Сыр өңірі байырғыдан рухани мұраға бай. Дәстүрлі ұлттық өнердің туын тіккен жер. Қасиетті топырақтан алаштың жоғын жоқтайтын, киелі жырдың иесі атанған, жүлделі жүйрік Жиенбай жырауды кім білмес?! Енді міне, шашасына шаң жұқтырмайтын шын жүйрік Жиенбай жыраудың жырларын жаттап өсіп, өнерге қадам басқан Шұғыла Мархабатова есімді талдырмаш қыз бойжетіп келеді.  Бүгінде ол Көшеней Рүстембекұлы атындағы «Жыраулар үйіне» қарасты Тұрмағанбет ауылындағы клубта «Жиенбай  жырау» үйірмесінде дәріс алып жүр.

Шұғыла Қармақшы  ауданы, Тұрмағамбет  ауы­лын­да  дүниеге келген. Бү­гінде ол №29 Т.Ізтілеуов атындағы  қазақ  орта  мек­те­бінің  9  сынып  оқушысы.  Үйірмедегі жетекшісі − Дінислам Тоқсанбаев.  

Дарынды өрен ұстазымен бірге түрлі сайыстарға дайындалып, бақ сынап жүр. Талантымен танылып, түрлі байқауларда жеңіске жетті. “Алмас  Алматов – 60 жаста!” атты   аудандық  жас  жыршы-жыраулар  байқауында  жүлделі ІІ  орынмен,  жырау  Қуандық  Бүрлібаевтың 80 жылдығына  арналған “Ақ  домбыра  қолға  алып…” атты   аудандық  жас  жыршылар фес­ти­валінде  арнайы  дипломмен, Тәуелсіздіктің 25  жылдығы аясында, даңғайыр  жыраулардың  ұрпағы,  ақын сазгер, жырау  Көшеней  Рүстембековтің 70 жылдық  мерей тойына  орай  ұйымдастырылған “Кү­міс  көмей  − Көшеней” атты  облыстық  жыршы-жы­рау­лар  фестивалінде  үздік өнерімен дараланды. Бай­қоңыр  қаласында  өткен «Менің  туған  өлкем» атты   балалар  шығармашылығы  байқауында  да же­ңім­паздар қатарынан табылды.

“Сыныпта 18 оқушы бар. Бәрі жыр жаттап, өнерге қадам басуда. Шұғыланы  2 сынып оқып жүргенде әжесі алып келді. Әжесі Дүрия өнерді сүйетін, әнші болған кісі. Кішкентай ғана бүлдіршінге әуелі домбыра тартуды үйреттік. Қазір дастандар мен жырларды жатқа біледі.  Жыр айтқанда арқаланып, жан дүниесімен беріліп айтады. Қыз бала болса да, қоңыр даусы құлақтың құрышын қандырады. Шәкіртімнің болашағынан зор үміт күтемін”, − дейді ұстазы Дінислам Айтбайұлы.

Шұғыла Сыр сүлейлерінің ізбасары, жырау Шамшат Төлепованың 90 жылдығына арналған «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» атты облыстық қыз-келіншектер фестивалінде, Жаңақорған ауданы әкімдігінің  ұйымдастыруымен  өткен «Текті сөздің  төресі − терме»  атты облыстық  жас  жыршылар  байқауында жеңімпаз атанды. Об­лыс­тық «Бозторғай» балалар  шығармашылығы  байқауында «Халық­тық  орындау» жанры  бойынша   жүлделі  І  орынмен  мара­пат­тал­ды. «Қорқыттан қалған қоңыр үн –V» облыстық балалар  шығар­ма­шы­лығы байқауында  да оза шапты.

Бүгінде Шұғыла ұстазымен бірге халықаралық байқауларда бақ сынап жүр. Астана қаласында Халықаралық “Астана жас толқыны” атты балалар мен жастар арасында өткізілген байқауға халықтық орындау жанры бойынша қатысып, қола медалмен   марапатталды. «Қорқыт және  ұлы  дала  сазы» атты  халықаралық  өнер  фестивалінде де үздік өнер көр­сетіп, көрермен көзайымы болды. Әзербайжанның Баку  қаласында  өткен «Мугам» айтушылардың  халықаралық  өнер фестивалінде ел намысын қорғап, жеңімпаз болды.

Мақпал мақам мен сүбелі сөзге ұйытып, рух сезініп өсіп келе жатқан жастардың бірі Шұғыла Маратқызы алғаш өнер әлеміне қалай келгенін айтып берді.

«Бірінші сынып оқып жүргенімде сөмкемді әзер көтеріп сабақтан келдім. Анам ас дайындап жатыр екен. Қолында бір жапырақ қағаз. Онда «домбыра үйірмесіне балаларды шақырамыз» деп телефон нөмірі көрсетілген екен. Анам хабарласып, сөйлесті. Менен домбыра үйренгің келе ме деп сұрады. Баламын ғой, барып көрейін деп қызығу­шылық білдірдім. Түс ауа анам ауылдағы  клубқа ертіп апарды. Мәдени ошақты алғаш көруім. Жан-жағыма аң-таң болып, бәрін қарап шықтым. Ұлттық киім киген өнер адам­дарының суреттері, жетістіктері ілулі тұр екен. Анау не, мынау кім деп сұрақтың астында қалдырдым. Кітапханаға да бірінші рет барып кітап алдым. Кейін ауылда «Шалқыған шат-шат жырлары» атты өнер фестивалі болды.  Көптеген жас жыраулар жиналды. Сахнаның дәл алдында концертті тамашаладым. Сонда маған қамажай көйлек киген, үкілі тақиясымен сахнаға көтерілген Ақсұңқар Бүркітбай есімді қыз қатты әсер қалдырды. Ұлттық киімі де, домбырасы да − бәрі өзіне жарасып тұрды. Жыр айтқандағы дауысы да зор екен. Таңырқап тыңдап қалыппын.  Сол күні үйге керемет әсермен оралдым. Болашақта мен де үлкен өнер иесі болып, шәкірттер тәрбиелегім келеді», − дейді Шұғыла Маратқызы.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!