«Жасыл ел» атты ну орманның ішінде әртүрлі жануарлар мен құстар мекендепті. Жыртқыштар мен жәндіктер, құстар мен балықтар, ағаштар мен гүлдер айрылмас дос болыпты. Ерекшелігі де осында екен. Бұл мекенде ешкім бір-біріне қастық жасамайтын жақсы ниеттегі адал дос болыпты. Осы орманда мекендейтін көгершін мен жарқанат достығы бәріне мәлім, ылғи бірге жүретін достар болған екен. Елдің бәрі олардың достығына қызыға да, қызғана да қарайтын болған деседі. Көгершін мен жарқанат ойнаса да, тамақтанса да бірге жүріпті.

 «Жасыл елдің» жан-жануарлары көгершінге сүйсіне қарайды екен. Оның үлпілдек қауырсыны, аппақ қанаты орман тұрғындарының қызығушылығын оятыпты. Жарқанат та ел аузында жүріпті. Бірақ, әдемілігімен емес, сұстылығымен. Жан-жануарлар көгершінді мақтаған сайын жарқанаттың көңіліне кек пен ыза жинала беріпті. Жарқанат өз өмірін де, көгершінді де жек көре бастапты. Жарқанат қайда жүрсе де, көгершіннен құтылудың жолын іздеп жүреді екен. Бұл істің дұрыс емес екенін, досқа қиянат жасамау керектігін біліп тұрса да, ішіндегі ашу, көгершінге деген кек маза бермепті. Бір күні екі дос ұзақ ойнап келіп, ұйқыға кетіпті. Жарқанат мазасызданып, дөңбекшіп, ұйықтай алмапты.

Кенеттен  ойына көгершіннен құтылу туралы жоспар келіпті. Жапыраққа толы ағаштардың арасында мызғымай ұйықтап жатқан көгершінді өлтіру үшін жарқанат арқан тауыпты. Сол арқылы жоспарын орындамақ болып жатқанда орманда жел тұрып, ағаштың жапырақтары ұша кетіпті. Жапырақсыз қалған ағаштан жарқанаттың әрекеттерінің барлығы көрініп қалыпты. «Жасыл ел» орманының тұрғындары жарқанаттың ісіне қарап, не айтарын білмей аңтарыла қалған. Көрер көздеріне сенбей, жандарында жүрген жарқанаттың жамандыққа барғанына илана алмапты. Ештеңеден күмәнданбай  тәтті ұйқыда жатқан көгершінге болған оқиғаны айтып беріпті. Көгершін өзінің жан серігі, адал досы, айрылмас жолдасы жарқанаттың мұндай іске баратынын үш ұйықтаса түсінде көрмеген еді.

Жарқанат көгершіннің алдындағы кінәсін түсініп, тез есін жиыпты. Ел назарынан қашып, ең қараңғы, адам аяғы баспайтын үңгірге барып тығылыпты. «Күндіз шықсам, көгершінді кездестіріп, ұятқа қаламын»  деген оймен жарық кезде далаға мүлдем шықпапты. Содан бері, жарқанат қиянат жасаған досы көгершіннен ұялып, қараңғы, қуыс жерлерді ғана мекендейді екен.

Айша Бибі Қайырбек,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!