«Қандай ас ішемін, не киім киемін?». Қарап отырсақ, біз бұл сұрақтарға келгенде ұзақ ойланбаймыз. Содан болар, кейде қиғылық салып, бардың қадіріне бойлай бермейміз. Аштықты көрген жоқпыз. Бейбіт өмірде ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда, ешкімге алақан жайып, жал­тақ­тамай­мыз. Ал бұл жолда­ талай тарлан­ның тақы­мы­н­дағы тер кеппеді.

Ұлт-азаттық көтерілістер, Ұлы отан соғысы мен Желтоқсан оқиғасы, қатал сыннан өткен жандардың жан қияр ерлігі тарих қойнауында сақтаулы. «Тәуелсіздік алдық, енді оны қалай сақтап қаламыз?» деген сауал көптің көкейін күпті еткен тағдырлы уақыт та болды. Ата-аналарымыз ол кезеңнің өтпелі болғанын, айлап-жылдап жалақы алмай, зейнетақыға жете алмай зарыққан жандар жайлы күрсіне айтып отырады. Олар қиналды, бірақ шыдады. Қиын күннің желдей есіп өтеріне сенгендіктен. Оларға сол сәтте қуат берген бір құдірет болса, ол – Тәуелсіздік.

Өйткені ата-бабаларымыздан мұра бо­лып қалған ұлан-ғайыр атамекен жер, мәде­ниет тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталғаны анық. Бұл орайда қазақ әдебиетінің қара нары, қазақ журналистикасының жампо­зы Шерхан Мұртазаның мына сөзі еске түседі: «Қазақ деген елдің ежелден бергі арманы – азаттық. Сол азат­тық қаншама ғасырлар бойы қиын-қыстау кезең­дерден сүрінбей өткен қазақтың пешенесіне бұйырыпты. Өзгелермен иық тірестіріп тұрып, тәуелсіздік алдық. Тәубе». Шынында,«Қашан егемен ел боламыз?» де­ген бір кездегі мазалы сұрақ – бүгін біздің ба­қытымыз. Хас ақын Қасым Аманжоловтың «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ. Жү­зіңе көп қараймын мен таңырқап» деген жа­лынды жырын да бүгінгі жастарға қарата айтуға болады. Қазір жас буынға сапалы білім беру жолында жаңа білім ордалары ашылуда, кәсіби маман атануға еш кедергі жоқ. Содан болар, білім-ғылымда, спортта, мәдениет саласында топ жарып жүрген заман­дастарымыздың қатары қалың.

Мұны біз биыл табалдырығымыздан ат­та­ған мерейлі датада, Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғына орай жастардың төл газеті – «Ақмешіт жастары» ұйымдастырған байқаулардан да байқадық. Тарқатып айтсақ, осыдан бірнеше ай бұрын жарияланған «Жастар жырлайды» облыстық жазба ақындар айтысына қатысуға ниет танытқан жастар көп болды. Жастар жанашыры, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төр­аға­сы Мағжан Ералиев қаржылай қолдау та­нытқан сайыста жеңімпазды анықтау оңай болған жоқ. Бірақ сөз сайысында көркемдік ерекшелік, орамды сөз қолданысы арқылы «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева, үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов бас­та­ған қазылар алқасы Бексұлтан Орын­басаровқа І орынды, ІІ орынды Шыңғыс Құдайбергенге, ІІІ орынды Айбану Қа­лиева мен Динар Рахманға берді. Ал Темірбек Жүргенов атындағы сый­лық үшін жарияланған «Ғылым жо­лында» байқауында «Болашақ» уни­вер­ситетінің «Қоғамдық пән­дер, тарих және география» кафе­дра­сының меңгерушісі Ботагөз Паридинованың «Рухани дүние­таным» және «Руханилық» кате­горияларының педагогика және психологиядағы түсініктері» ең­­бегі байқау талабына сай жа­зылған үздік зерттеу деп та­нылды. Біздің айтпағымыз, са­йыс, жүлде-марапат емес. Ең маңыздысы, жастардың Тәуелсіздіктің мә­нін терең түсінуінде болып отыр. Олар­дың «Біз бақытты ұр­пақпыз, алдағы жарқын бо­лашақ та біздің қолда. Игі­лігіміздің бастауы болған Тәуелсіздігімізді бағалап, ардақтай білу маңызды» деген пікірі қуантады. Расында, «Азаттық пен тыныштық, көксегенім» деп Абай атамыз жыр­лағандай, қазіргі қазақ қоғамына ең қажет дүние – бейбіт өмір мен тату тірлік. Тәуел­сіздігіміз тұғырлы бол­ғай!

Мөлдір СНАДИН