Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Тәуелсіздік мерекесінде ҚР Тұңғыш Президенті қорының ұйымдастыруымен өткен «Ел үміті» және «Мың бала» жобасының жеңімпаздарын қабылдады. Жиында аймақ басшысы терең білім алу қай кезеңде де өзекті екенін айтып, зияткер, көшбасшы балаларға сәттілік тілеп, айрықша сенім білдірді.

– Біз үшін жастармен жүздесіп, пікір алмасатын әрбір кездесудің маңызы ерекше. Ал бүгінгі кездесудің мәні тіпті бөлек. Бізге әлемнің жаңа талабы мен сұранысына лайықты жауап беру керек. Ол үшін Тәуелсіз еліміздің жаңа буын жастары, білімді әрі талапты болуы маңызды. Ата-бабаларымыз ғылым-білімнің тек оқу арқылы табылатынын өсиет етті. Сондықтан егемен еліміздің жаңа, азат ойлы буыны ретінде жастардың алдында Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, Отанымыз үшін пайдалы білім алу міндеті тұр, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

«Мың бала» жобасы жыл сайын ауылдық жердегі 5 және 6-сынып оқушылары арасынан 1000 дарынды анықтап, әрі қарай еліміздің үздік білім ошағында оқуға мүмкіндік беретін жоба. Мәселен, биыл жобаға Ұлттық зияткерлік олимпиадасында ауыл мектебінен 18 мыңнан астам оқушы бақ сынады. Оның 75-і жеңімпаз атанды. Үздік жастардың 23-і дарынды балаларға арналған мектептерге конкурстан тыс қабылданып, Елбасы Академиясы жанындағы «Бірге оқу» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтуде. Үздіктер қатарынан көрінген қызылордалық Елдос Шыңғысұлы Елбасы қолынан медаль алып, қуанышымен бөлісті.

– Мен ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасы аясында ұйымдастырылған жобаға қатысқаныма 6 ай болды. Бұл жоба өзімді жан-жақты дамытуға, мақсатқа ұмтылуға мүмкіндік берді. Жоба аясында 1086 бет кітап оқып, ой өрісімді кеңейттім. Саламатты өмір салтын ұстанып, денемді шынықтыратын спорт жаттығуларымен айналыстым. Қоршаған ортаны зерттеу менің дарын мен дағды бағытындағы негізгі төл туындымның өмірге келуіне жол ашты. Ұлттық мұра бағытында ұлттық асханамызбен танысып, ұлттық тағамдар жасап, жақындарыма қуаныш сыйладым. Волонтерлік бағытында балаларға, достарыма, мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерікті ретінде көмек қолын создым. Жалпы айтқанда бұл жобаның бізге берер мүмкіндігі өте зор екенін ұқтым, – дейді №101 орта мектеп оқушысы Елдос Шыңғысұлы.

Ал «Ел үміті» жобасына облыстан 446 талапкер қатысып, нәтижесінде 62 қатысушы қола медальге ие болды. Шарада байқау жеңімпазы С.Асфендияров атындағы медицина университетінің 3-курс студенті Нұрай Әбжан аймақ басшысына арнайы алғыс білдіріп, «Елбасы медалі» сыйлығын иелену бақыты бұйырғанын мақтанышпен жеткізді.

– Жоба бойынша шілде айынан бастап тәлімгеріммен 6 бағыт бойынша жоспар құрып, жұмысымызды бастадық. Кітап оқу бағытында І.Есенберлиннің “Көшпенділер”, М.Булгаковтың “Ит жүрегі”, Дэвид Рэндаллдың “Ұйқы ғылымы” сынды шығармаларымен таныстым. Спорт бағытында жаныма жақын волейбол спорт түрімен шұғылдандым. Ал дарын бағыты бойынша маникюр ісін таңдап өзімді бизнес саласында сынадым. Алғашында өзіме сенімсіздік танытсам да, осы жолда табысқа жеттім. Волонтер бағыты бойынша тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіп, маска тараттым. Жобаның біздей жастарға берері мол. Мысалы, “Career vision” компаниясының тестілеуінен тегін өтуге мүмкіндік алдық. Бұл компанияның артықшылығы сізге қандай мамандыққа немесе салаға бейім екеніңді анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар онлайын курстардан оның ішінде ораторлық, дизайнерлік, актерлық шеберлік сынды курстарда өз ісінің маманы, елге танымал тұлғалардан тәлім алдығымен ерекшеленеді. Алғашында 6 ай уақыт бізге ұзақ көрінсе де, тапсырманың қызық болуының арқасында уақыттың қалай өткен байқамай қалдық, – дейді жоба жеңімпазы Нұрай Әбжан.

Білім саласында жетістікке жетіп, үздіктер қатарынан көрінген 10 оқушыға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы медалін табыс етті. Сондай-ақ «Мың бала» олимпидасының жүлдегерлеріне ноутбук сыйлады.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!