Бүгінде ғылым көш ілгері басып, алға қарқын алған. Өйткені, әлемдік деңгейдегі ғылым, жаңа технология, IQ көрсеткіш деңгейінен алға шығу, адамдардың өз-өзін тұлғалық дамыту тұрғысындағы ең басты ұстаным – «Өзің оз, озбасаң жол бер!». Ал жол берген адамның көш соңында қалары айдан анық. Бесіктен белі шықпай жатып, әлемді өзінің тың жаңалығымен таңдандырған алыптар көп. Десе де, алдағы уақытта интеллекті жоғары ойшылдар қатарынан алдағы уақытта да біздің қандастарымыз көш бастайды деп сенеміз. Бүгінше біз әлемнің ең озық ойшыл, IQ көрсеткіші жоғары 25 адаммен таныстырғанды жөн көрдік. Әлбетте, мұндағы ең басты мақсат – өзгелерге мотивация болсын дегеніміз.

Альберт Эйнштейн – тұлға ретінде төрткүл дүниені тәнті етіп, танылған ғалым. Оған ұлы деген атты ешқандай да мемлекеттік сыйлық, басқа да үкіметтік ұйым емес, ең әуелі халық берген. Халықтың ықыласы мен ризашылығын алған ол XX ғасырдағы ғылым мен дамудың басты символы ретінде танылды. Табиғаттағы көптеген физикалық құбылысқа арнап ұзын саны 300-ден астам ғылыми мақала жазған. Ядролық қаруға да белсенді түрде қарсы шыққан. Оның көзі тірісінде IQ тесттер болмағандықтан интеллект мөлшерін дәл айту қиын. Дегенмен шамамен 170-190 аралығында болған болуы мүмкін деген пікір бар. Атақты Уильям Джей Сидис 1898 жылы Нью-Йорк қаласында туған. Дүние есігін ашқаннан-ақ айналасын таң-тамаша қылған ол алты айлық кезінде-ақ «бер», «су ішем», «ұйықтаймын» деген сияқты оңай сөздерді айта алатын болған. Бір жарым жаста «Нью-Йорк таймс» газетін судыратып оқи алған екен. Сегіз жасында мектеп бағдарламасын толық меңгеріп, сегіз тіл үйреніп, төрт кітап жазып тастаған. Ғаламат бала 12 жасында Гарвард университетіне оқуға түскен. 16 жасында тәмамдап, Техас штатындағы университетте сабақ берген. Оның IQ-і 250 пункттен тұрған екен. Керемет емес пе иә?!
Теренс Чи Шен Тао туралы айтатын болсақ, ол шынашақтай сәтінен есеп-қисапқа жақын болған. Есептен есесін жібермейтін жүйрік ретінде 9 жасында сол бағыттағы курстарға қатысқан. 1986-1988 жылдары оны математикадан өтетін халықаралық олимпиаданың сол кездегі ең жас қатысушысы деп таныған. 14 жасында жоғары оқу орнына түскен. 24-ке келгенде Калифорния университетінің профессоры болған. IQ көрсеткіші – 225. Көз алдыңызға 14 жастағы бозбаланы елестетіп көріңізші. Ол немен айналысып жүр?!
Мэрилин Вос Савант. Оның интеллект көрсеткішіне қатысты түрлі ақпарат айтылады. Бір жерде 168 десе, бір жерде 228-ге бағалайды. Мамандығы – журналист әрі драматург. Кристофер Хирата 16 жасында университет бітірген. Тәмамдаған бойда NASA-ға жұмысқа орналасқан. Ол жерде астрофизикамен және планеталарды колонизациялау мәселелерімен айналысқан. IQ деңгейі – 225.
Дүние дүрмектің ішінде өз жолының алтын кілтін тапқан алыптардың бірі – Филип Эмигуали. Ол – компьютерлік технологиялар саласының маманы. Данышпан 14 жасында мектептен шығуға мәжбүр болған. Бірақ соған қарамастан 17 жасында Орегон штатындағы оқу орнына түскен. IQ мөлшері 190-ға бағаланады. Стивен Хокинг – белгілі ғалым, физик, бірнеше бестселлер кітаптың авторы. Оның айкью көрсеткіші 160-қа бағаланады. Волтер О’Брайан – ирландиялық бизнесмен, «Scorpion Computer Services» компаниясының директоры, айкью тест нәтижесі бойынша 190 ұпай жинаған. Бала кезінде аутизмі бар болуы мүмкін деген. Дегенмен анализ тапсырғанда анықталмаған. Қатарластарынан ақылымен ерекшеленген ол 13 жасында NASA-ның серверлерін бұзып, космос шаттлын құруға қатысты құпия жоспарды «ұрлап» кеткен.
Никола Тесла. Ғалымның көзі тірісінде айкью анықтайтын тест болмаған. Десе де, мамандар шамамен 200 болуы мүмкін деген пікір айтады.
Сэр Эндрю Джон Уайлс – Принстон университетінің профессоры, Британия империясы орденін иеленген даңқты рыцарь, әлемдегі ең ақылы Дегендер 300 жылға жуық уақыт бойы ойланған Ферм теориясын дәлелдеген. Эндрю Уайлстың интеллекісі 170-ке жуық.
Айнан Коули –Сингапурден шыққан вундеркинд. 7 жасында орта мектепті тәмамдаған. Әлемдегі ең жас түлек саналады. Өте көп көлемдегі ақпаратты дереу жаттай алатын қасиетімен ерекшеленеді. Жады өте мықты. Уикипедиядағы ақпаратқа сүйенсек, оның IQ көрсеткіші 263-ке тең деседі.
Мицлав Предавек – математика профессоры, IQ деңгейі 192-ге бағаланады. Басқатырғыларды шешкенді жақсы көреді. Рубиктің кубигін 10 секундта жинай алады. Джина Дейвис – америкалық фотомодель, актриса, «Оскар» сыйлығының иегері. IQ-і –140. Интеллектуалдар қауымдастығының мүшесі. Расымен, әлемді таң-тамаша еткен тұлғалардың жасаған әрекеттеріне қарап, өзіміздің де осал емес екенімізді қаперге алуға болады. Алашордашылардың қай-қайсысы болса да әлемді мойындатар алып күшке ие еді. Қазақ тарихындағы ақтаңдақ сәттер талай алыптың өмірін қиды. Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, кешегі жасындай жарқ еткен Ғани Мұратбаев, төрт жасында хат таныған Мағжан Жұмабаевтар кімнен кем?! Олардың дәуірінде IQ анықтауға арналған тест болғанда мынаның кез келгенінен асып түсер еді-ау. Сіз қалай ойлайсыз қадірменді оқырман?!

Дайындаған Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!