Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Современные Инновационные Технологии» ЖШС директоры Жомарт Момынбаевпен кездесті.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев қатысты.

Басқосуда өңірде жоғары технологиялы жобаларды қолдану мәселесі сөз болды.
Облыс әкімінің назарына Жомарт Момынбаев аймақты бу-газбен қамтамасыз ету бойынша жобасын таныстырды.

Өңір басшысы аталған жобаны жан-жақты сараптап, облыс үшін тигізер тиімділігін зерделеу керектігін алға тартты.

Айта кетейік, «Современные Инновационные Технологии» (ИнТек) ЖШС балама қуат көздерімен жұмыс жасайтын отандық инжинирингтік компания. Қазақстандағы «KEGOC», «Самрұқ-Энерго», «Samruk-Green Energy» сияқты ірі өндіріс компанияларымен серіктестік орнатқан. Осыған дейін Жезқазған қаласындағы күн эелектр станциясын, Ерейментаудағы жел электр станциясын және Қапшағай су қоймасындағы күн электр станциясының құрылысына қатысқан.