Адам туған үйінен біржола кетпейді екен. Тек денесі алыстағаны болмаса, көңілі, ойы, балалық шағы осында қалып қояды.
Нұрлан он алты жасында арман қуып қалаға кеткен еді. Содан бері қарбалас тіршілік уақытты жұтып қойғандай. Әуелі оқу. Кейін жұмыс. Артынша үйленді, балалы болды. Қала оны өз ырғағына салып әкетті.
Туған жерге соңғы рет 3 жыл бұрын келіпті. Сағынбайды емес, әке-шешенің, ауылдың орны бөлек, шіркін. Десе де бірінің соңынан бірі жалғасқан күндер туған ауылға соғуға мұрша бермепті.
Інісі Нұрбек шетелде білім алып жүр, ал қарындасы Фарида осы ауылда қалып, өзге әулеттің келіні атанды. Қара шаңырақтың отын өшірмей, әке-шешесіне ең жақын жүрген де – сол.
Кейінгі уақытта Нұрлан әке- шешесін қалаға көшіріп алуды жиі ойлайтын. Бірақ әкесі әрдайым:
– Үйдің иесі кеткен күні үй де өледі, балам, − деп бір ауыз жауап қайыратын.
Қырсықтығы басым Нұрлан бүгін сол әңгімені тағы бір мәрте қозғау үшін арнайы келді.
Үйдің іші жым-жырт. Анасы көрші үйге кеткен, әкесі қора жақта жүр екен. Қанша уақыт тек телефонмен сөйлесуге үйренген Нұрлан әңгімені қалай бастайтынын білмей әлек болып жүр. Көзі алақ-жұлақ етіп, бірде ескі дүниелерді реттей бастады.
«Мынаны тастау керек… Мұны алып кетеміз…». Сандық, ескі орындық, кебеже. Бір кезде сарайдың бұрышында шаң басып жатқан жез самаурын көзіне оттай басылды. Таныды. Қолына алды. Шаңын үрлегенде астынан күнге тотыққан сары жез жарқ ете қалды. Шүмегін бұрап еді, мықты-ақ екен, сыр бермеді. Уақыт оның өңін ғана өзгерткен екен, мінезін өзгерте алмапты.
Осы самаурынды атасы қолымен жасаған еді. Бала кезінде үйдегі ең қадірлі дүние де осы болатын. Қонақ келсе – төрге шығатын, мереке болса – ең алдымен осы жағылатын.
Осылайша самаурынға қарап отырған Нұрлан балалық шағын еске алды.
Таң ата әкесі қорадан бір құшақ сексеуіл мен тезек әкеліп, самаурынның түбіне от жағатын. Ал лапылдаған жалын Нұрланға қызық еді. Көзін оттан алмайтын.
– Кәне, үрлеші, – деп әкесі түтікшені ұстатқанда, бар демімен үрлеген сайын қызыл шоқ маздап, аздан соң самаурынның іші баяу гуілдей бастайтын. Сол дыбыс естілсе көп ұзамай есіктен анасы көрінетін. Қолында табадан жаңа түскен ыстық нан. Орамалдың арасынан шыққан бу мен жаңа піскен нанның иісі бүкіл аулаға жайылып кететін. Кейін Нұрлан дәл сол иісті талай жерден іздеді. Қаланың қымбат наубайханаларынан да таппады. Сірә, таба нанның дәмі ұнда емес, ананың мейірімінде шығар.
Артынша белін сәл таянып әжесі шығатын. Белі ауырса да, шайды өзі құймай көңілі жайланбайды.
Ал осы көрініске қарап атасы да мәз болып, тәубе ететін. Ал бүгінде самаурын шаң басып, әр отбасы мүшесі өз тірлігін реттеп әлек. Иә, бақыт осы аулада, осы самаурынның жанында болғанын олар да кеш түсінді.
Аман ЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
