Екібастұзда үш жасар бала қайнаған суға күйіп, мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

30 қазан күні 2:25-те үш жасар бала қайнаған суға күйіп қалған.

«Жедел жәрдем бригадасы алты минутта оқиға орнына жетті. Келген кезде баланың көз жұмғаны анықталды. Ол 2-3-дәрежелі қайнаған судан термиялық күйік алған. Күйік ауданы – 40%. Қыздың арқасы, аяғы, шап аймағы мен жамбасы күйген», – деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Баланың анасының айтуынша, бала 29 қазан күні түстен кейін қайнаған суға күйіп қалған.

Қыздың тоғыз жасар әпкесі оны шомылдырмақ болып, үстіне ыдысқа толтырылған ыстық суды төгіп алған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, бала әпкесі, атасы және әжесінің бақылауында болған. Күндіз олар медициналық көмекке жүгінбеген. Анасы күйік туралы кешке ғана білген, ал жедел жәрдемді тек түнде шақырған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!