Балаға арналған қазақша контенттің сапасы да, саны да маңызды. Себебі жаһандану дәуіріне қадам басқалы техника мен ғылымның тілі де қазақшаланып келеді. Ал өзін де, әлемді де енді танып келе жатқан бала санасына мұның маңызы зор. Осы орайда бірер жыл бұрын «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тілінде дубляждалған анимациялық туындылар тізімін ұсынамыз.

«Батыл жүрек» – Pixer және Walt Disney Pictures компаниясы 2012 жылы шығарған компьютерлік мультфильм. Басты рөлдерді Іңкәр Әбдіраш, Төлеубек Аралбай, Айжан Дәулетбақова, Гүлжамал Қазақбаева дыбыстайды.
Шотланд тауларының тылсымға толы сілемдері туралы ғасырлар бойы неше түрлі аңыз-әңгіме айтылып келеді. Садақшы ханшайым Мерида тағдырын өзі шешемін деп жүріп, шотланд тайпаларының арасында жанжал туғызуға себепші болады. Мериданың қатесінен бүкіл патшалыққа қауіп төнеді. Қыз аңызда ғана айтылатын сиқыр, дуаға кезігіп, тауда өмір сүретін құбыжыққа жалғыз қарсы тұрады.
«Моана» – Walt Disney Animation Pictures компаниясы 2016 жылы шығарған толықметраж мультфильм. Басты рөлдерді Мақпал Исабекова мен Бүркіт Жансейітов дыбыстайды.
Аталған анимациялық фильмде Тынық мұхитындағы кішкентай аралда мекендейтін тайпа көсемінің қызы Моананың бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Ол кішкентай кезінен саяхаттауды армандайды. Алайда тайпа заңдары саяхаттауға тыйым салады. Себебі ежелде Мауи есімді жартылай Құдай өмір Құдайы Те Фитидің жүрегін ұрлап кетеді. Соның әсерінен лава Құдайы Те Ка оянып, жер бетіне жақсылық атаулыны жоюға құмар түнек түседі. Нәубет суға шыққан кемелерді, артынша бүтіндей аралдарды бір-бірлеп жоя бастайды. Моананың әжесі Таланың айтуынша, мұның бәрін тоқтату тек немересінің қолынан келеді. Ол Мауиді тауып, мұхитты кесіп өтіп, зұлымдыққа қарсы күресуі тиіс.
«Коконың құпиясы» – Pixer Animation Studios және Walt Disney Pictures компаниясы 2017 жылы шығарған толықметражды анимациялық фильмі. Ақарыс Әшімхан мен Құралай Ешмұ­рато­ва ды­быс­тай­тын мульт­фильм­де 12 жа­сар Ми­гель­дің шытыр­ман оқи­ғаcы баян­дала­ды. От­басы­ның қар­сы­лы­ғына қара­мастан Мигель музыкамен айналысады. Кумирі Эрнесто де ла Крус сияқты тәжірибелі музыкант болуды армандайды. Бойындағы талантын дәлелдеу үшін Мигель сүйкімді өтірікші Гекторды кездестіреді. Екеуі саяхаттап, Мигельдің туыстары туралы шындықты іздейді.
«Көліктер 3» – Pixer Animation Studios және Walt Disney Pictures компаниясы 2017 жылы шығарған америкалық толықметраж мультфильм. Бұл – 2006 және 2011 жылы шыққан анимациялық туындының жалғасы. Басты рөлдерді Нышанбек Жұбанаев, Азамат Қанапия, Сая Тоқманғалиева, Сырым Қашқабаев, Нартай Сауданбекұлы және Маржан Арапбаева дыбыстайды.
Көпшіліктің көзайымына айналған Найзағай Маккуиннің хикаясы жалғасын табады. Жарыс алаңында жаңадан жүйрік машиналар пайда болып, Найзағай өзара бәсекелестікке қауқарсыз болып шығады. Бірақ ол соңына дейін берілмей, Круз Рамирез есімді талантты механиктің көмегіне жүгінеді. Екеуі Маккуинді бұрынғы дәрежесіне қайта оралту үшін іске кіріседі.
«Суперотбасы 2» – Pixer Animation Studios және Walt Disney Pictures компа­ниясы 2018 жылы шығарған анимация­лық мульт­фильм. Режис­сер-сценарист – Брэд Берд. 2004 жылы шыққан мульфильмнің жалғасындағы басты рөлдерді Айкөркем Әділгереева мен Дидар Құралбаев дыбыстайды.
«Суперотбасы» бірінші бөлімінен соң ылғи көпшіліктің назарында болды. Теледидар экранынан Ерекше ханымның күйеуіне қарағанда әлдеқайда жақсы көрінетіні белгілі еді. Ерекше мырза көбіне үйінде отырып, балаларына қарайды. Олардың әрқайсысы өздерінің супер қабілетіне риза емес еді. Бірақ супер отбасыға үлкен дұшпаннан қатер төніп тұрғанда отбасылық мәселелер екінші орынға ығысады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!