Жеке дара өнер көрсету мен топ болып төбе көрсетудің айырмасы жер мен көктей. Бір ғана өнер иесі сахнада талантын танытса, оркестранттар «өзім-өзімге» салынбай, шығарманы шыңына жеткізіп орындау үшін барын салады. Бір орындықта тапжылмай отырып, екі көзін дирижер қимылына бағыттап, өзі де ырғақтан ыршып түспей, нотаны жүрегімен сезінуі шеберлік. Бұл – тәжірибемен келетін кәсібиліктің көрінісі. Музыка саласының сырына терең үңілу үшін өңірдегі камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі Анар Жаңбырбаевамен әңгіме құрған едік.

– Өңіріміз өнер өкілдерінен кенде емес. Сондықтан камералық оркестрдің құрылу тарихына тоқталсаңыз. Жалпы құрамда қанша адам бар?
– 2014 жылы облыстық филармонияда камералық оркестр ашылды. Содан бері киелі сахнаның киесін ұғынып, өнер көрсетіп жүрміз. Қазіргі таңда құрамда 27 адам бар. Жеткен жетістігіміз де аз емес. «Әуен Фест» камералық оркес­трлердің рес­публикалық фестиваль-конкурсында екі рет лауреат атандық. Бұдан бөлек, еліміз бен Еуропада, Венгрия мен Түркия, Босния мен Герцеговинада гастрольдік сапарда болдық.
Көппен бөлісетін ақжолтай жаңалығымыз – симфо­ниялық оркестрдің құрылуы. Бас дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор – Мүсілім Әмзе. Сәрсенбінің сәтті күнінде салтанатты кешті өткізіп, концерттік маусымның ашылуын абыроймен атқардық.

Сазгердің сырлы әуенін орындауда талғам керек. Сахнада қай шығармалар орындалады?
– Музыка өнерінің майталманы Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасы орындалды. Бұл туынды 1941 жылы жарық көрген. Десе де біраз орындалмай, архивте тұрып қалған. Көңілге түрлі ой салатын шығарманың шаң басып қалуына жол бермей, қайта жаңғырту керегін әркез қаперде сақтаймыз. Сондықтан талғам мен таңдау осы туындыға түсті. Лирикалық саз бен трагедиялық әуеннің тоғысуы тыңдарман көңілін толқытып, жүрегін тебірентетіні анық. Дирижер Мүсілім Әмзе кітапханадан оркестрге жазылған ноталарын тауып, Алматы қаласында бірінші болып орындаған. Негізі қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармасы көпшілік назарына ұсынылады.
Әуен әуезді, ырғақ пен дыбыс таза қалыпта шығу үшін аспаптың сапалы болғаны маңызды. Құрамның аспаптармен жабдықталуы қай деңгейде?
– Филармония аспаптарды тапсырыс беріп немесе тендерге түсіп сатып алады. Бірақ тендерден алу тиімсіз. Өйткені, басты мәселе тендерге аспаптың арзаны қойы­латындығы. Сондықтан, үн үздіксіз мөлдір шығу үшін аспапты ойнап, тексеріп таңдау керек. Десе де облыстық филар­монияның басшысы Талғат Мақашов пен орынбасар Азиза Іздіқұлова жұмыстың жандануына жұмыла кірісіп, дамуы үшін дамыл таппай еңбек етеді. Мұның өзі оркестрді өрге сүйрейді.
– Қазір ұлан-асыр той мен мерекелік кеште классикалық музыканың орындалуына қалай қарайсыз? Сіздің ше бұл өнердің ұлықталуына әсер ете ме?
– Тойға шығатындарды оркестр емес, кіші ансамбль деген жөн. Себебі, оркестрде 28-30 немесе 120 адамға дейін өнер көрсетеді. Ансамбль құрамында квартет – 4 адам, арасында квинтет – 5 адам немесе сестёр – 6 адам болады. Бірақ қай-қайсысы да адамның қызығушылығын оятып, классикалық музыкаға құлақ түруге бейімдейді. Сондықтан көпшілік жиналған жерде музыканың орындалуын қолдаймын. Бұл өнерді өміршең етеді. Демек, мұны классикалық музыканың жарнамасы деп қарастыруға негіз бар.
«Титаник» трагедиясында өлім алдында өнерін тоқтатпаған сегіз музыкант жайында айтылады. Жалпы оркестр мен музыканың құдіреті жайында не дейсіз?
– Иә, кеме суға кетіп, адам жанын мұң кемірген сәтте музыканың үнін үзбегендер жұрт жадында. Өмір мен өлім арасындағы қыл көпірде көптің қайғысын әуенмен ұмыттырғысы келуі ерекше, әрине. Кейбірі аман қалудың амалын іздегенде, аспабын тастамай әуелетуі әсерлі. Бәлкім, бұл өнерге деген құрмет! Сайып келгенде, классикалық музыка – адам жанының емі. Музыка – мәселені ұмытуға, тыныштық табуға, сананы серпілтуге ықпал етеді. Сондықтан оның құдіретіне күмән келтіруге болмас.
Үнде үйлесім болғаны маңызды. Сонда туынды тыңдарман құлағыңа жетеді. Орындау кезінде оркестрдгі өнер өкілдері бір-біріңізді қалай ұғынасыздар?
– Орындауда іркіліс байқалмасы үшін әрбір маман бір-бірін сөзсіз түсіну керек. Ол жерде дабырлап сөйлеп, белгі беріп, ым-ишара жасалмайды. Әркім өзінің түйсігіне, сосын дирижердің қол қимылына мән береді. Яғни, шатасу мен жаңылуға мүмкіндік бермейтін математика деп айтар едім. Оркестранттар секунд сайын санап отырады, соның нәтижесін дирижер көрсетіп тұрады. Дирижердің басты рөлде болатыны да сол. Демек, оркестранттар бір сәтте тұтас ағзаға айналады.
Біразы ән айтуға құмар, әнші болуға әуес. Қалай ойлайсыз, жастар оркестр музыканты болуға қаншалықты қызығады?
– Өмірінің өзегін музыка деп білетін жас өнер өлкесіне енуге асығады. Талант пен талаптың үдесінен шыққан шын өнерлінің өрге жүзетіні де ақиқат. Егер оркестрге қызықпайтын адам болса, біз бүгінгі жетістікке жете алмас едік. Тек өнер мектебін жандандырып, жастарды тартуға атсалысу керек. Алғашқыда аймақта камералық оркестр Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен ашылды. Бүгінде жұмыс жүйесіз емес. Бірақ, штатты толықтырып, қадр мәселесін реттеу маңызды. Мәселен, музыка мектебінде скрипкада оқығысы келетіндер көп. Дегенмен дәріс беретін мұғалім аз. Өңірдегі музыкалық колледж бен өнер мектебі, филармония берік байланыстамыз. Енді штат пен кадр ісін жолға қойсақ, талай дарынды өнерпаз дайындауға қауқарымыз жетеді.
Мамандар қай жақтан жиналған?
– Бір қызығы, кейде дайындық жұмысын желіге жүктейміз. Сонда кері байланыстың болатыны бізді қуантады. Яғни шебер музыканттар оркестрімізде өнер көрсеткісі келетінін айтып, жылы лебізін білдіреді. Сондықтан үй мәселесі шешімін тапса, олар өңірде өнер көрсетуге дайын. Біз тарапымыздан аймақ басшысына осы жайында ұсыныс айтып жатырмыз. Облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова да бұл ойды құптап отыр. Жалпы атқарылған ауқымды істер оң нәтиже беруде. Аймақ басшының қолдауы мен қамқорлығы өнер саласын ілгерітуде.
Әдемі әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!