1 желтоқсан – дүниежүжілік СПИД-ке қарсы күрес күні!

         Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен 1988 жылы алғаш 1 желтоқсан Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні деп белгіленді. Сол жылдан бастап әлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес күні жыл сайын түрлі тақырыпта аталып өтіледі. Биыл Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні «Жаһандық ынтымақтастық, ортақ жауапкершілік» тақырыбы аясында өтеді. Бұл күнді арнайы атап өтудегі басты мақсат ауруға шылдыққан адамдарға қолдау білдіріп, аурудан қайтыс болғандарды еске алу.

СПИД

Инфекция қайдан тараған?

         Жалпы үш түрлі жолмен тарайтын бұл аурудың пайда болуының екі себебі бар. Біріншісі, бастапқыда ауру шимпанзелерде пайда болған. Ал екіншісі, африкалық маймылдан шыққан деген болжам бар. Ғалымдардың пікірінше, адам індетті 1931 жылы тіпті одан бұрын жұқтырған. Ал сол уақытта кейбір тайпа шимпанзелерді жеумен күн көрегендіктен ауруды жұқтырған. Бастапқыда вирусты жұқтырғандар ауруды жеңіп шыққан. Бірақ уақыт өте келе вирус қатты күшейіп, мутацияға ұшыраған. Инфекцияны жұқтырған алғашқы адам — Миссури штатының тұрғыны Роберт Рейфорд есімді жасөспірім. Ол 1969 жылы СПИД-тен қайтыс болады. Дәрігерлер науқасты «шақырту бойынша жыныстық қызмет көрсеткен» бала болған деп есептейді. Кейбір деректерде СПИД екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада пайда болған деген де болжам бар. Ол кезде иммундық жүйесі әлсіреген адамдарға ғана әсер ететін ауру балалардың өмірін жалмай бастады. Осындай ұқсас індет түрін жұқтыру науқас СПИД-пен ауырған дегенді білдіреді. Ал Голландия зерттеушісі бұл індет Балтықтың порт қаласы Данцигтан басталып, Еуропаның бүкіл аумағына таралған деп санайды. Ауру шприцті қайта пайдалану салдарынан таралған. Себебі сол кезде көпшілігі бір рет қолданылған инені бірнеше рет пайдалуды әдет қылған. Бір қызығы, ол кезде балалардың тек үштен бірі ғана аурудан қайтыс болды. Яғни сол уақытта олар жұқтырған вирус бүгінгі күндегі өлімге әкеп соғатын ауру түріне айналып үлгермеген.

Ойдан шығарылған ба?

         Соңғы уақытта бұл аурумен жастардың ауруы, оның ішінде нәрестелердің болуы қоғамды алаңдатады. Себібі осы уақытқа дейін ел арасында мұңдай ауру ойдан шығарылған деген пікір де қалыптасып үлгерді. Аурумен бетпе-бет келгендердің өзі сенбейтіндей дәрежеге жеткен. Алайда бұл инфекцияны 1983-84 жылы АҚШ пен Франция мемлекетінің екі ғалымы бір-біріне тәуелсіз түрде аурудың қоздырғышын анықтап, оған ВИЧ деген атау берген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше,осы уақытқа дейін аталмыш аурудан 25-30 млн адам көз жұмды. Сондықтан бұл аурудың ойдан шығарылу негізсіз дейді ғалымдар. ВИЧ/СПИД-тің алдын алу мақсатына Үкімет тарапынан миллиардтаған қаржы жұмсалуда. Соған қарамастан, бұл аурудың осы күнге алдын ала егетін вакцина, ағзаны вирустан толық тазартатын дәрі табылған жоқ.

– Бүгінде АИТВ-ға тексеретін зертхананың мүмкіншілігі мол. Қазіргі таңда ИФА зертханасы заман талабына сай қондырғымен жабдықталған. Онда білікті мамандар жұмыс жасайды. Облыста АИТВ-ға тексеру жүргізетін 4 зертхана бар. Біреуі ЖИТС орталығында, 2-еуі Шиелі және Қазалы аудандарындағы орталықтың филиалында. 4-еуі облыстық қан орталығында. Онда тек донорларды  АИТВ-ға тексеру жүзеге асырылады. Зертханалардың материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсаруда, яғни қазіргі заман талабына сай зертханалық құралдармен жабдықталуда. ВИЧ инфекциясына тексерілетін адамдар саны да жыл сайын өсуда, яғни ол үшін жұмсалатын қаржы көлемі де жыл сайын артып отыр. ВИЧ инфекциясына бейім топ саналатын инъекциялық есірткі тұтынушылар, жыныстық қатынас қызметкерлері арасында ВИЧ инфекциясының алдын алу мақсатында оларға шприцтер, мүшеқаптар, үгіт насихат материалы, залалсыздандыру дәрілері таратылады. Оларға арналған сенім пункттері, достық және психоәлеуметтік кеңес беру кабинеттері жұмыс жасайды. Осының бәрі және СПИД орталықтарын ұстау қомақты қаржыны қажет етеді және ол Үкіметтен бөлінеді. Сондықтан СПИД-ті аңыз деп айтқан адамдар қандай дәлелдерге сүйенетінін білмеймін. Бірақ СПИД-тің аңыз емес ақиқат екені анық, – дейді ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының ИФА зертханасының меңгерушісі Сауле Асанқанова.

177 тұрғын тіркеуде тұр

Елімізде 39354 адам вирус жұқтырып тіркеуде тұрса, биылдың өзінде 2739 адамнан АИТВ инфекциясы анықталған. Қызылорда облысында АИТВ-ның алғашқы оқиғасы 1990 жылы анықталса, сол уақыттан бері 177 адам аталмыш жұқпамен тіркелді. Ондағы ерлердің үлесі — 60 пайыз болса, әйелдер — 40 пайыз. Биылдың өзінде облыс бойынша 15 адамнан АИТВ жұқпасы анықталған. Олардың барлығы вирусты жыныстық қатынас арқылы жұқтырғаны дәлелденген. Оның 3-еуі қайтыс болған. Оның ішінде 6 жасар бала да бар. Бала вирусты ата-анасынан жұқтырған.

            — Өкінішке қарай, соңғы кездері вирус жыныстық қатынас арқылы таралуа бастады. Оған дәлел, егер осыдан 10-15 жыл бұрын бұл жұқпа 50-60 пайызы инъекциялық есірткі тұтынушылар арасында анықталған болса, қазір жыныстық қатынас арқылы жұқтыру 100 пайызға жетті. Нәтижесінде ана мен бала өміріне қауіп төнуде. Соңғы көрсеткіш нәтижесінде 25 жүкті әйелден АИТВ жұқпасы анықталса, облыста анасынан жұқтырған 2 бала тіркелді. Сондай-ақ инфекцияны ауылдық елді мекенде де тіркелу көбейді. Мысалы, Қазалы ауданында — 12, Шиеліде — 14, Қармақшыда — 10,  Аралда — 11, Жаңақорғанда — 12, Сырдарияда — 3, Жалағаш ауданында — 1 адамнан анықталған, — деді ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың емдік-көмек бөлімінің меңгерушісі Шолпан Өтегенова.

         ЖИТС вирусының үшінші жұғу жолы — анасынан нәрестеге жұғуы. Ауырған немесе АИТВ жұққан әйелден туған балалардың 4/5-не вирус осындай жолмен жұққаны белгілі болды. Егер де анасы нашақор немесе жезөкше болса нәрестеге вирус жұғу қаупі бірнеше есе артады. Вирус нәрестеге қалыпты босану кезінде, баланы операция жасап алғанда және жүктілік кезінде жұғуы мүмкін. ЖИТС-тің нәрестеге науқас анасының емшек сүті арқылы жұғу оқиғалары да белгілі. Облысымызда вирусты алғаш жұқтырған нәресте қазір 12 жаста. Дәрілік заттарды тұрақты қабылдап, инфекциямен жастайынан күресуде.

 .

  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша АИТВ жұқтырғандар саны 2000 жылдан кейін 40-50 миллионға жетуі мүмкін.

Қызыл лента

     1991 жылы сәуір айында ЖҚТБ проблемасына қоғам назарын аудару мақсатында СПИД-ке қарсы қозғалыстың мүшесі, суретші Франк Мур “Қызыл лентаны” алғаш рет ойлап шығарған. Оны алғашқылардың бірі болып Визуал АИДС ұйымының мүшелері тақты. Сол жылы Фредди Меркуриді еске алуға арналған концертке оның 70 мың табынушысы кеудесіне «Қызыл лента» тағып келді. Сол жылдан бастап “Қызыл лента ”АИТВ/ЖИТС-ке қарсы күрес және ЖИТС мәселесін түсіну қажетін көтерген адамдардың дауысын біріктірген үміт символына айналды.

Сақтану жолдары

Қандай аурудан болсын қорғану үшін адамға ең алдымен білім керек. «Білімді мыңды жығады» дегендей, әрбір жас немесе әрбір азамат АИТВ инфекциясынан қорғану үшін оның жұғу жолын, сақтану шарасын біліп, саламатты өмір салтын ұстанса, ол АИТВ  инфекциясына қарсы тұра алады. Өңірімізде ВИЧ/СПИД-тің алдын алу шаралары 4 бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт — жыныстық қатынас арқылы таралудың алдын алу. СПИД орталығында достық кабинеті жұмыс істейді. Бұл кабинетте өз еркімен келген жастар және халықтың ВИЧ жұқтыруға бейім осал тобы жыныстық жолмен берілетін жұқпаларға тексеріледі. Инфекцияның алдын алу үшін егетін вакцина болмағандықтан халық арасында санитарлық ағарту жұмысы кеңінен насихатталады. Екінші бағыт — қан арқылы таралудың алдын алу. Үшінші бағыт – анадан балаға берілудің алдын алу. Екіқабат әйелдерді екі реттен ВИЧ-ке тексеруден өткізу, ВИЧ жұқтырған екіқабат әйелдерді дер кезінде диспансерлік есепке алып профилактикалық ем жүргізу, баланы іштен жарып алу, туған балаға профилактикалық ем жүргізу сияқты шаралар жүргізіледі. Төртінші бағыт – ВИЧ жұқтырғандарға білікті медициналық көмек,  әлеуметтік қолдау көрсету. Ең бастысы, ВИЧ жұқтырғандарды алалауға, оларға «таңба  басуға» болмайды.

Дәрі-дәрмек тегін беріледі

АИТВ жұқпасы анықталған адам бірден өледі екен деген пікірден аулақ болу керек. Ол адамның біріншіден өмір сүру салтына, денсаулық жағдайына тікелей байланысты. АИТВ жұқтырған адам дәрігердің айтқанын орындап отырса, саламатты өмір салтын сақтап, құнарлы тағам қолданса, дене шынықтырумен айналысса, яғни өз иммунитетін көтеруге күш жұмсаса, 20 тіпті 30 жылға дейін өмір сүру мүмкіндігі бар дейді мамандар. Қазіргі АИТВ жұқтырғандарға жоғары активті вирусқа қарсы ем қолданылады. Ем арқылы науқастың организмінде вирустың одан әрі көбеюі тежеледі, аурудың өршуі тоқтайды. Соның нәтижесінде АИТВ жұқтырғандардың өмір сүру мүмкіндігі мен иммундық жүйе қызметі жақсарады. Бұл инфекцияның басқалардан айырмашылығы – вирусқа қарсы ем бастаған адам өмір бойы сол емді қабылдайды және оны үзуге болмайды. Ем нәтижелілігі дәрігерлер тарапынан қадағаланады. Аурудың алдын алу мақсатына Үкіметтен қомақты қаржы бөлінеді. Мәселен, биыл облысымызға 22 млн теңгеге тіркеуде тұрған азаматтардың дәрі-дәрмегін алуға тапсырыс берілген. Бұдан бөлек, сараптама жасату, ем алу сынды шаралар тегін жүргізіледі. Республикада 20-ға жуық вирусқа қарсы препарат бар. Осы препараттар адам ағзасындағы вирусты азайтуға, иммундық клеткалар санын көбейтуге, иммунитетті көтеруге, сөйтіп адам өмірін ұзартуға толық мүмкіндік береді. Орталық мамандары осы аталмыш ауруды жұқтырғандарды диспансерлік бақылауға алып, емді қажет еткен пациенттерге емдеу жұмысын, ауру белгілерінің дамуына мониторинг жүргізеді. Науқас бірінші сатыда анықталған болса, жылдар өте олардың бір сатыдан екінші сатыға ауысып, жағдайының қалай өзгергенін өз көзімен көреді.

– АИТВ жұқтырған адам анықталғаннан кейін, пациентке психоәлеуметтік кеңес беріп, инфекцияны қандай жолмен жұқтырғаны, кіммен байланыста болғаны нақтыланады. Емдік көмек бөлімі арқылы диспансерлік есепке алынып, пациент толыққанды  тексеріліп, аурудың сатысы анықталып, вирусқа қарсы ем тағайындалады, — деді ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың емдік-көмек бөлімінің меңгерушісі Шолпан Жеңісбекқызы.

Алғашында бұл ауруды жұқтырғандар қоғам тарапынан «алалау» мен «кемсітушілікке» ұшырады. АИТВ індетін жұқтырғандарды қоғамнан бөліп, қолдау көрсетпеу салдарынан стигматизация мен дискриминация сияқты келеңсіз көріністер қоғамда орын алды. Бұндай жағдайлар ВИЧ жұқтырған адамдардың толыққанды өмір сүруіне, медициналық көмекке жүгінуіне, ем алуына кедергі тигізе бастады. Сондықтан Үкімет тарапынан олардың қоғамдағы құқығын қорғайтын, таңба басуға кедергі жасайтын түрлі профилактикалық бағдарлама әзірленіп, жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде ауруға шалдыққандар емін-еркін ем қабылдап, аурумен күресуде беленділік таныта бастады.

  • ВИЧ инфекциясының жұғу жолдары:

         Қорғалмаған  жыныстық қатынасқа түсу, қан арқылы, анадан балаға жүктілік немесе ана сүті арқылы жұғады. Бұл инфекция тұрмыстық жағдайда жұқпайды.

АИТВ және ЖИТС ұғымының айырмашылығы

         – Көпшілік АИТВ және ЖИТС атауын синоним ретінде қабылдайтыны рас. АИТВ адамның иммундық тапшылығының вирусы – бұл ауруды тудыратын қоздырғыш. Ол адам қанына түссе ол адамда АИТВ  инфекциясы пайда болады. Ол адам АИТВ жұқтырған адам болып есептеледі. Бұл кезеңде ол адам белсенді, иммунитеті біршама жоғары, жұмыс істеу қабілетін жоғалтпаған, әзірге аурудың анық белгілері жоқ, бар болғанда да басқа аурудан айырып алу қиын.  Оның  сырт пішініне қарап АИТВ жұқтырған адам деп ешкім нақты айта алмайды,  яғни вирус тасымалдаушы. Клиникалық симптомына байланысты  АИТВ жұқпасы 4 сатыдан тұрады және оның 4-ші клиникалық сатысы, яғни асқынған соңғы сатысы ЖИТС  деп аталады. Бұл кезеңде  адамның иммунитеті әбден әлсірейді, ол өзінің өмірін төсекте өткізеді, ағзасы жұқпалардың дамуына және ісіктің пайда болуына қарсы тұру қабілетінен айырылады. АИТВ жұқпасынан  ЖИТС-ке айналғанға дейін көп жылдар өтпек, бұл жылдардың нақты мерзімі әрбір науқастың өз денсаулығын одан әрі күтуіне байланысты болмақ. Айта кету керек, АИТВ жұқтырған адамның да, ЖИТС-пен ауыратын аламның да қанында вирус бар, сондықтан ол адам екінші адамға жоғарыда айтылған жолдар арқылы жұқтыра алады, — дейді ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Салтанат Балықбаева.

           АИТВ жұқтырған адамға бірінші инфекция жұқтырғандар күйзеліске ұшырамай, осы аурумен одан әрі өмір сүру керегі түсіндіріледі. Сондықтан оның АИТВ мәртебесін айтқан кезде ол адамның диагнозының құпия түрде сақталатыны, бұл дертпен ұзақ өмір сүруге болатыны, медицинаның жылдан жылға дамып келе жатқаны, оның емі жақын арада табылып қалуы мүмкін деп болашаққа үмітпен қарау маңызды. Жұмыс істеу, спортпен шұғылдану, бос уақытында көбірек таза ауада серуендеу, достарымен қыдыру, қоғамдық жұмыстарға  араласу сияқты пайдалы істермен араласса, басқа ой ойлауға уақыты да болмайды.

  • Кез келген адам өз еркімен аты-жөнін көрсетпей немесе көрсете отырып осы кабинеттерден тесттен өтуіне болады. Бүгінде Сенім 110 мың тұрғын тексерістен өткен. Сенім телефоны: 23-41-50.

Медицина дамуда, Вакцина неге жоқ?

                 Соңғы жаңалықтарда СПИД-ке ем табылатыны жайлы оқиғалар, керемет жағдайлар мен жаңа зерттеулер туралы айтылып жүр. Бұл ретте Тимоти Браунның оқиғасы көп науқасты жігерлендіреді. Браун он жылдан бері АИТВ-мен өмір сүруде. Оған ақ қан диагнозы қойылған кезде дәрігерлер оның жілік майын ауыстырып, СПИД-ке қарсы белсенді мутацияға ие донордың жілік майын салды. Қазіргі кезде Браун АИТВ-тен айықты. Әлі күнге дейін денеде болуы мүмкін аурудың қалдықтары енді оның жасушаларына вирус жұқтыра алмайды. Бірақ, өкінішке қарай, жілік майын алу процесі өте қауіпті. Яғни 40% өлім қаупі бар. Сондықтан тәуекелге бел буатындар жоқтың қасы.

                 Көпшілік бойында ЖИТС вирусы табылғандардан үрейленеді. Сырт киімдерді алмастырып кигенде, тіпті бір төсекте жатып ұйықтаған кезде де ЖИТС вирусының жұғу қаупі жоқ болғандықтан, бұл да негізсіз. Тіпті қан сорғыш және басқа жәндіктер  арқылы жұғу жолы да анықталмаған. Мысық, кой, жылқы, маймылда қоздырғышы АИВ-ке ұқсас иммундық тапшылық болатынына карамастан, үй және жабайы жануарлардан ЖИТС жұғу жағдайы кездеспеген. Әртүрлі инфекциялардан сақтанудың ең тиімді тәсілі – вакцина егу. Алайда вакцина дайындау бағытында тыңғылықты зерттеулер жүргізіліп жатса да, ондай профилактикалық препарат алу әзірше сәтсіз аяқталуда. Сондықтан инфекция жұқтырушылар саламатты өмір салтын берік ұстап, дәрілік препараттарды қолданумен шектеледі.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!