Енді елімізден сыртқа қоңырау шалғанда шетелдегі адамның телефонында «Қазақстан» деп шығып тұрады. Бұл жаңалықпен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бөлісті. 

«Жақсы жаңалық! БҰҰ жанындағы халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады», – деп жазды Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасында.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр.

«Кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын. Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді», – дейді ведомство басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!