Подкаст – қазақы санаға әлі толық сіңе қоймаған термин. Оның шығу тарихы жайлы әртүрлі пікір бар. Бүгін соған аз-кем тоқталып өтсем.

Бұл терминді қазақстандық қолданушылар жиі айтатын болып жүр. Танымал подкаст тыңдау жүйелерінде де түрлі тақырыптағы қазақша контент кездесіп қалатынын байқадым. Осы орайда еліміз бойынша алғаш подкаст орталығын ашқан Елдар Құдайбергеновтің пікірін білген болатынбыз.
– Подкаст идеясы екі мыңыншы жылдардың басында пайда болды. Бұл технологияны қолданушылар 2001 жылы тестілеп көрген болатын. Жалпы, подкаст – жанр емес, технология. 2004 жылы The Guardian журналистері подкаст туралы жазып, бұл технологияны қалай атау керек екені туралы мәселе қозғады. «Интернеттегі аудио блогингке жата ма, әлде басқаша атау керек пе?» деген дүние сөз болып, ақыры «подкастинг» деген атау қолданылды. Себебі бұл технологияны жасауда iPod сияқты гаджеттер пайдаланылатын. Уақыт өте келе жеке қолданушылар мен БАҚ подкастың не екенін дұрыс түсініп, ыңғайлы, пайдалы дүние түрінде қолдана бастады. Осы тенденция технологияның танымал болуына кетуіне ықпал етті. Мәселен, ресейлік медиа «Meduza» подкаст жүргізді. Осының арқасында технология орыс тілді ақпарат кеңістігінде сұранысқа ие болды. Тура осындай жағдай дамыған елдерде де қалыптасты. Қазақ­станда кейінгі жылдары подкаст тыңдау танымал болып келе жатыр. Бірақ біздегі көрсеткішті дүниежүзімен салыстыруға келмейді. Подкастинг – Қазақстанда енді пайда болып жатқан технология. Қазір отандық подкасттардың танылуына әлеуметтік желі зор ықпал етеді. Себебі қолданушылар көп жағдайда қандай да бір подкастпен өзі оқитын парақшалар арқылы танысып, тыңдап жатады. Әрине, әлеуметтік желіде танымал болмаса да, басқа маркетинг жолдарымен тыңдарманын көбейтіп жүрген подкастерлер де бар, – дейді ол өз сөзінде.
Подкасттың ең ыңғайлы тұсы – оны басқа жұмыспен айналысып отырып та тыңдауға болатыны. Уақытты бос кетірмей, жаяу жүргенде, спортпен айналысқанда, тамақ істегенде, көлікте тыңдауға ыңғайлы.
Бұл тұста мақсатты айқындау да өте маңызды. Қолданушы «осы жасаған дүнием көп адамға танылса, аудитория жинасам» деген ниетте болса, бір бөлек. Ал «адамдарға шынымен пайдалы болатын дүние жасап шықсам» деген мақсат мүлде басқа.

Аида АЙТБАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!