Фото: «ҚазАқпарат» ХАА

Jibek joly телеарнасының «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы көрерменге жол тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жоба – халықаралық бала асырап алу жайындағы көпсериялы деректі фильм. Бағдарламада шетелдік отбасылар асырап алған қазақ балаларының тағдыры баяндалады. Балалармен таныса отырып, уақыт өте келе олардың дүниетанымы қалай өзгеретінін, туған жеріне, тіліне, кіндік қаны тамған өлкеге тартылыс күші қаншалықты мықты болатынын білетін боламыз.

Жобаның мақсаты – Қазақстанда бала асырап алу мәдениетін қалыптастыру, еліміздің болашағына ықпал ететін рухани және отбасылық құндылықтарды насихаттау.

Осы бағдарлама арқылы сыртқа ағылған қазақстандық жетім балалар мен Қазақстан арасындағы байланысты орнату, туған елден жыраққа кеткен бүлдіршіндермен қарым-қатынасты үзбеу көзделіп отыр. Отан туралы олар не біледі? Елмен оларды не байланыстырады? Өз тарихын, түп-тамырын түсіну жасөспірім үшін неге қажет?

Бағдарламаның екінші маусымын түсіру үшін телеарна ұжымы АҚШ-тың 13 штатына барып, осы алып елде алғаш рет үлкен ауқымды түсірілім жүргізді.

Калифорниядан бастап, Нью-Йоркке дейін, «Шетелдегі қазақ балалары» қандай оқиғалармен бөлісті? – Jibek joly арнасындағы көпсериялы деректі фильм әңгімелейді.

Жоба көрерменге 25 қыркүйекте жол тартады. Эфирге шығу кестесі: дүйсенбі және сейсенбі күндері, сағат 14.00-де.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!