Ұрпақ тәрбиесін ұлт болашағымен үндестірген елімізде психология ғылымына жіті мән берілген. Бүгінде әрбір білім ошағында педагог-психологтар жұмыс істейді.

Олардың алдына балалар түрлі жағдайда барады, кейде тіпті психолог оқушының жүріс-тұрысына қарап, оның тұрақты дамуына атсалысу мақсатында баламен жеке-дара жұмыс істейді. Былай қарасаңыз, сөзбен айтқанға оңай. Бірақ қыруар еңбекті қажет етеді.
Сырдария ауданы бойынша психологтардың бірлестік жетекшісі, Шіркейлі ауылындағы Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейдің психологы Қалдыгүл Сәрсенәлиева бала тәрбиесі бағытында психологтардың мойнына көп жауапкершілік жүктелгенін айтады. Білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаз қай кезде де шәкірт жүрегіне жол табуды басты мақсат еткен. Оның айтуынша, адамның жан дүниесін зерттейтін психология ғылымына бүгінгі қоғамда сұраныс жоғары. Бұл ғылым баланың өзін-өзі танып-білуіне, жанын ұғатын, қабілетін ашып, өз-өзіне сенімін күшейтіп, алға ұмтылуына барынша септігін тигізетінін айтады ол.
«Психолог мамандығының маңызын бүгінгі күннің көзімен сипаттар болсақ, ол қазір әлемдегі ең танымал мамандықтың қатарында. Соңғы кездері психологқа жүгіну ересектер арасында, жастар арасында, жасөспірімдер арасында күннен-күнге дамуда. Адам психикасы, әсіресе баланың психикасы көбелектің қанатындай әлсіз болып келеді. Психолог кез келген кісінің оқиғасын тыңдап, жан-жүйесімен түсініп, қолдан келер көмегін аямайды. Өмірден түңілген жан болса, болашақ ғұмырына қызығушылық отын жағып, тірліктің ақ пен қарадан тұратынын, әлі-ақ алдынан ашық күн туарын түсіндіріп, ары қарай қалай қадам басу керегін ұғындырып, жарқын өмірге жол сілтейді», – дейді Қалдыгүл Рүстембекқызы.
Әлбетте, бала жанының бағбанына айналған педагогтар қай кезде де өздерінің арман-мақсатын шәкірт болашағымен байланыстырады. Өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған аяулы жандар өз істеріне білек сыбана кіріскен, мамандығын сүйген жандар. Саладағы түйткілдің де тарқауына барынша атсалысып келеді. Әсіресе, қызды қырық үйден тыятын халқымыздың дәстүрін де өз методикасына сіңірген.

«Бүгінгі қыз балаларда еркіндік әлдеқайда көп. Мәселен, оқумен айналысуға, спортпен шұғылдануға, кинотеатрға баруға болады, дербес кәсіпті құруға және т.б. еркіндігі мол. Алайда жасөспірім қыздар теріс үлгі-өнегені бойға сіңіретін жағдайлар аз емес. Отбасында және білім беру мекемелерінде қазақтың қызына тән адамгершілік құндылықтарын насихаттайтын арнайы тәрбиелік-білім беру іс-шаралары, арнайы мамандармен кездесу, жобалар ұйымдастырылуда. Біз мұндай шараларды кешенді жүргіземіз және дәстүрге айналдырғанбыз. Қыз бала – келешек ана. Ал ұлттың ұлылығы ананың ақ сүтімен даритынын ескерсек, қыз балалардың мойнында жауапкершілік жүгі бар. Біз әрбір баланы қадағалауда ұстаймыз», – дейді Қ.Сәрсеналиева.
Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектептің психологы Аида Тасанованы әңгімеге тарттық. Ауыл мектебінде көптен бері еңбек етіп жүрген білікті маман әрбір сәтін терең ізденіс үстінде өткізеді. Балалардың тұрақты дамуына, ойының ұшқыр, қиялының жүйрік болуына бағытталған өзіндік әдіс-тәсілдері де жетерлік.
«Бүгінгі ұрпақ – еліміздің бола­шағы, ертеңі. Алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай, жан-жақты жарасымды тұлға өсіру. Бала үлкен адамдарға ұқсамайды. Олардың сезімі күшті, бірақ көбінесе тұрақсыз болуы мүмкін. Құштар болған нәрсесін ертең ұмытып кетуі ғажап емес. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап балалармен жұмыс істейміз. Бұл орайда мектеп психологы баланың өз-өзін танып білуіне, жанын ұғатын, өз-өзіне сенімін күшейтіп, алға ұмтылдыратын жаттықтырушы болып қана қоймай, шәкірттерін төзімді, байыпты тыңдай біліп, балаға, олардың ата-аналарына дос, жолдас бола білу керек. Яғни, оларға ақыл айтып емес, мәселені бірлесіп шешуге қызықты серіктес әрі емші-дәрігер секілді, бірақ тәнін емес, бала жанының шипагері бола білуі керек. «Баланы бақырып үйретпе, ақырын үйрет» дегендей, байбалам салмай, бабын тауып үйретсең ғана еңбегің жемісті болмақ. Мен өз жұмысымда А.С.Макаренканың «Сіз баланы өміріңіздің әрбір сәтімен тәрбиелейсіз» деген өнегелі сөзін пайдаланамын», – дейді Аида Бақытбекқызы.
Әрине, қазақ бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, «Бала шыбық тәрізді, қалай исең, солай қарай майысып өседі» деген емес пе?! «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп, кішкентайынан көргенін ойға іліп, қалыптасады. Осы жерде отбасында ата-ананың, мектепте тәлімгердің, психологтың тура жолға бағыттап жібергені абзал.
«Мектеп психологтарына көбінесе ұсыныс түсіп отырады. Ол ұсыныс ата-ана тарапынан, сынып жетекшісі тарапынан, достары тарапынан келуі мүмкін. «Баламмен сөйлесіп берші, тұйықталып қалды, мектепке барғысы келмейді, сабаққа үлгерімі төмендеп кетті, ашушаң, сабаққа кедергі келтіреді» деген сияқты мәселелер бойынша жүгінеді. Өз еркімен келіп «Апай, сізбен сөйлессем бола ма?» деген оқушылар да кездеседі. Бұл жағдайларда оларға ақыл айтып емес, мәселені бірлесіп шешуге ықыласты боламыз. Жоғарғы сынып оқушыларының қандай да бір мәселелерін зерттеп, тиісті анкеталық сұрақтар, тесттер, зерттеулер жүргізу арқылы себептерін анықтап, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар береміз. Бастауыш сынып оқушыларымен жұмысты белгілі бір мінез-құлық пен бейнелерге негізделген проективті әдістер арқылы жүргіземіз», – дейді мектеп психологы.
Әлбетте, қоғамда түрлі жағдай болады. Баланың сезім­талдығын ес­керсек, кез-келген жағдай оған әсер етуі мүмкін. Тіпті, ғалымдар, ұстаздар, олардан бөлек қоғам қайраткері бүгінгі жастардың әлжуаз екенін айтып жүр. Ол бойдағы күшті емес, психиканы айтады. Міне, осы ретте әскердегі келең­сіздіктердің де алдын алу үшін білім оша­ғынан бастап, бала­лардың асқақ рухты, жігерлі болуына жағдай жасау керек. Тіпті, «Тәрбие тал бесіктен баста­латынын» ойға алсақ, бұл үрдісті отбасынан бастау алған жөн. Бұл жөнінде психо­логтың не айтары бар?
«Иә, қазіргі таңда оқушылар арасында қиындыққа шыдамайтын, мақсаты жоқ, арманы жоқ, болашағын елестете алмайтын оқушылар көптеп кездеседі. Арман-мақсаты жоқ балаларды зерттегенде отбасындағы күнделікті кездесіп жататын болмашы кикілжіңнің себеп екенін байқаймыз. Осы орайда отбасының берер тәрбиесі маңызды. Қазір адамдардың бір-біріне жанашырлығы, кішінің үлкенге деген құрметі, үлкеннің кішіге деген ізеті азайып барады. Сыйластық, құрмет жойылса, оның себебі тәрбиенің болмауынан. Ал тәрбиенің бастауы отбасы екенін ескерсек, ең басты олқылық та сол жерден кетіп жатыр деген сөз. Өкінішке қарай, бүгінгі тәрбиеде ондай үйлесімділік байқалмайды. Көпке топырақ шашпаймын, алайда көп ата-ана бала тәрбиесін материалдық қамтамасыз етумен ғана шектеп қойған. Бар ойы баланы дүние-мүлікпен ешкімнен кем қылмау. Ал, тәрбиенің бұл түрі баланы толық қанағаттандыра ма? Міне, осы сұрақ көбіне ескерусіз қалып жатыр. Өйткені телефон, компьютер, қымбат киім қажеттілігін өтесе де, одан ешқандай рухани азық ала алмайды. Ол үшін балаға ең бірінші үлкендердің мейірімі, назары қажет. Ал жұмысбасты, ұялы телефонға телміріп отырған ата-аналардың балаға қарауға уақыты жоқ. Шынын айту керек, қазіргі әке-шеше балаларымды қалай жеткізсем, жақсы киім-кешек кигізсем деп ойлайды да, соған жанын салғанымен, балам мейірімді болса, адамгершілігі мол болса деген мәселені тек сөз жүзінде ғана қалдырады. Осыдан кейін бала өмірдің қыр-сырын тек материалдық дүниемен ғана шектеп, теріс тәрбие алмасына кім кепіл? Ал, кейін материалдық дүниеден рухани жылу алмаған жасөспірімдер өзін қоғамға керексіз сезініп, тұйықталып, өзімен-өзі болып кетеді немесе шектен тыс еркінсіп, қалағанын істейтін болады. Мұның соңы психологиялық ауытқуға немесе суицидке апарып соғуы әбден мүмкін. Осындай жағдайды болдырмау үшін мектеп психологы ретінде әрбір баланың ішкі жан дүниесіне үңіліп, көмек беру ең басты міндетіміздің бірі деп ойлаймын. Айта кететін үлкен мәселе, ата-ана баламен жиі сөйлесіп, бірге ойын ойнап, сырласып, ақыл-кеңес сұрап отырса екен дейміз. Бұл ата-анаға кеңесіміз болсын. «Балаға көңіл бөлу – жеміс ағашын баптағанмен бірдей», – дейді А.Тасанова.
Иә, ертеңімізді ойласақ, оған қадамды бүгіннен бастау маңызды. Рас, балаға әперер қымбат сыйлық оның көңілін көтеріп, бір сәттік сезім сыйлайды. Бірақ оның рухын көтеріп, айбынын асқақтатпайды. Жүрегін мейірім мен махаббатқа толтыра алмайды. Сондықтан балаңызды аясаңыз, оны аямауыңыз керек.

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!