Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан  «Жастар жырлайды» жазба ақындар айтысының бесінші  жұбы – аралдық Алтынбек Қыстаубаев пен Шиелі ауданының ақыны  Рыскелді Жахманның айтысын назарларыңызға ұсынамыз.

Алтынбек Қыстаубаев:

Ассалаумағалейкүм, Қызылордам!

Несібін сұлу Сырдан сүзіп алған.

Айдынды Аралыңнан дұғай сәлем

Сұраған, Бекұзақтың ізі қалған…

Бастаған әр ісіңді, дұрыс дермін!

Армысың, қарсыласым, Рыскелдім!

Ұйымдасып жатқанда осы айтысты

Нөмір беріп,  маған да жұмыс бердің.

Мүшәйраның жүлдесі аз деп жүр деп.

Айтысуын ағаңның дұрыс көрдің.

Алтын ағам десең де мені өмірде

Қадірін білген жанмын күмістердің.

Тарихыңды тізбелеп жаза білдім,

Бағың да бар, алайда азабың мың.

Тәуелсіздік жолында не көрмедің?

Қимасыңды амалсыз қаза қылдың.

Отыз жыл – Егеменді ел болғанда

Мерейлі мерекесі  – Қазағымның!!!

Рсөгім, жаз еліңнің халін біліп…

Қойғаны-ай, “сотка ғұмыр” таңылдырып.

Сен де бір тұлпар едің аламанда,

Шапқан сайын қалатын жаның кіріп.

Рыскелді Жахман:

Уағалейкүмассалам, Алтын ақын,

Асылсың өлең десе алқынатын.

Жеребе жолдас болып маған түстің,

Қорықпа, кезің емес жаншылатын.

Қара бастан кемшілік іздемеймін,

Қара басқан тіршілік болды жақын.

Тұрпаты бөлек біткен жүйріксің ғой,

Тұлпардай тарпынғанда шаң шығатын.

Аралдан айтысар деп нөмір берсем,

Алтыеке, білем сені паң шығасың.

Жастар бүгін жырласын деген екен,

Қыстаубаев ендеше жарқырасын.

Қара үзіп шаба бер Құлагердей,

Қара басып қалмағын, қасқыр ақын.

Өмірдегі достығың бір төбе еді,

Өнерде де досымсың жалпы жақын.

«Батырым» деп өзіңді көтеремін,

Бейсендей жақсы көрген халқы атын,

«Бай-қуатты болайық» деймін тағы,

Нұртілеудің білесің алғышартын.

Тұлғаларды түгендеу қанымда бар,

Тұяғын тай басады аты бардың.

Жеке басты мінемей айтысайық,

Жеке жүріп жол табу затыма сын.

Көппен бірге адасу мұрат емес,

Көшпен бірге түзелмеу атыма сын.

Алтынбек бек екенсің, би екенсің,

Байқасам, бүгін сен де үй екенсің.

Берейін кезегіңді ал ендеше,

Өлең-жырдан тамаша сый етерсің.

Алтынбек Қыстаубаев:

Менің де мін, сын емес іздегенім,

Халқымнан барынша қол үзбеп едім.

Рухы шат болсын деп тілек  етіп,

Журналист ағаларды тізбеледің…

Рыскелдім, емессің есепке нөл,

Мен де жігіт емес ем өсекке ерер.

Отыз жылда Ордалы жігіт болдық,

Кез келгендей өзіңе есеп берер.

“Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар”

Бізде де ел таңырқар заман болар.

Отыз игі іс айтсам отыз жылдан

Сонымен де бұл күнің тәмам болар.

Жастарға жырласын деп кез бергенде,

Қателігін тергенім жаман болар.

Ақынмын қойсаң сауал жауап дайын,

Қарша борап қаңтардай қаратпайын.

Тәуелсіздік әкелген сыйын айтып,

Өлеңімді әрі қарай сабақтайын.

Бірінші – Тәуелсіздік сыйым еді,

Екінші – Шекара ашты дүйім елі.

Үшінші – Рәміздер қабылданып,

Төртінші – Төл теңгені құйып еді.

Бесінші – Ата заңды қабылдады,

Алтыншы – Аспанға ұштық сағымдағы.

Жетінші – Астанамыз бой көтеріп,

Сегізде – келді елімнің сағынғаны.

Тоғыз деп – ауылдарды абаттадық,

Аурухана, мектеп салып қабаттадық.

Оныншы – ойға алғаным орындалып,

Теміржолды тізгіндеп болаттадық.

Он бірінші ізгі істе – елді ойладық,

Игермеген елімде жер қоймадық.

Он екінші – Әлемді елге жинап,

ЭКСПО деп тойладық, төрде ойнадық.

Он үшінші – білімді елге айналдық,

“Болашақ” деп жастарды, елді ойладық.

Он төртінші – дәстүрді жаңғыртқаның,

Он бесінші – не керек алдық бәрін.

Қалған он бес игі істі сен тергейсің,

Ақынсың сөзге келсең ел тербейсің.

Тәуелсіз ел болмасақ, кім біледі?!

Өмірге мен келмеймін, сен келмейсің!

Рыскелді Жахман:

Оймақтай ой айтады таңдай, миың,

«Ордалы жігіт» жасар орта жиын.

Орда бұзар елімнің жетістігін,

Отыздыққа сыйдыру қандай қиын?!

Тәуелсіздік тарихын тасқа жазсам,

Толып жатыр жолымда балдай бұйым.

Санға салып аясын тарылтпайық,

Санадағы игі іске бардай тыйым.

Жақсы іс шексіздіктің досы еді ғой.

Жақсылыққа бастайтын жандай күйін.

Алтынбек, ақындығың дара еді,

Дейтұғын кез келгенге қара бері.

Қазақта текті ұлдар көп емес пе?

Жауһарға толып кеткен жан әлемі,

Сұрақ қып саған бірін жасырайын,

Сен бірақ өз-өзіңді таны әуелі.

Жүз жылда бір туатын академик,

Формуланың тісқаққан нар әлемі.

Ақындығы басым-ау екеумізден,

Таңғалдырды қарап ем жаңа мені.

Атағы айды аспаннан алдырардай,

Қарапайым қазақтың дара ері,

Кім екенін айтайын білмей жатсаң,

Ол – қазақтың телефонсыз қарагері.

Алтынбек Қыстаубаев:

Бір роман түйінін бір шумаққа,

Сыйғызардай ақын деп топшыладым,

Отызға толтырсаңда болар еді,

Біліміңді сынағам жоқ, шырағым!

Бір Алла деп қазақтың сыйынары,

Ыбырайша өтіп жүр жиын әлі.

Математик, азамат ер тудырған,

Сыр елім топырағың бұйығы әлі.

Алаштың анасы еді, тұнығы еді,

Сыр елім қашан сағың сынып еді.

Асқардай алыпты айтып отырғаның,

Әп деген деміңнен-ақ білінеді…

Кең болса деп қазақтың керегесі,

Білімді жастарды ойлап келеді осы.

Әлемнің шеше алмаған жұмбағын да

Шешіпті Жұмаділдің  немересі.

Ғылым мен білімді алда болу керек,

Қазаққа қазіргі таң керегі осы…

Бір жұмбақты айтайын енді саған,

Мен едім көп нәрсеге сенгіш адам.

Өнердің қазанында қайнап өткен

Есіңе бір алпауыт ерді салам.

Аралдың арқа сүйер ардағы еді,

(Тірі деп дәтің жетсе алда мені) 

Атында бір көше жоқ керек десең,

“Тамашаның” сардары саңлағы еді…

Өнеріне талайды тамсандырып,

Халқына бір салмағын салмап еді.

Бір мәдениет үйінің атын берсе

Деген ой Алтынбектің арманы еді.

“Тамашаны” әкең мен анаң көрген,

Ішінде басты рөлде, Ол бар еді.

Сол адам біздің елдің азаматы,

Алматыда абыройын қорғап еді.

Табар деп тарихтағы бір тұлғаны

Ағаң саған сауалын жолдап еді.

Елім деп еңіресем, ерлігің деп

Тəңірім, дәргейіңе ал, қолда мені!

Рыскелді Жахман:

Демедің мына тұлғаң бұл кім еді?

Асқарды танымауың мүмкін бе еді?

Жастар бар тұлғаларды танымайтын,

Оларың талай нәрсе бүлдіреді.

«Тамашаның тарланын» танимыз ғой,

Құдайдың бізге берген бір ұлы еді.

Сұлтанбаев – қазақтың марқасқасы,

Өнерін игі жақсы ел біледі.

Перзентін ұлықтауды ұмытқаны,

Алтыеке, жаман нәрсе білдіреді,

Бар қазақты күлдірткен тарланына,

Бір көше бермегені «күлкілі» еді.

Бауырым айтарың көп, жазарың көп,

Бұл жалған өтіп жатыр базарың боп,

Айдыны қалыпына қайта келіп,

Аралың дами берсін ажарың боп.

Тәуелсіздік жемісі мұның бәрі,

Әр үйде отта тұрған қазаның көп.

Әлемдегі қандастар қайтты елге,

Әр жерде шүкір қазір қазағың көп.

Шекарамыз бастысы шегендеулі,

Тілім бар, дінім, ділім, тамағым тоқ.

Алтынбек Қыстаубаев:

Ақтарып іштегі бар сезіміңді,

Отырсың ендігі ойлап көз ілуді.

Жазсын енді біздерге айтыстан соң,

Бас аманда жолығып, кезігуді.

Талайлардан не сұмдық сезгенде шын,

Өзіңе айтам көп сырды көз көргесін.

Мына менің тілерім, Жаратқаннан

Адамдар ардан тайып өзгермесін.

Дұшпанға да тар жерде  қолыңды  соз,

Дақ түсіп адал достар сөзге ермесін.

Өткеніңді оқып біл, ата жолын

Демесең дүбәра жан безбендесін…

Аман жүр, ақын ұлы ең Шиелінің,

Тарихы бар жерінде сүйемінің.

Елім деп еңбек етер ер өзіңсің,

Осыны жадыңа, інім, түйе білгін!

Рыскелді Жахман:

Ақындар шаршы топта арындаған,

Рух беріп өзгелерге жалындаған.

Көгеріп көсегесі еліміздің,

Көп болсын қазағымда дарынды адам.

Тәуелсіздік – елімнің төлқұжаты,

Төлтаңбаң тұра берсін төріңде аман.

Ел мен жерді ешкімге бермейтұғын,

Өсіп келеді ержүрек балғын балаң.

Тәуелсіздік таңында туылғандар,

Алмас қылыш секілді жарқылдаған.

Азат ойлы ұрпаққа қолдау берсек,

Қарғаларды қуады қарқылдаған.

Қарсыласым – педагог әрі әке,

Баладай көңілі бар аңқылдаған.

Білім менен ғылымды қатар берер,

Тәрбие-тәлім де одан артылмаған.

Текті қазақ өрбісін өз артыңнан,

Болсын әркез ел мен жер, халқың аман.

Осыменен айтысты түйіндейік,

Ай жүрсең де аман бол, Алтын ағам!