Сазды аспаптар, оның ішінде көне аспаптар халықтың рухани қорын байытуда, музыка деген мәдениет әлемінде ерекше орын алады. Сан ғасырлар бойы өң тұлғасында бірталай сыр шертіп, тарихнамаларды тарту етіп, шежірелерді жырлап келген ұлттық аспаптардың әлі де айтары көп сияқты. Бұл көне аспаптардың қайта қалыпқа келуі, оралуы өте қиын болды. Қалпына келуі оңайға түспеген аспаптардың бірі – шертер.

Шертер – үш ішекті, шертіп ойнайтын, қазақтың аспаптық музыка мәдениетіндегі көне аспаптардың бірі. Көбінесе ән-жыр, дастандарды қостауға арналған, бақташылар арасында кең таралған аспап. Қариялардың айтуына қарағанда бұл құралдың ерекшелігі мынада: шертердің құрылысы мен формасы негізінде домбыраға ұқсас болған, мойны қысқа, қыл ішек тағылған, үлкендігі қобыздай. Қырғыздың комузы секілді шертер де пернесіз.
Шертерге үш ішек тағылады және ол мынадай негізгі үш бөлімнен тұрады: аспаптың шанағы, мойны және басы. Шанағына жататын бөліктер – бет қақпағы, шанағы (кеудесі), тері, тиек және ойық. Жетілдірілген шертердің мойнында пернелер тізбегі саны 22 (ал көне шертерде пернелер болмаған). Аспап үш ішекті болғандықтан, үш құлағы бар. Шертер шанағының төменгі жағында үш түймесі бар. Түймелерге үш ішек бекітіледі. Шертердің ең негізгі ерек­шелігі оның шанағының жартылай терімен қаптал­ғанды­ғын­да, осы терінің сапасына байланысты дыбыс тербелісі де әртүрлі болады. Оған ешкі мен түйенің терісі иленіп, өңделіп тартылады.
Ұлттық өнерді дамытудың алғаш­қысы өзің жетік меңгеріп, білгеніңді кейінгіге үйрету. Яғни әр өнерпаз өзіне шәкірт дайындай білуі керек. Ұмытылып бара жатқан көне дәстүр халық арасында кеңінен насихатталуы керек. Соның нәтижесінде ол әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Қазақтың көне музыка мұраларын байыптап зерттеген сайын біздің ұлттық мәдениет тарихымызға жаңа дерек, жаңа мәліметтер қосыла түспек. Ондай деректерді әлі де болса іздей түсу, қауым болып қолға алатын келелі мәселе. Көне аспаптарда ойнауды үйренуге ықыласты жастарға білгенімізді айтудан жалықпауымыз абзал. Білген дүниемізді келешекке бөлісіп отырсақ, өзіміз де шынығамыз, кейінгілермен тәжірибе алмасамыз, өзімізге деген талабымыз күшейеді, шеберлігіміз артады.

Шолпан ЕСПЕНБЕТОВА,
Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі
«Халық аспаптары» бөлімінің оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!