің талантты ақын-жыршылары өнер көрсетті. Өнер сүйер қауым ұлттық құндылықтар мен халқымыздың бай әдеби мұрасы жырланған ерекше кештің куә­гері болды. Концертке қатысушылардың бірі, Қазақконцерт солисі Күнсұлу Түрікпеннің айтуын­ша, Сыр бойы ақын-жыршыларының «сүлей» деп аталуында үлкен мән бар. «Тума та­лант» деген мағынаны білдіретін сүлей сөзі Сыр өңірі жыршыларының басты ерекшелігін көр­сетеді.

– «Сүлейлердің ізімен» жыр кешінде Жамбыл Жабаевтың, Кете Жүсіптің, Тұрмағамбет, Нартай, Базар сияқты ақын-жыраулардың шы­ғар­­малары дәріптеліп, ұлттық өнеріміздің өзекті тақырыптары көтерілді. Ұлттық, тәрбиелік және танымдық мәні зор шығармалардан тұра­тын бұл концерт Тәуелсіздіктің 30 жылдық ме­рей­тойына арналады, – деді Күнсұлу Түрікпен. Жырдан шашу шашып, Сыр сүлейлерінің дәстүр сабақтастығын жалғаған жас жыршы-ақындар еліміздің бай мәдениетін, шежіре-тарихын өнегелі жырмен жеткізді. Белгілі жырау ұстаз, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов бастаған талантты жыршылардың өне­рін көрермен қауым зор ықыласпен қабылдады. Қазақы жыр мен дәстүрлі өнерге арналған «Сүлейлердің ізімен» концерті жаңа форматта өтті. Оның басты ерекшелігі – көрермендер кон­цертті артистермен бірге сахнада отырып та­ма­ша­лап, концерттің тікелей қатысушысы бо­ла алды. Қазақконцерттің жаңа 61-концерттік мау­сымындағы бұл кеш тыңдарман қауымға нағыз рухани демалыс сыйлады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!