Бала қиялын дамытып, танымын кеңейтудің бірден-бір тәсілі – ертегі оқуға баулу. Ал баланың өзі ертегі құрап, шығармашылық қабілетін ашса, ұстаз бен ата-ана үшін қуаныш екені сөзсіз. Қызылордалық Айзере Тулегенова да ерте жастан талантын танытып, додалардан топ жарған ізденімпаздың бірі.

Әдебиетке құштар оқушы Қызылорда қаласындағы Байұзақ Ермекбаев атындағы №271 орта мектептің 4-сыныбында білім алады. Жас болса да толыққанды шығарма түзіп, біренеше ертегінің авторы болып үлгерген. Мәселен, ол бүгінге дейін «Қарлығаш пен түлкі», «Екі дос», «Малефикус», «Мысық пен тышқан» ертегілерін шығарған. Барлық еңбегінде ізгелік үстемдік құрып, балаларды достыққа шақыруды мақсат тұтқан. Жаны таза шәкірттің кіршіксіз ертегілері оқырман жүрегіне жол тауып, ел ықыласына бөленуде.

Тіпті, оның «Малефикус» ертегісі аясында сюжетті құрастыруға арналған лепбук және ертегі желісі бойынша анимациялық мультфильм жарыққа шыққан. Мұндай күрделі жұмысқа Айзеренің сыныптас достары –  Сайдахмет, Заңғар көмектессе, дубляжды жетекшісі Мөлдір Берікқызы жасаған екен. Шығармашылықты дамыту нәтиже беріп, Айзере жуырда 2-7 сынып оқушыларының «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының алғашқы кезеңінде І орын алған.

– Әдеби шығармаларға құштарлығым мектептегі ұстаздарымның қолдауы арқасында пайда болды. Көп өтпей өзім де ертегі жаза бастадым. Ертегіні оқыған әрбір бала ондағы жағымды кейіпкерлерге ұқсауға әрекет жасап, жағымсыз кейіпкерлердің мінезінен сабақ алса деп ойладым. Кейін ұстазым Мөлдір Берікқызы мен ғылыми жетекшім Акерке Болатқызының қолдауымен «Ертегі терапиясы» зерттеу жобасын бастадым», – дейді бала талант.

Шәкіртті демеу оны алға жетелері сөзсіз. Бұл орайда Айзереге шығармашылық, ғылыми бағдар беруге талпынған ұстазы Мөлдір Жалғасованың орны ерекше. Білікті педагог оқушыны түрлі додаға дайындап, қолдау білдіріп келеді.

– Ертегі мен ертегі терапиясын шатастыруға болмайды. Ертегі оқу арқылы баланың ойлау, сөйлеу қабілеті дамып, ойы ашылады. Ал ертегі терапиясы – баланың жандүниесін тану, емдеу, ойын дамыту. Айзере алдағы облыстық ғылыми жобалар сайысының II кезеңінде шығармасын таныстырып, ертегінің бала тәрбиесінде алар орнын айшықтарына сенім мол» – дейді Мөлдір Берікқызы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!