Кейбір тарихи даталар күнтізбедегі қарапайым сан емес. Ол – халықтың тағдыры, ұлттың жады, келешекке қалдырылған аманат. 29 тамыз – сондай күндердің бірі. Бұл дата қазақ даласында ондаған жыл бойы жаңғырып тұрған жарылыстардың үні тоқтаған күн ретінде тарихта қалды.
1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи шешім қабылданды. Осылайша қазақ жерінде 40 жылға жуық уақыт жүргізілген ядролық сынақтарға нүкте қойылды. Ал арада жылдар өткен сайын бұл шешімнің тарихи салмағы бұрынғыдан да айқындала түсті.
Бүгінде Семей полигоны туралы сөз болғанда біз ең алдымен жарылыстың қуатын емес, сол жарылыстардың адам тағдырына салған ізін ойлауымыз керек. Себебі полигон тек әскери нысан немесе сынақ алаңы болған жоқ. Ол мыңдаған отбасының өміріне әсер еткен, бірнеше ұрпақтың денсаулығына, табиғатқа және ұлттық санаға із қалдырған қасіретті кезеңнің символына айналды.
Халықаралық атом энергиясы агенттігінің дерегіне сүйенсек, Семей сынақ алаңының аумағында 1949-1989 жылдар аралығында 456 ядролық жарылыс жасалған. Оның 86-сы әуеде, 30-ы жер үстінде, 340-ы жер астында өткізілген. Сайып келгенде полигонның аумағы шамамен 18,5 мың шаршы шақырымды құрады дегенге тоқталамыз. Бір қарағанда бұл – статистика. Десек те әр цифрдың артында адамның тағдыры тұр.
Жарылыстан басталған қасірет
1949 жылдың 29 тамызы. Қазақ даласының тарихындағы ең ауыр күндердің бірі дәл осы күннен басталды. Семей полигонында Кеңес Одағы өзінің алғашқы атом бомбасын сынады. Сынақтың қуаты шамамен 22 килотонна болды. Бұл жарылыстың тарихи маңызы әскери тұрғыдан қарастырылғанымен, оның зардабын ең алдымен сол маңда өмір сүрген бейбіт халық тартты.
Полигон маңындағы ауылдарда адамдар күнделікті тіршілігін жалғастыра берді. Мал жайылды, адамдар еңбек етті, балалар мектепке барды. Бірақ олардың аспанында көзге көрінбейтін қауіп тұрды. Ядролық сынақтардың алғашқы жылдарында жарылыстардың салдары туралы халыққа толық ақпарат берілген жоқ.
Әуедегі және жер үстіндегі сынақтар кезінде радиоактивті заттар атмосфераға тарады. Кейін олар топыраққа, суға, өсімдікке және тірі ағзаларға түсті. Ғалымдардың зерттеулері полигон аумағы мен оған жақын жерлерде радиоактивті ластанудың іздері әлі де бар екенін көрсетеді.
Халықаралық құжаттарда Семей полигоны маңындағы кейбір аумақтарда плутоний изотоптарының мөлшері жаһандық деңгейден ондаған есе жоғары болуы мүмкін екені көрсетілген.
Семей полигонында сынақтар бір күнде тоқтаған жоқ. Керісінше, ондаған жыл бойы жалғасты. 1949 жылдан 1989 жылға дейінгі аралықта 456 ядролық жарылыс жасалды. 1960-жылдардың басына дейін сынақтардың едәуір бөлігі атмосферада өткізілсе, кейінгі кезеңде жер астындағы жарылыстарға басымдық берілді.
Ядролық қару жасау жарысы күшейген сайын полигон да жаңа сынақтардың орталығына айналды. Қарудың техникалық қуаты артқан сайын оның адамға және табиғатқа әсері де тереңдей түсті.
Семей полигонында өткізілген сынақтардың ішіндегі ең қуаттыларының бірі 1953 жылғы 12 тамызда жасалды. Оның қуаты шамамен 400 килотоннаға жеткен. Ол кезде қазақ даласында өмір сүріп жатқан қарапайым халық үшін ядролық қару жарысының геосаяси мәні маңызды болған жоқ. Олардың бар қалағаны – бейбіт өмір еді. Бірақ бейбіт өмірдің үстінен атом сынақтары өтті.
Адам тағдыры және үнсіз қалған жылдар
Ядролық сынақтың ең ауыр салмағы – оның адам денсаулығына тигізген әсері. Елдегі ресми мәліметтерге сенсек, Семей полигоны аумағындағы сынақтардың салдарынан 1,5 миллионнан астам адам радиациялық әсерге ұшырағаны айтылады. Бұл жерде бір ғана санның өзіне назар аудару жеткіліксіз. Себебі радиацияның әсері бір адамның өмірімен аяқталмайды. Оның салдары кейінгі ұрпаққа да әсер етуі мүмкін, әсер етіп келеді де.
Полигон маңындағы елді мекендерде өмір сүрген халық арасында түрлі аурулар мен денсаулық мәселелері көбейді. Ядролық сынақтардың гуманитарлық салдары ондаған жыл бойы зерттеліп келеді. Бүгінде Семей полигонының тарихы туралы айтқанда біз ауру-сырқаудың статистикасынан бұрын сол кезеңде өмір сүрген адамдардың үнін естуіміз керек. Олар жарылысты көрді, жердің дірілін сезінді, аспанның өзгергенін байқады. Бірақ көп жағдайда оның адам денсаулығына қандай қауіп төндіретінін білмеді.
Кеңес дәуірінде мұндай мәселелер туралы ашық айту мүмкін болмады. Полигонның айналасындағы шынайы ахуал жабық ақпарат саналды. Ядролық сынақтар мемлекеттік құпия ретінде қарастырылды. Сондықтан халықтың үнсіздігі – олардың келісімі емес еді. Бұл – сол кезеңдегі саяси жүйенің нәтижесі.
Уақыт өте келе барлығы өзгерді. Шындық су бетіне қалқып шыға бастады. 1980-жылдардың соңында Кеңес Одағында жариялылық пен демократиялық өзгерістер күшейіп, осы кезеңде бұрын жабық болған мәселелер қоғам талқысына шықты. Семей полигоны да солардың бірі еді.
1989 жылдың 12 ақпанында полигонда кезекті жерасты сынағынан кейін радиоактивті газдардың таралуы қоғамдағы алаңдаушылықты күшейтті. Осыдан кейін ядролық сынақтарға қарсы қоғамдық қозғалыс құру қажеттілігі айқын сезілді. Сол жылдың ақпан айында ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған антиядролық қозғалыс құрылды. Оның атауы – «Невада-Семей». Бұл атаудың өзі үлкен мағынаға ие еді. АҚШ-тағы Невада полигоны мен Қазақстандағы Семей полигонының тағдырын байланыстыра отырып, қозғалыс ядролық сынақтардың бүкіл адамзатқа ортақ мәселе екенін көрсетті.
«Невада-Семей» қозғалысының негізгі талаптарының бірі белгілі. Яғни, Семей полигонын жабу және сынақтардан зардап шеккен халықты оңалту, қоршаған ортаны сауықтыру болды. Мұнда ең бастысы – халық алғаш рет «Ядролық қаруға жол жоқ!» деп өз талабын ашық айтты. Содан кейін бұл ұран бірте-бірте бүкіл елге тарады.
Бірлікпен келген жеңіс
«Невада-Семей» қозғалысы Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуына да үлкен серпін берді. Әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдар бір мақсаттың төңірегіне бірікті. Ғалымдар, ақын-жазушылар, дәрігерлер, журналистер, жастар және қарапайым тұрғындар қозғалысты қолдады. Бұл бір адамның немесе бір ұйымның ғана жеңісі емес еді. Бұл сол сәтте бірлескен халықтың жеңісі болды.
1989 жылдың жазында Семейде ядролық сынақтарға қарсы қоғамдық талқылаулар күшейді. Қозғалыс өкілдері КСРО билігінің алдына полигонды жабу туралы талап қойды. Сол кезеңдегі қоғамдық қысымның нәтижесінде полигон мәселесі одақтық деңгейдегі саяси күн тәртібіне шықты.
1989 жылдың 19 қазанында Семей полигонында соңғы ядролық жарылыс жасалды. Бірақ полигонның ресми түрде жабылуына әлі екі жылға жуық уақыт қалды. Десек те осы екі жыл Қазақстан тарихындағы күрделі кезеңнің бірі.
1991 жыл. Кеңес Одағының саяси жүйесі ыдырап, республикалар тәуелсіздікке қарай бет алып жатқан кезең. Дәл осы уақытта Қазақстан өзінің ең маңызды шешімдерінің бірін қабылдады. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылды. Осылайша әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі ресми түрде жабылды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алдындағы кезеңінде қабылданған тарихи қадамдардың бірі болды.
Полигонның жабылуы тек Қазақстан түшін емес, әлем үшін де маңызды оқиғаға айналды. Өйткені ядролық қарудан бас тарту идеясын іс жүзінде көрсеткен елдердің бірі дәл Қазақстан болды. Ең маңыздысы – Қазақстан ядролық сынақтардың зардабын өз басынан өткерген мемлекет ретінде әлемдік қауымдастыққа ерекше үндеу жасады. Яғни біздің еліміздің антиядролық ұстанымы жай саяси ұран емес. Оның артында халықтың басынан өткен нақты тарих бар.
Полигон жабылды. Ал жара жазылды ма?
29 тамызда полигонның жұмысы тоқтады. Бірақ радиацияның зардабы сол күні жоғалып кеткен жоқ. Қарапайым өндірістік нысанды жабуға, ғимаратты бұзуға, жолды қайта салуға болады. Дегенмен радиациялық ластанудың кейбір салдарын бірнеше жылда немесе бірнеше онжылдықта жою мүмкін емес.
Бүгінде Семей полигонының аумағында радиологиялық және экологиялық зерттеулер жалғасып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының құжаттарында полигонға жақын аумақтардағы радиологиялық жағдайды бағалау әлі де маңызды мәселе екені көрсетіледі. Демек, 1991 жылғы шешім – соңғы нүкте емес. Ол ұзақ мерзімді жұмыстың енді ғана басталғанын білдірді.
Полигоннан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, медициналық бақылау жүргізу, қоршаған ортаны зерттеу, ластанған аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтпаған мәселелер. Сондықтан Семей полигоны туралы сөз қозғағанда «жабылды» деген бір ғана сөзбен шектелуге болмайды.
Қазақ даласынан басталған жаһандық үн
Семей полигонының жабылуы Қазақстанның кейінгі сыртқы саяси бағытына да ықпал етті. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Кеңес Одағынан мұраға қалған ядролық арсеналдан бас тарту жолын таңдады. Бұл шешім елдің халықаралық қауіпсіздік саласындағы беделін қалыптастыруға ықпал етті. Қазақстанның бастамасымен 29 тамыз кейін халықаралық күнге айналды. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде белгіледі. Осылайша кезінде қазақ даласында басталған қасіреттің тарихы бүкіл әлемге ортақ бейбітшілік үндеуіне айналды.
Бүгінгі жас ұрпақ үшін Семей полигоны алыста қалған тарих сияқты көрінуі мүмкін. Олай дейтініміз, бүгінгі күні ол кезеңді көрмеген ұрпақ өсіп келеді. 35 жыл бұрынғы артта қалған оқиғаны білу жастарға міндетті. Семей полигоны туралы білу тек датаны білу емес, оның мән-мағынасын, тереңін түсіну. 456 жарылыстың артындағы адам тағдырын сезіну, ядролық қарудың қандай зардап әкелетінін түсіну. Ең бастысы – бейбітшіліктің қадірін білу.
Кезінде ядролық жарылыстардан дірілдеген дала бүгінде тыныш. Сол тыныштықтың өзі үлкен жеңіс. Бүгін біз ядролық сынақтарды көрмеген ұрпақ болуымыз мүмкін. Бірақ сол сынақтардың салдарын бастан өткерген адамдардың әңгімесін тыңдауға міндеттіміз. Өйткені тарих ұмытылған жерде қателіктің қайталану қаупі бар.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
