Соңғы кезде «садху терапиясы» немесе «шеге йогасы» деп аталатын шегеге тұру арқылы емделу түріне сұраныс артты. Аталған терапия әлемге Үндістаннан тараған. Физикалық, психологиялық денсаулыққа пайдалы екені де мойындалуда. Адамның табанында жетпіс мыңнан астам талшықтар болғандықтан, шегеге тұрудың қандай да бір маңызды әсері бар деуге болады. Оған қызығатын қызылордалық жастар да жеткілікті.

Қызылордалық Жадыра Манатбекқызы садху терапиясымен айналысып жүрген маман. Жақында білікті маманмен сұқбаттасып, шеге терапиясының артықшылықтары жайлы көптің көкейінде жүрген сұрақтардың жауабын білген едік.

– Жадыра, неліктен шеге терапиясын таңдадыңыз?

– Өзім Қызылорда қаласында дүниеге келдім, қазір де осы қаланың тұрғынымын. 3 баланың анасымын. Кішкентай кезімде медбике болып, адамдарға көмек беруді армандайтынмын. Алайда әке-шешем медбике болуға рұқсатын бермеген соң, Алматы қаласында орналасқан Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-де білім алуға тура келді. Университет бітірісімен тағдыр жолықтырған жолдасыммен бас қосып, өнегелі отбасыға келін болып түстім.

Қазіргі кезде жолдасымның жеке кәсібінде есепші болып жұмыс істеймін. Сонымен қатар «шеге терапиясымен» де айналысып жүрген жайым бар. Неге шеге терапиясы дерсіз? 2021 жылдың жаз мезгілінде қатты күйзеліске түстім. Жолдасым қолдау көрсеткенімен жаным тынышталмады. Ішімде бір кедергінің бар екенін сезгендеймін. Бірақ ол не? Сол кезде осы терапияны іздестіріп, ерекше емдеу түрімен таныса бастадым. Әлі Қазақстанға келмеген болатын, ресейлік мамандарды қарап жүрдім. Күзде Алматы қаласында бар екенін біліп, алды артыма қарамай жолға шықтым. Шыны керек, шегеде тұрғандағы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Терапияны қабылдаған адамдар ғана біледі. Оңай терапия емес екеніне көзім жетті. Бірақ ерік-жігерімді жинап, жақсы жаққа өзгеруге бет бұрдым.

– Шеге терапиясының ерекшелігі неде?

– Адамның табанында 70 мыңнан астам жүйке нүктесі бар. Сол нүктелерді басу арқылы қан айналымы жақсарады, гормондар қалпына келеді, ұйқы, бүйрек үсті безінің жұмысы жақсарып, ол барлық сезім мүшесінің жұмысына оң әсерін тигізеді. Шегеде тұру көптеген ауруға ем. Себебі көп ауру қан айналымының дұрыс болмауынан туындайды.

Шегеде тұрудың негізгі үш әсерін атап өткен жөн. Физиологиялық әсері бар, яғни, адамның салмағына байланысты акупунктура нүктелеріне шеге қысымы ағзада тазарту, қалпына келтіру және емдеу процестерін бастайды. Бұл ұзақ мерзімді, созылмалы ауруларды жеңуге мүмкіндік береді.

Энергиялық әсері айтпаса да түсінікті. Қытай медицинасының көзқарасы бойынша адамдағы барлық ауру энергияның дұрыс емес ағынынан туындайды. Демек қандай да бір ауруды емдеу үшін денедегі энергия ағынын үйлестіру қажет. Сонымен бірге адамдар канша жыл өтсе де, өкпе-ренішін ішінде сақтап, кешіре алмай, энергиясын кұртады. Осындай өкпе-реніш жинала беріп, одан шаршаған адам ағзасы өзін өзі лақтырып жібереді де, түрлі ауру болып шығады. Мысалы инсульт, неврит.

Психологиялық әсері бар екенін көбісі түсіне алмауы мүмкін. Алайда шегеде тұру күйзеліске төзімді бола түсуге, бір нәрсеге шоғырлануға, сананы, ерік-жігерді дамытуға мүмкіндік береді. Кез келген саналы адам үшін өзінен артық жау жоқ. Яғни ең маңызды жеңіс – Өзіңді жеңу.

– Жан мен тән байланысы дейсіз ғой…

– Иә, адамның ішінде не болып жатқаны физикалық денсаулығынан көрініп тұрады. Көбіне депрессияда жүрген адамдар өткен шақпен өмір сүреді. Басынан өткен небір қиындықтарды ойлап, сол кездегі ой мен сезімдерден шыға алмай жүреді. Шеге терапиясы бәрін қабылдауды, қазіргі сәтпен өмір сүруді үйретеді.

Жан мен тән – бір-бірімен тығыз байланыстағы үйлесімділік. Қиналғанда жанын емдеу үшін тек психологпен сөйлесіп, қабылдауына барудың қажеті жоқ. Терапиядағы ең басты ерекшелік – ауруды сезіну. Ауыр күйзелісте жүрген адам өз денесін, жанын да сезбей қалады. Яғни, робот секілді күй кешеді.

Шеге терапиясы физикалық ғана емес, психологиялық терапия. Тұрақты айналысқан адам күйзелістен алыс жүреді, әрі иммунитеті жоғарылайды, ағзада зат алмасу жақсарады. Адам өз денесін босаңсытып, шегеде тұрғанда түрлі сезімді кешуі мүмкін. Біреуі айқайлайды, біреуі жылайды, біреуі күледі. Аз уақыттан соң адам садху тақтасында тұрғанда саналы түрде эмоциясын басқаруды үйренеді. Маған әртүрлі жастағы адамдар келеді. Көпшілігі 25-45 жас аралығында, ең үлкені – 72-де.

– Жадыра, жұмысыңызға сәттілік!

Сұқбаттасқан

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!