Қазақ өнері мен Сыр мәдениеті­нің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан өнер майталманы, Н.Бе­кежанов атындағы қазақ акаде­мия­лық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әмір-Темір Хұсейін Жүсіпұлының өмір жолы жастарға өнеге. Жақында көпшілікті өнерімен сүйсіндірген азамат сексеннің сеңгіріне шықты. Осыған орай «Театр – тағдыр – тұмарым» атты шығармашылық кеш өтті.

Мерейлі кешке мерейтой иесін құттықтап, өнер саласындағы еңбегін ерекше бағала­ғандардың қарасы қалың болды. Оған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалы­қова қатысып, өнер майтал­манын құттықтады.

– Тәуел­сіздігімізге 30 жыл болған еліміздің рухани байлығын арттырып, төл өнерімізді халықаралық деңгейде танытуда өнер өкілдерінің алар орны бар.Қазіргі таңда Сыр елінде мақтаныш етіп айтатын тұтас ансамбль қалыптасқан. Солардың сапында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер, талантты сахна майталманы Хұсейін Әмір-Темірдің есімі ерекше аталады. Еліміздің бірнеше театрында қызмет етіп, туған жерге деген перзенттік парызын өтеу үшін Қызылорда драма театрында қалған Хұсейін ағамыз бүгінде қазақ театр өнеріндегі өр болмысты өнер иесіне айналып отыр. Хұсейін ағамызды Сыр театрының ғана емес, жалпы қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер деп танимыз. Шығармашылық ұжымды бір арнаға тоғыстырып, сахналық өнерді толыққанды жасауға үздіксіз қызмет атқарып келеді, – деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысы мерейтой иесіне Сыр елінің өнер саласына қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіріп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты. Бұл – абыз ақсақалға деген құрмет. Сондай-ақ кеште театр тарланын КСРО және Қазақ КСР Халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов құттықтап, маэстроның театр өмірінде қалдырған өзіндік қолтаңбасы мен жоғары репертуарлық талғамын атап өтті. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын министрліктің жауапты қызметкері Гүлнафис Мырзашева жеткізді. Шығармашылық кеште көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының иегері Дулат Исабеков және С.Вургун атындағы Әзірбайжан Мемлекеттік орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Мирбала Салимли бейнеқұттықтауын жолдады.

Айта кетейік, Хұсейін Әмір-Темір Сырдария ауданында туған. Қызылорда, Талдықорған, Алматы, Шымкент, Орал театрларының сахнасында түрлі жанрдағы, әртүрлі стильдегі 200-ден аса спектакль қойған. Сыр өңіріндегі халық театрларында 15-тен аса спектакльді сахналаған. Өнер иесінің туындылары отандық және шетелдік театрларда қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ең бастысы, ғұмырының жартысынан көбін театр сахнасында өткізген майталман жас актерлерге ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеп, бар білгенін үйретіп келеді. Өйткені оның тағдыры да, тынысы да, тұмары да – театр.