100-ге жуық адамның атына несие рәсімдеген алаяқ Қарағандыда ұсталған. Ұсталған ер адам Түркістан облысының жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Келтірілген шығын мөлшері белгіленіп жатыр. Алаяқтан зардап шектік деген 100-ге жуық жәбірленуші полицияға жүгінді, зардап шеккендер одан көп болуы мүмкін.
Полицияның мәліметінше, ер адам интернеттен адамдардың жеке сәйкестендіру нөмірлерін алып, онлайн-банкинг арқылы несие рәсімдеп, ақшаны өз шотына аударып отырған. Алаяқтық үшін ұсталған жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Ол түрлі жолмен адамдардың ЖСН нөмірлерін алып несие рәсімдеп отырған. Зардап шеккендер бүкіл Қазақстан бойынша бар», – деп түсіндірді Қарағанды облысы полиция департаментінің криминалдық полицияның киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Мәди Бағдатұлы.
Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы бес жылда киберқылмыстардың саны 10 есе өсті. Қазірдің өзінде 20 мыңнан астам эпизод тіркелген. Көбінесе азаматтар танымал сайттар мен әлеуметтік желілерде онлайн-сатып алу кезінде алдаудың құрбаны болады. Қазақстандықтардан барлық жағдайлар туралы полицияға хабарлауды және тауарсыз төлем жүргізбеуді сұрайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!