Мемлекеттік қызмет-мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдарда биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттілігін атқару жөніндегі қызметі болып табылады.

Мемлекеттік қызметкерлерге қойылар басты талап – сапалы жұмыс болса, нәтижесі – үздік көрсеткіш. Мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың өз жұмысына жауаптылықпен қарауы – қызмет сапасының артуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Мемлекеттік қызметтің, оның ішінде мемлекеттік қызметкердің оң имиджі мен беделі – бұл мемлекет беделінің бір бөлігі. Мемлекетімізде жоғары кәсіби мемлекеттік қызметтің қалыптасуы, олардағы басқару құрылымдарының міндеттерінің сапалы жүзеге асуы, бұл көп жағдайда мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты болып келеді. 

Кәсіби білікті кадрлар – мемлекеттік қызметтің заман талабына сай тез дамуын, уақытпен бірге жүріп отыруын қамтамасыз етеді. Екінші жағынан, мемлекеттік қызмет саласы – халыққа қызмет көрсетуші, халықпен тікелей байланыстағы қызмет екенін ескерсек, тек кәсіби маман болып қана қою жеткіліксіз. Мемлекеттік қызметші халықпен араласу мен қатынас жасай білу мәдениетін қалыптастырып, әрдайым әдеп нормаларын сақтауы тиіс.

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын таылаптарды жоғарылату мақсатында 2015 жылғы 29 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» бекітілді.

Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.

Әдеп кодексінің 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.

Мемлекеттік қызметші өз қызметі шегінде барынша ұқыпты, адал, сыпайы, қай кезде де өзгеге үлгі бола білуі керек.

Мемлекеттік қызметші қызметтен тыс уақытта қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге, сырт келбеті қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал жасауы керек.

Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады, сондықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей мінсіз атқаруы тиіс. 

Жаңақорған аудандық сотының бас маман сот отырысының хатшысы Қалдыбаев Бақытжан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!