Сәкен МАЙҒАЗИЕВ,

ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

Қызылордалықтардың қонақжай екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бауырмалдығы өз алдына, бір-біріне деген жанашырлығы, қолдауы ерекше. Бұған дәлел «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбекке деген жерлестердің қолдауы, қошеметі мен риясыз құрметі. Мұны әнші Сәкен Майғазиев те Сыр өңіріне келген сапарында айтты. Біз орайлы сәтте әншінің алдағы жоспары, Smart мектебі, жеке кештері, сондай-ақ «Қазақстан дауысы» жобасы жайлы  да сұраған едік.

Талантты жұлдыздың бірнеше қалада Smart өнер мектебі бар. Сыр өңірінде де. Ата-аналар қызығушылық танытып, мектепке сенім білдіріп балаларын табыстаған. Нәтижесі де жаман емес секілді. Инстаграм парақшасына көз жүгіртсек, алғаусыз алғыстан көз алмайсыз.

– Smart өнер мектебі пайда табу көзі емес. Мен бұрын көпқабатты ғимараттардың бірінде тұрдым, тұрғын үй кешенінің төменгі жағында бір топ бала арлы-берлі өтетін. Құлағына сырға тағып, шашын түрлі түске бояп алған. Жерге отыра салады, шүлдірлеп не сөйлегенін адам түсінбейді. Соларды көріп, жүрегім ауырды. Қазақ деген атымыз, қазақылығымыз қайда деген ойда қалдым. Содан қазақ өнер мектебін ашу қажет деген идея келді. Сөйтіп Алматыда бастамамды жүзеге асырып, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді бойына сініретін оқушы тәрбиелеуді мақсат етіп қойдық. Олар өзге тілде ән шырқай берсін, бірақ біз олардың бойына қазақылықты сіңіруіміз қажет, – дейді әнші.

Патриот, патриотизм деген бар. Мысалы, қанша тілде сөйлей білсең де, қанша тілде ән шырқасаң да, өз еліңе, туған жеріңе деген махаббат, сүйіспеншілік жоғалмайды. Құралай Мейрамбек қолына қобыз алып шырқағанда, кімді болса да елітпей қоймайды. Әншімен өрбіген тағы бір тақырып осы.

 – Құралай қобызда шырқағанда өзгелердің тұла бойы тітіркеніп кетеді. Себеп адамның бойында қазаққа деген махаббаты жатыр. Қанша жерден орыс тілінде сөйлесін, ағылшын курсына барсын, жатқа еліктесін. Десе де жүрегінің түбінде елге деген сүйіспеншілікті байқау қиын емес. Шетелде тәрбиеленген баланың өзі қобыздың дауысын естісе жалт бұрылады. Сол сияқты Құралай секілді әншілер Smart өнер мектебінде тәрбиеленіп келеді. Сарағашта ем қабылдап жатқанымда халықтың өтініші бойынша концерт бердім. Сол кезде Шымкент қаласындағы өнер мектебімнен Фариза есімді бүлдіршінді алдырттым. Ол да дарын иесі, дауысы керемет. Біздің мектептерден алдағы уақытта елдің жүрегін жаулайтын осы секілді әншілер шығатынына кәміл сенемін, – дейді Сәкен Майғазиев.

Бүгінде не көп ақылы, ақысыз үйірме көп. Ата-аналар да көбіне тегін дүниеге құмар. Бірақ атүсті қарайтын, мемлекеттен бөлінетін ақшаны алсам болды деген ұстанымда болатындарға тап болмаса игі. Әнші «арзанның сорпасы татымайтынын» кеш түсініп қалмасақ болғаны» деген ой айтады.

– Мектеп ашу, болмаса басқа да дүниелермен айналысу оңай емес. Оның да өз кемшілігі, қиындығы бар. Мәселен, ата-ананың көңілінен шығып, баласын ойындағыдай үлкен сахнаға дайындап шығару жеңіл дүние емес. Бүгінде субсидия мәселесі өзекті. Өкініштісі, мен Алматыдағы өнер мектебінде мықты балалардан «айырылып» қалдым. Олар бұрын ақшасын төлеп оқитын. «Арзанның дәмі татымас» дейді ғой. Тегін дүниеде құн болмайды, соны түсіндім.  Мемлекет тарапынан балаларға мүмкіндік жасалып жатыр. Тегін үйірмелерге қатысып, спортта шыңдалуға болады. Оған қарсылығым жоқ. Айтайын дегенім, кейбір ата-аналар тегін үйірме тұрғанда ақылы өнер мектебіне неге ақша шығындауым керек деген түсінікте, өзгелерге де солай етуге кеңес береді. Өнерге үш қайнаса сорпасы татымайтындар өнер мектебін ашып жатқаны өз алдына бөлек әңгіме, – дейді ол.

Әнші «Қазақстан дауысы» жобасы мен шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөлісті.

– «Қазақстан дауысы» – жобасы жоғары рейтинг көрсеткен шоу бағдарлама. Жоғарыда тоқталып өткенімдей,Құралай Мейрамбекқызы нағыз талант иесі. Себебі жобаға алғаш келгеннен өзін жан-жақты көрсете білді. Орындаушылық шеберлігі арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Алдағы уақытта шығармашылығын дамыту мақсатында жаңа әндер жарық көреді. Әлемдік деңгейдегі байқауларға қатысу да жоспарымызда бар. Биік белестерден көріну жолында бірігіп еңбек ететін боламыз, – деді Сәкен Майғазиев.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!