Апта басында тағы бір жағымды жаңалық естілді. Бұл жолы қуанышты хабар Астанадан жеткен. Жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан «Тәуелсіз елім – тірегім!» атты республикалық ақындар айтысында топ жарып, бас жүлдені еншіледі.

Жыр аламаны ел егемендігі мен ұлт тұтастығына арналған. Шараға бірқатар зиялы қауым өкілі мен партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов қатысты. Айтыстың ашылу салтанатында сөз алған Асхат Оралов айтыстың тарихи жолы мен халық өміріндегі орнын айтып, бүгінгі шараның өзегін жеткізді:
«Тәуелсіздіктен бағалы ештеңе жоқ. Сондықтан бүгінгі жыр додасының жөні бөлек. Айтыс – қазақтың бойтұмары, ата-бабаларымыздан аманат болып жеткен киелі өнер жәдігері. Ұлтымыздың руханиятын, мәдениетін дамыту мен қолдау ісі бір сәт те тоқтамайды. Біз ұлттық өнерді қолдауды алдағы уақытта да жалғастырамыз»,– деді ол.
Айтыс тізгінін ұстаған ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай дүбірлі доданың мәні мен маңы­зына тоқ­та­лып, қа­зы­лар алқа­сы­ның құ­ра­мын және сынға түсетін ақын­дар қауы­мын таныс­тырды. Өз кезегінде еліміздің түкпір-түкпірінен Астана төріне ат басын бұрған 14 ақын көзіқарақты көрерменнің алдында орамды ой айтып, сүбелі сөз өрбітті.
Ақындардың жеті жұбы ең асыл қазынамыз саналатын азаттықтың қадір-қасиетін жырға қосты. Сөйтіп, түс ауа басталған сөз барымтасы қас қарайғанша жалғасты. Соған қарамастан, қанға сіңген қастерлі өнердің қадірін білетін айтыссүйер қауым бір сәтке болсын тарап кеткен жоқ. Тапжылмай тамашалады.
Осылайша, көрнекті ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай бастаған қазылар құрамының шешімімен бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Ал жүлделі І орын түркістандық Бекарыс Шойбековке, ІІ орын ұлытаулық Төлеген Жамановқа бұйырды. ІІІ орынды ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев, Абай облысынан келген Рүстем Қайыртайұлы, көкшетаулық Нұрмахан Жақыпбек және қостанайлық Айбек Қалиев өзара бөлісті.
Сондай-ақ сайысқа түскен барша ақынға қомақты сый-сияпат табысталды.
«Бүгін елорда төрінде ұлттық өнеріміз ұлықталып, жыр жәрмеңкесі қанат жайды. Бұл – айтыс өнерінің абыройы асқақтаған күн. Төл өнеріміз ғасырдан ғасырға жалғаса беруіне тілектеспін. Жыр бәйгесін жоғары деңгейде ұйымдастырған ел ағаларына, алтын уақытын қиып келген көрерменге алғысым шексіз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын. Еліміз мәңгі жасасын»,– деді жыр бәйгесінің жеңімпазы Мейірбек Сұлтанхан.
Осылайша Астанада өткен аламан айтыста «Сыр елі – жыр елі» деген ұғымның маңызы үстемеленіп, мәні артты. Қызылордалық сөз жүйріктері қашанда сүбелі ойы арқылы халық көкейіндегі күрмеулі мәселелерді, ұлттық мүдде жолындағы жағымды өзгерістерді көркем тілмен жеткізіп, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Бұл жолғы жетістік те алған бағыттың оң екенін білдірсе керек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!