Қай елдің болмасын бас қаласы – ел келбеті. Ерке Есіл жағасын бойлай орналасқан сәулетті Астана да мемлекеттің экономикалық-рухани көрсеткіші екені даусыз. Аз уақытта айшықты елорда әлем назарына ілігіп, лайықты бағасын алды. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алса, соңғы онжылдықта шаһар сәулеті адам танымастай өзгерді. Бүгінгі атаулы дата – Елорда күнінде Арқадағы Ақмоланың айтулы Астанаға айналу жолына шолу жасауды жөн санадық.

1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бас қаланы ару Алматыдан Сарыарқа төріне көшіру туралы маңызды шешімді қабылдаған болатын. Парламент сессиясында депутаттар алдында сөз сөйлеген Тұңғыш Президент астанамызды Ақмолаға көшірудің қисынын атап өтіп, елорданы таңдау 32 өлшем бойынша жүргізілгенін нақты дәлелдеп берген еді. Осыдан кейін депутаттар арасында өткен тартысты пікірталастың нәтижесінде Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген сындарлы шешім шығарған-ды.
Егемен еліміз тарихындағы айтулы оқиға осылай жүзеге асты. Ал, араға екі жыл салып 1996 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдады. Бір жылдан кейін 1997 жылдың 20 қазанында ҚР Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы жарық көрді. Аталған құжатқа сәйкес, Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Ал жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді.
Осы күндері жаңа астанаға Президент Әкімшілігі, Үкімет, жетекші министрліктер мен ведомстволар қызметкерлерінің алғашқы тобы да келді. Бұл күндері Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болды. 2011 жылдың басында елорда VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. 2017 жылы «EХРО – 2017» халықаралық көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Қазіргі таңда миллионнан астам тұрғыны бар елорда «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» аудандарынан тұрады. 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі саналады.
Өткен жылдар ішінде Астананың архитектуралық келбеті ғана емес, бас қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де адам танымастай өзгерді. Елордада бизнес қанат жайып, құрылыс саласы, қызмет көрсету, тауар айналымы мен көлік саласы қарқынды түрде дамыды. Астана қалалық статистика департаментінің мәліметтеріне қарағанда, осы жылдар аралығында елорда бюджеті 77,5 есеге, жалпы ішкі өнім 224 есеге, инвестицияның жылдық көлемі 50 есеге өсіп отыр. Осылайша, қазақ халқы Тәуелсіздіктің арқасында өз астанасын өзі таңдап, саяси-әкімшілік, мәдени-рухани орталығын белгіледі.
Шаһар төріндегі ерекше нысандар қаланың көркін келтіріп, естен кетпес естелік сыйлайды. Бүгінде ұлт мақтанышына баланған Бәйтерек – Астананың мызғымас символы. Ал британдық архитектор Норман Фостердің пирамида үлгісіндегі «Бейбітшілік және келісім» сарайы бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарынан орын алған алып кешенге айналды. Сондай-ақ «Хан шатыры» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат болса, «Думан» орталығы теңізден алыс орналасқан океанариум ретінде танымал. Сонымен қатар, 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған он мың орындық «Сарыарқа» бірегей велотрегі, халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны, «Астана Опера» секілді ғимараттар Астана сәулетін еселеп арттырып тұрғанын айта кеткен жөн.
Расында, жаңа Астана тарихы – ертегіге бергісіз ақиқат. Елорданың өзгелерге үлгі боларлық тұстары жетерлік. Тұрғындарының жыл санап еселеп артуы Астанамыздың дүние жүзі бойынша дамып келе жатқан ең жас қала екенін білдіреді. Сонымен қатар, ертеңіне қол созған Елорда – жастардың қаласы, болашақтың бастауы, келер күннің келісті боларының берік кепілі, халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры.

Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!