SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада көлік жарылысы салдарынан ауыр жарақат алған азамат ауруханада қайтыс болды. Ол 31 мамырдан бері жансақтау бөлімінде жатқан болатын.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас №1 көпсалалы қалалық ауруханада ем қабылдаған. Жарылыс кезінде оның денесінің 90-95 пайызы күйіп қалған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, алған ауыр жарақаттарының салдарынан ер адам 8 маусым күні көз жұмды.
Еске салсақ, 31 мамырда Сарыарқа ауданындағы Аманжолов көшесінде жеңіл автокөлік өртенген. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін көлікте газ-ауа қоспасының жарылысы болып, кейін өрт тұтанған.
Салдарынан автокөлік толығымен жанып кетіп, оның маңында тұрған бірнеше көлікке зақым келген.
Оқиғадан кейін Астанадағы медициналық мекемелерге бес адам, оның ішінде төрт ересек пен бір бала жеткізілген еді. Бұған дейін дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалаған болатын.
Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Тергеу жалғасуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
