Жалағаш ауданының  тумасы Бағдаулет Сейфулла қос жанарындағы қиындықты жақсы ортаның арқасында  женіп шықтым дейді. Қазір «Зағиптар орталығында» қызмет атқаруда. Өмірін өнермен байланыстырған әншімен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Өнерге қызығушылығыңыз  қалай басталды?

– Бала кезімнен әкемнің гитара тартқанын көріп өскендіктен болар өнерден кенде емеспін. Мектеп қабырғасында жүргенде іс-шарада белсенді болатынмын. 2019 жылдан бастап шығармашылық іс-шараларға қатысып, сахнаға алғаш қадам бастым.

– Авторлық әндеріңізге тоқтала кетсеңіз?

– Қазір қоржынымда 2 ән бар. Өткен жылы өмірімнен алынған, өзіндік тарихы бар «Сағыныш сезім» атты туындым жарыққа  шықты. Сөзін Қайсар Жүсіпов ағамыз жазған. Бұл «AGUGAİ» сайтына салынып, 11 мың қаралым жинаған еді. Жақын арада «Маралым» атты әнімді тыңдарманға тарту етпекпін. Ол жастар талабына сай, көңілді ән болмақ.

Тыңдарманның көңілінен шығу қиын деп ойлайсыз ба? Көбіне  қандай жанрдағы әндерді шырқайсыз?

– Көп көңілінен бірдей шығу өнер адамына оңайға соқпайды. Өйткені халықтың таңдауы мен талғамы һәм пікірі бөлек. Десе де өз тыңдармандарым бар. Негізі әртүрлі жанрдағы әндерді орындай беремін. Соның ішінде лирикалық бағыт жаныма  жақын.

Қазіргі қызметіңіз жайында айтсаңыз..

– Қателеспесем, 2020 жылы орталыққа жұмыс істеуге келдім. Көпшіл болғанды жаным сүйгендіктен тап осы орталықты таңдадым. Мақсатымның бірі жақсы адамдармен танысып-білісу, жан-жақты болу еді. Нақты бір ғана жұмыспен айналысамын деген сөз жоқ. Қолдан келгенше іс-шараларға белсене араласып, өнерімді паш етемін. Кейде орталыққа тазалық жасау керек болған сәттерде де  жұмыстан қашпай көмегімді тигіземін.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Ойға алғаным мен жоспарлағаным көп. Мақсат-мұратыма жету үшін тынбай еңбек етемін. Бастысы репертуарды көбейту. Тағы да жан-жақты тақырыпта өтімді ән жазу ойда бар. Үлкен сахнадан көрініп, Сыр өңіріне белгілі әнші болсам деймін. Халықтың жүрегіне жол тауып, ата-анамның үмітін ақтасам еңбектің еш кетпегені

Әңгімелескен

Нұрай АРЫСБЕКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!