Шетелде білім алу – жеке өсу мен дамудың тамаша мүмкіндігі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің химия мамандығының студенті Қуаныш Сапарбек үшін бұл мүмкіндік Польшада жүзеге асуда. Қуаныш «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы Лодзь университетінде білімін жетілдіріп жүр.

Ізденімпаз студент Польша мен Қазақстанның білім беру жүйесін салыстыра отырып, Лодзь университетінің оқыту тәсіліндегі өзіндік ерекшеліктерді атап өтті.

– Лодзь университетінде студенттерге арналған жеке сабақтар ұйымдастырылады. Бұл олардың пәнді тереңірек меңгеруіне мүмкіндік береді. Польшадағы білім беру бағдарламасында айтарлықтай артықшылық байқалмаса да, лабораториялық заманауи құралдармен жабдықталуы тәжірибе жинауға қолайлы жағдай жасайды,– дейді Қуаныш.

Польшаның табиғаты мен жергілікті халықтың менталитеті Қуанышқа ерекше әсер қалдырды. Жаңбырлы, бұлтты ауа райы оған кинода жүргендей сезім берсе, поляк халқының сыпайылығы мен мейірімділігі оның жаңа ортаға тез бейімделуіне ықпал еткен.

Қуаныштың айтуынша, Польшадағы студенттік өмір еркіндікке толы. Университеттегі түрлі шаралар, қөңілді кештер мен студенттердің басқосулары жиі ұйымдастырылады. Жат елде туындаған басты қиындық – тіл мәселесі болған. Кейбір адамдардың ағылшын тілін білмеуі қарым- қатынасты қиындатқан.

Ал Қуаныш үшін ең есте қаларлық оқиға – басқа қазақ студентінің туған күнін бірге атап өтуі болды. Қызықты құттықтау сәттері ерекше естеліктер қалдырған. Химия саласында білім алып жүрген студент үшін Польшадағы оқу кәсіби дамуға айтарлықтай серпін беруде. Қазақстанда химия мамандарына сұраныс жоғары болғандықтан, алған білімін өз елінде қолдануды жоспарлап отыр.

Қуаныш бос уақытында спортпен шұғылданып, подкаст тыңдайтынын және демалыс күндері өзге елдерге саяхат жасап, дүниетанымын кеңейткенді жөн санайтынын жеткізді.

Қуаныш Сапарбектің академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы білім алуы барлық бастамаларына жаңа серпін береді деп сенеміз.

Айта кету керек, биылғы күзгі семестрде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 15 студенті Польшаның Лодзь университетінде білім алуға мүмкіндік алды. Бұл студенттер «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында арнайы іріктеуден өтіп, Польшаға оқуға жіберілді. Жастардың білім жолындағы бұл қадамы оларға халықаралық тәжірибе жинауға, жаңа білім алуға және мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.

Нұрай ЗИНАДУЛЛАҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!