Тәуелсіз ел болуды арман еткен ата-бабаларымыздың мақсаты орындалды. «Тәуелсіздік ‒ ең қымбат қазынамыз!» деп айтылуының жөні бар. Себебі ата-бабаларымыздың және Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев т.б. ерліктерін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге қылу, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, әрбір мектепке дейінгі тәрбие беретін орын мен ата-ананың міндеті деп білемін.

Ежелден қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ерлер «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлаушы еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны – осының дәлелі. Бұдан 30 жыл бұрын қазақ жеріндегі тәуелсіздік таңы – Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан даланы қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз. ХХІ ғасырға тәуелсіз мемлекет болып аяқ бастық.

Халық, ел, ұлт, мемлекет болып қалыптасу үшін ең қажетті алғышарттардың бірегейі ‒ оның егемендігі, өзге жұрттан тәуелсіз, даралығы, халқының бостандығы екенін білеміз. Ата-бабамыз тарихтан сыр шерте отырып, ұрпағына қашанда бірлік, елдік, ерлік, жайлы насихаттаудан танған емес.

Ендеше еліміздің сан қилы тарих қатпарларындағы қанды қырғын мен небір зұлмат соғыстар, түрлі шайқастар мен қантөгістер, небір боздақтардың жаны қиылған оқиғалар бір ғана мақсатты, бір ғана мүддені көздегенін көреміз. Сан ғасырлар бойы келе жатқан халық арманы, үкілі тілегі қазақ боп қалыптасқан тарих ізімен екшеліп, осынау уақыт аралығында ұлттық мақсаты айқындалған, қадір-қасиетімен астасқан ұраны бар тәуелсіз ел атану еді.

Ақыры кешегі «желтоқсанның мұздағы алауының» қызуы елдің үмітін жағып, Тәңір қолдап, қазағым өз тәуелсіздігін еншіледі.

Біздің осы күнге жетіп отырғанымыз, ата-бабаларымыздың бойындағы намысы мен ер жүректілігінің асқақтап тұруы, олардың елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында деп ойлаймын. 1991 жылы 16 желтоқсан күні біздің еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш Президентімізді сайлады. Әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, Тәуелсіздіктің туын желбіреткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз ұшан-теңіз.

Бала да болсақ, Елбасының Үндеуін жас жүрегімізбен жақын қабылдауды дағдыға айналдырғанбыз. Оған қоса, ұстаздарымыз бен үйдегі ата-аналарымыз да ел өміріне қатысты барлық жаңалықтар мен ақпараттарды бізге дер кезінде жеткізуден жалыққан емес. Елбасының тәуелсіздік туралы толғауы, халық үшін жасайтын Жолдауы жайлы тебіренбей айтуға болмас. Өйткені бұл құжаттың әрбір тармағында елдің кемел келешегі үшін жасап жатқан еңбектің ізі бар.

Республикамыздың қайталанбас құндылығына айналып үлгерген бұл саясат – бүгінде сенімді, әрі табысты болғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

 «Ел үмітін ел ақтар, ер атағын ел сақтар» деген мақал бар. Ұлтын сүйген ұлы тұлғаның орамды ойларын жадымызда жаңғыртып, бостандық, егемендік, тәуелсіздік секілді қастерлі ұғымның қадіріне жете білуіміз қажет.

Мен Тәуелсіз елдің қызы болғаныма қатты қуанамын!

Гүлназ ҚАЗБЕКОВА,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің педагогика және психология магистрі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!