Сыр өңірі тума таланттарға кенде емес. Оның ішінде талайға таңдай қақтыртқан күміс көмей әншілер – бір төбе. Ата-бабадан жалғасқан киелі ән өнерін келер ұрпаққа жеткізіп, өткен мен бүгінді жалғастырып, өзіндік үнімен сахнаның төрінен орын тапқан әнші Руслан Садықовтың шығармашылығына 20 жылдан асып барады. «Ел мақтанышы» номинациясының иегері, 2022 жылы «Дүние таланттары» одағының мүшесі, әнші Руслан Бекарысұлымен шығармашылығы мен жаңалықтары жайында сұқбаттасқан едік.

– Руслан Бекарысұлы, балалық шағыңыз туралы сөз етсеңіз…

– Сырдың тау-тасында да, топырағында да кие бар секілді, қай ауданы мен қай ауылын алып қарасақ та, талантқа бай. Өзім Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келдім. 1989 жылы Жданов атындағы орыс мектебінің табалдырығынан аттап, білім алып жүрген тұста ұстаздарым талантым мен талабымды байқай бастады. 1993 жылы аудандық «Әнші балапан» байқауына қатысып алғаш рет жүлделі болдым. Араға жылдар салып, 1997 жылы Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясының директоры Ж.Қарабалаевтың жетекшілігімен Эстония Республикасының астанасы – Таллин қаласында өткен «Аплаус» халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне Қазақстанның атынан қатысып, жүлделі ІІ орынды иелендім. Сол кездегі елдің атынан шыққан сезімді, жеңіске жетудің эмоциясын жеткізу мүмкін емес. Қатты қуанғаным есімде. Сол жыл менің жеке шығармашылық даму жолымда жемісті жыл болған еді. Мектеп қабырғасында жүріп облыстың үлкен концерттерінде, еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алдында өнер көрсетіп, халық ықыласына бөленіп жүрдім. 1998 жылы Шымкент қаласында өткен халықаралық Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты жас орындаушылардың ән конкурысына қатысып, «Жас орындаушы» номинациясымен марапатталдым. Кейін Қызылорда қаласындағы музыкалық колледжде оқыдым. 2001 жылы тұңғыш рет елордамыз Астана қаласында өткен 10-шы Республикалық «Жас Қанат» әншілер конкурсында Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін ерекше нақышта орындап, жүлделі ІІ орынға лайық деп танылдым да, «Күміс Қанат» иегері атандым. Міне, сол кезден бастап кәсіпқой музыкант, жас әнші ретінде республикаға танылып, ірі шығармашылық жобалармен, танымал өнерпаздармен жұмыс істей бастадым. 2003 жылы Қызылорда музыкалық колледжін тәмамдап, Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Музыка Академиясының «Эстрада және Джаз» факультетіне Е.Коробейникованың класына оқуға түстім. Дегенмен жиырма жыл ән өнерінде жүрген адам үшін сахнадан артық биік табалдырық, көрерменнен артық сыншы жоқ.

– Өнер жолын таңдауыңызға не түрткі болды?

– Өнер жолына кез-келген адам ананың қанымен, Алланың берген дарынымен келеді. Барлық адам дарынды. Алайда кез келген жетістіктің, тарихи сәттің артында ондаған жыл бойы төгілген тер, шыдам, сыни көзқарас, жігер, өлшеусіз еңбек тұрады. Мақсатқа оған жету жолынан өте алғандар ғана жетеді. Адамды адам еткен еңбек деген тәмсіл бар. Демек біреудің біреуден артықшылығы – еткен еңбегінде, жылдар бойғы тәжірибесі мен жиған білімінде.

Менің музыкалық өнерім балалық шағымнан басталды. Кішкентай кезімнен «Әнші балапан», «Жас Қанат» конкурстары арқылы сахнаны серік қылып, талапты еңбек арқылы ұштастырдым. Ән өнері жаныма ең жақын дос болып, уақыт өте болашағыммен байланысты екенін ұғындым. Қалған өмірімді де өнерсіз елестеткім келмейді.

– Әу демейтін қызылордалық жоқ. Әншілерге белгілі бір критерий қоятын, сын айтатын кәсіби сыншылар бар ма бізде? Өзіңіз сынға қалай қарайсыз?

– Кәсіби, сапалы сын айтылса, әрине, оны қабылдай білу керек. Сынмен жұмыс істеу керек. Сын деп отырғанымыз әлеуметтік желідегі смартфон ұстағанның әрқайсысы жазып кететін пікірлер емес. Әншіге, кез келген өнер адамына жаңа туынды немесе жасаған жобасына қатысты сын айтылса, несі айып?! Өзім жақсы қараймын, қабылдай аламын. Ал өңірде ән өнеріне қатысты сын айта алатын кәсіби мамандар жоқ емес. Музыкалық колледждегі вокал бөлімінің меңгерушісі, музыкант Феруза Арғынбаева апайымызды атап өтсем болады.

– Сұқбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Дина Бөкебай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!