Туған жерім қасиетті Сыр топырағына қонақ болып келгенде байқайтынымыз, сұлу өлкенің рухани, мәдени орталығы Қызылорда қаласы – дамудың дара жолына түсіп, сәні мен сәулеті, даңқы мен дәулеті асқан ғажап шаһарға айналып келеді.

Қала көшелері кеңейген, жолдары тақтайдай тегіс. Жалтырап жатқан асфальт жолдар, қос қапталы жарықтандырылған, гүлдермен көмкерілген. Сонымен қатар қала көшелеріндегі жолдың шетіне қиыршық таспен өрнектеп, неше түрлі оюлар жасалған. Мұның барлығы көрген көздің жауын алады. Сырттан келген қонақтарды қызықтырып, таңдай қақтырары анық. Сол жағалау қаланың сәулетті, үлкен мөлтек ауданына айналуда. Бүгінгі күні әрбір салынып жатқан жаңа үйлер, сауда орталықтары мен әсем ғимараттар қала келбетін келтіріп тұр. «Магнум» орталығы, түрлі отбасылық мейрамханалар мен орталықтар халыққа қызмет етуде. Бұрын достарымызбен бірге баратын жерлер санаулы болатын. Жастар тек орталық алаң мен қалалық демалыс паркінде кешкілік серуендейтін. Қазір қалада жастарға арналған түрлі орындар көбейгеніне қуандым.

Соңғы үлгідегі аялдамалар, бағдаршамдар, түнгі жарық шамдар бәрі де шаһар шырайын аша түскендей. Күн сайын көркейіп, ай сайын ажарланып, жыл өткен сайын жасарып, жаңарып келе жатқан туған қаламның сұлулығына еріксіз таң қаласың. Мақпал түнде қала көшелері самаладай жап-жарық. Арман-қиялға ерік беріп, кең көшені бойлай, кең тыныстап, гүлзарларға қызыға қарап, жүре бергің келеді. Тіпті, орталық алаңдағы жаңадан салынған субұрқақтың өзі көрген адам жанына сая, көңіліне шуақ сыйлайтындай. Қызылордаға келіп, әнге бейнебаян түсіріп жатырмыз. Бұрынғыдай емес, ұялмай көрсететін көрікті жерлер көбейген. Жайнай бер, сүйікті Қызылордам!

Серік ИБРАГИМОВ, әнші

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!