Rolls-Royce көлік бренді – қос кәсіпкер Чарльз Роллс пен Генри Ройстың сәтті одағының туындысы. Біреуі ақсүйек отбасынан шыққан байлар қатарынан болса, екіншісі кедейлікпен күн кешіп, мектепте бір жыл ғана білім алған. Алайда арада қанша уақыт өтсе де жетістіктің, жеңістің символы саналатын жаңа көлік брендін жасап шығарды. Брендтің құпиясы мен басқалардан артықшылығы неде? Алғашқы көлік қашан шықты? Нарықтағы бүгінгі бейнесі қандай?

Байлық пен кедейліктің одағы
Rolls-Royce компаниясының атауы аталған екі кәсіпкер Чарльз бен Генридің тегінен құралған. Бұл – компанияның негізін қалаған Чарльз Роллс пен Генри Ройстың тегі. Ақшадан да, басқадан да тарлық көрмей өскен Чарльз Роллс Уэльстегі тұқым қуалайтын ақсүйектер отбасында дүниеге келді. Екі бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған ол бала кезінен автомобильдерге қызығатын. Тіпті, әйгілі Кембридж университетінде оқитындардың арасында өз көлігі болған алғашқы студент болды. Оқуды бітіргеннен кейін ол автокөлік импортымен айналысатын жеке фирмасын ашты. 1902 жылы құрылған фирма C. S. Rolls & Co деп аталды. Бірақ көліктің табынушысына айналған Роллсқа әдеттегі импорт жеткіліксіз болып көрінетін. Яғни ол үнемі өз көлігін шығаруды қиялдайтын.
Бренд атауындағы екінші есім – Ройс компанияның негізін қалаушы және бірінші инженері Генри Ройсқа тиесілі. Роллдан айырмашылығы, Ройс шын мәнінде кедей отбасында дүниеге келеді. Он жасынан бастап газет тасымалдаушы, сонымен қатар пошташы болып жұмыс істеген ол білімсіз ештеңеге қол жеткізе алмайтынын түсінді. Сондықтан бос уақытында француз және неміс тілін, электротехника мен математиканы қатар оқыды. 16 жасында тым болмағанда мектеп бітіру туралы дипломының жоқтығына қарамастан Ройс Максим Хайремнің компаниясына инженер лауазымына жұмысқа орналасты. Бұл жұмыс оған бизнес үшін бастапқы капиталды жинауға және өз ісін – Royce & Co механикалық шеберханасын құруға көмектесті. Бірақ Ройсқа да жеке шеберханасының болуы жеткіліксіз еді. Ол да Роллс сияқты өз көлігін жасап шығаруды армандайтын.

Алғашқы көлік
1903 жылы Ройс жеке шеберханасында 10 аттың күші бар үш көлік жасап шығарған еді. Алайда бұл автокөліктерде жаңа техникалық өзгеріс атымен жоқ. Тек сыртқы көрінісімен, құрастырылуымен және сенімді бөлшектермен ерекшеленді.
Арада көп уақыт өтпей-ақ автокөліктер Англияда үлкен шу шығарды – жаңа өндіріс туралы жергілікті газеттер, кейінірек әлемдік БАҚ өкілдері жаза бастады. Чарльз Роллс бұл автомобильдер туралы естіген соң өзінің жеке көлігін жасауға көмектесетін инженер іздеді. Осылайша 1904 жылы 1 мамырда Мидленд мейрамханасында Роллс пен Ройс арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл күн Rolls-Royce компаниясының ресми негізі қаланған күн саналады.
«Rolls-Royce»-тің басқалардан басты айырмашылығы – автомобильдердің сенімді болуында. Фирманың алғашқы нақты моделі 1906 жылы халықаралық көлік көрмесінде көрсетілді. Қуатты болат жақтауы, 7 литрлік қозғалтқышы және қатар орналасқан 6 цилиндрі бар автомобиль көпшіліктің көңілінен шықты. Автокөлік Rolls-Royce 40/50 HP деп аталды және «әлемдегі ең сенімді көлік» ретінде сатылды.

Логотип
Компанияның негізін қалаушылар бастапқыда логотипті үлкен қызыл RR әріптерімен шығарды. Бірақ көп ұзамай бедел мен сән-салтанатқа баса назар аудару үшін қара түске ауыстырылды. Алайда брендтің логотипі RR әріптері емес, «экстаз рухы» деп аталатын мүсінше түрінде бекітілді. 1909 жылы Лорд Сэр Джон Монтагу өзіне компания көліктерінің бірін сатып алды. Көлігі басқалардан ерекшелену үшін ол мүсінші Чарльз Сайкске тапсырыс берді. Мүсіншенің Чарльз Роллсқа ұнағаны сонша, ол оны брендтің барлық өніміне пайдалануға рұқсат алды.
Роллс-ройстың атағы әлемге жайылғанын айттық. Мұны жай ғана жақсы жарнамамен байланыстырғандар да болды. Брендке күмәнданған кәсіпкер Клод Джонсон алғаш рет «жүгіру» батырмасын қолданып, машинаның кемшіліктерін анықтамақ болды. Бірақ 24 мың шақырымдық қозғалыстың нәтижесінде құны 2 фунт жанармай шүмегі ғана бұзылды. Жолдың көп бөлігін 120 шақырым/сағ жылдамдықпен жүріп өткеніне қарамастан, көліктің еш жеріне зақым келмеді әрі құрылғы алғашқыдағыдай жұмыс істеуін жалғастыра берді. Әрине, қателікті көргісі келген кәсіпкердің таңданудан басқа шарасы жоқ еді.

Жетістік пен жеңіліс
Жарты ғасырға жуық уақыт бойы 1950 жылдардың соңына дейін бренд сатылым мен сұраныс жағынан өзін өте сенімді сезінді. Rolls-Royce кәсіпкерлер, атақты адамдар және тіпті, билік өкілдері мінетін британдық премиум көліктің имиджін қалыптастырды. Компания әлемдік «ұлы дағдарыс» кезінде де өркендей берді. 30-шы жылдарда сатылымның жоғары болғаны сонша, фирма сол кезде басты бәсекелесі болған Bentley-ді басып озды.
Жеңіс барда жеңіліс те бар. Осылайша 1960 жылы бәрі өзгерді: әлемде тағы бір дағдарыс басталып, Rolls-Royce тұрақты­лықты сақтауға тырысты. Компания екі ауқымды жоба – автомобиль­дің жаңа моделін шығару және реактивті қозғалтқышты құрумен қатар айналыса бастады. Алайда дағдарыс кезінде сатып алушылар саны азайып, жаңа өнімдер талап етілмеді. Нәтижесінде бренд бірнеше банктен қарыз алды да, әлемдік нарықтан жоқ боп кетуіне аз ғана қалды.

Өз брендін құтқарған британдықтар
Дағдарыс жылдары өтті. 1971 жылы компания ресми түрде өз шығындарын жабуға қабілетсіз деп танылды. Алайда британдықтар оның жабылуына жол бермеді. Rolls-Royce – екі адамның ғана емес, елдің брендіне айналып, ұлттық қазынаға теңестірілген еді. Нәтижесінде мемлекет фирманың қарыздарын өтеу үшін 250 миллион доллар төледі.
Осы сәттен бастап компания үшін сауда-саттық басталды. Сатып алуға үміткер BMW, Volkswagen және Daimler-Benz компаниялары арасында бірнеше рет мәміле жасалды. Алдымен Daimler-Benz күрестен шықты, ол өзінің Maybach брендін дамытуға шешім қабылдады. Содан кейін BMW және Volkswagen бағаны бұзу үшін мәміле сомасын бірнеше рет арттырды. Бірнеше айлық келіссөзден кейін BMW тікелей Rolls-Royce брендін сатып алды да, Volkswagen Bentley компаниясын иемденді.

12 айда 6021 көлік
Әйгілі брендтің бүгініне оралайық. Сандар былай сөйлейді. Өткен жылы компания өнімдерінен 6021 автокөлік сатылған. Бұл тапсырыстың 2021 жылмен салыстырғанда 8 пайызға өскенін білдіреді. Тіпті, компанияның мәліметінше, 2023 жылдың соңына дейінгі тапсырыстар қабылданып, брендтің иелеріне дайындалуда. Яғни, 50 шақты елге сұранысын жеткізген «Rolls-Royce» үшін өткен жыл рекордтық көрсеткіштерге жеткен жемісті жылдың бірі боп қалмақ. Брендтің жоғары бағаланатын автокөліктерін кімдер сатып алады? Алғашқы орында тұрған америкалықтар сатылымның 35 процентін құрап тұрса, 25 проценті қытайлықтарға тиесілі. 20 %-ін сатып алған Еуропа халқы үштікті аяқтап тұр. Брендтің көліктері – тек қана «жетістік пен жеңістің» көрінісі емес, сонымен бірге жыл сайын жаңа үлгілері қарастырылатын, жайлы әрі тиімді жол жүру құрылғысы.
Айта кетейік, көліктердің құны 10 жыл бұрынғы кезден бірнеше есе артқан. Қазіргі ең төменгі баға 500 миллион евроны құрайды. Қазақшаласақ, 251 115 000 000 теңге. Бұл қазақстандықтардың қанша жылдық айлығы екенін есептей беріңіз. Әр елдегі халықтың өмір сүру стилі мен әлеуметтік жағдайын осыдан-ақ білуге болады. Америкалықтар үшін брендтен жаңа көлік міну таңданарлық дүние емес. Еуропалықтар «Rolls-roys» -ты жұрттан қалмау үшін не мақтану үшін мінбейді.

Бетті дайындаған Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!