Бұның дерті басқаларға түк ұқсамайды. Тіпті он бес жылдан астам бір төсекте қатар жатқан қосағы да осыны түсінбей-ақ қойды. Жасы қырықтан асқан күйеуінің шынымен кісікиік болатындай себебі не? Енесі де осы жалғызының кісіге жұғыспайтынын білетін. Біле тұра сөйлейтін.
– Қарағым-ау, шағын ауылдағының көбі өз ағайының. Анау әкеңмен немере Шәріпбайдың ұлы мына Қазалыдан қыз алып қашқанға ұқсайды. Кешірімі беріліп, келім-кетімі саябырсыпты. Енді ертең беташары, кешке тойы. Қатыныңды ертіп барып неге қызмет қылмайсың? – деп еді-ау қайбір жылы. Оны елең қылған ұл қайда?
– Ай, апа-ай, ендігі қалғаны Шәріпбайға қызмет қылу қалып па? Менен басқасы да жетер. Өзіңіз тойына қатысарсыз. Барса, келініңді жібер, менен рұқсат, – деген Матығұлдың сөзін әйелі Күнзираш та естіген.
– Ее, бауыр өзіңдікі, қарғам. Ағайынмен араласпасаң жатқа айналасың. Кәрі сүйегімді сүйретіп мені қашанғы жүрер дейсің? – деген енесінің сөзіне селт етпеп еді күйеуі шіркін.
Күнзираштың әлі есінде. Келін боп түскелі осы үйден туыстың бар қуанышы мен қайғысына енесі екеуі баратын. Матығұлдың мұндайға мүлде жоламайтынын білгенде әдепкіде таңырқаған. Әрі-бері көндірмек болып еді, зілденген дауыс естіді. Біртоға, көп сөзге жоқ күйеуімен көп жауаптаса қоймайтын Күнзираш одан кейін бұл әңгімеге бармаған. Келе-келе өзі де үйренді. Жақындарының тойы мен қазасына енесін жетектеп кете беретін.
Мектептен соң оқуға құлықсыз болған Матығұлдың бар ойы – қайтсе де баю еді. Дүние жинап, мал басын құрап, жоқ дегенде орыстың «Нивасын» желдіртіп жүрсем дейтін. Содан шығар, үйіне келіп, әлдене сұраған ауылдастарына «жоқ» деген сөзді жиі айтатыны. «Бұл жұрт неге сұрамсақтана береді?» дейтін ішкі ойы кейде тіс арасынан сыздықтай боқтық сөзбен араласа шығады. Әрине, сырттай солай кіжінеді.
«Ешкімге ештеңе бермей, ешкіммен қатыспай-ақ отырайын. Әйтпесе, бұл ағайын маған қара жинатпас». Матығұлдың ішкі түйсігі осы. Кейде апасымен осыған бола сөзге кеп қалады. Ауылда той болмай тұрмайды. Тумақтың өлмегі және бар. Мұндайда жақын ағайынның қуанышына ортақтасып, ақша апаратыны рас. Болмаса ауылдағы жұрт мал атап жатады. Қайғы орын алған шаңыраққа да осы кәде-қаумет жүреді.
– Қали атаң қайтыпты. Әкең өлгенде жамбасы жерге тигенше қызмет қылып еді. Көңіл айтып барып шық. Ана қорадағы көп жандықтан біреуін ата. Сойысқа қоңдылауын бергенің дұрыс қой. Арық-тұрық мал атапты деген сөз естігім келмейді, – деген Салиха шешесіне Матығұл күңк еткен.
– Қали көкеме мал атамасаң болмайтын ба еді, апа? Бір он мың теңге мен екі метр шүберегіңді бере берсеңізші. Ана жаққа Қали тұрмақ одан зоры кетсе де мал жоқ.
Күнзираш сонда қатты ренжіп еді. Үнсіз қалған енесінің көңілін қалай ауларын білмеген. Матығұлдың мұнысы несі?! Қали атамның шаңырағынан басқа бұларға қандай ет жақыны бар? Осындай сұрақтың жауабын іздеп таппаған Күнзираш та. Күйеуінің қылығына көпке дейін іштей ренжіп жүрді.
Ене байғұс іштен шыққан соң шығар, ұлымен артық-ауыс сөзге бара қоймайтыны. Бір-екі рет ескертеді, оған мойын бұрар Матығұл болмаса, қалған шаруаны келініне әмір беріп істетін. Үкімет берген аз зейнетақының көбі жақын ағайынның қызық-шыжығына кетсе де қабағын шытқан Салиха кемпірді көрмейсің. Марқұм шалы да қонақжай еді, көп жанды отбасыдан шыққан бұл да жастай осы шаңырақты аттап, күн-түн демей қонағын күтіп, дастарханды келін атанды емес пе?! Тамағына бұрын қабағын ұсынар Салиханың қонақ күтісіне ата-енесінен бөлек, әулетке жақын қайнаға-абысыны түгелдей риза еді-ау. Бұл күнде сол жайсаңдардың жер астына кеткелі қай заман? Айтсаң бәрі ертегі. Кісі жатырқамайтын Салиханың кейде осыны жиі ойлап, жалғыз ұлдың жайына алаңдайтыны бар.
Матығұлдың жаратпайтыны осы. Өзі жеке шаруашылықтың жұмысында жүріп, айлығын жырымшылап мал жиды. Екі сиыр, бір тайынша, жиырма шақты қой-ешкі. Күнзираш жұмыссыз. Шешесінің зейнетақысын азық-түлікке жаратып, тете өскен екі ұл мен қыздың мектепке барар киімін түгендеп жүргені. Ал ағайын арасындағы той-құдайы жолыда қайсысына мал атап, ақша беріп жүреді бұл. «Апам да тапқан екен ақымақты. Бір атадан тарайды екенбіз деп жиған дүниесін осындайға жарата берсе не қалмақ?». Ойы солай Матығұл шіркіннің.
Дүние жинаймын деп тыраштанған Матығұл үйленген соң бірге оқыған кластастарымен де араласудан қалған. Кей-кейде қисалаңдап келген екі-үш құрдасын ит қосып қуғаны бар. Күнзираштың өлердей ұялғаны-ай сондағы. «Құдай-ай, көп болса, бір аяқ бермешелін жеп, бір шынысын ғана ішер. Неге өйттің?» деген бұған Матығұлдың жауабынан бұрын құлаштай лақтырған керзі етігі жеткен. Жалтарып үлгерді.
– Не сандалып отырсың? Бұлар бір дәніксе, үйіңнен шықпай… Соларды суарып отыратын арағың толып тұр ма еді?!
Түкірігі шашырай жындана айқайлаған күйеуіне Күнзираш бұл жолы да қарсы келмеген. Үндемей құтылды.
Содан кейін ғой бұған лақап аттың таңылғаны. Қуақы бір кластасы «Аллергия» депті. Алғашында Матығұл бұған шамданып жүрсе де, кейіннен құлағы үйренді. Кейде «Ел не демейді, есек не жемейді, әкесінің тап аузы, оған басымды ауыртпадым ал» дегендей қасақы мінезбен қасқайып жүре беретін.
«Аллергия» атануының себебі жоқ емес. Адам шіркін түрлі жемістен, шаңнан, ыстықтан, әйтеуір бір дүниеден аллергия болып жатады ғой. Түшкіртіп-пысқыртып, мазасыз күйге түсіретін бұл аурудың машақаты көп. Ал Матығұлдікі? Әлгі іші кепкір құрдасы бұны «кісіден аллергиясы бар» деп бір отырыста қағытқан. Сөз осыдан шығып, азан шақырылған есімге «Аллергия» атауы жабыссын енді. «Аллергия» Матығұл. Өзі де жоламай, өзгені де жолатпайтын бұл мінездің тауып берген теңеуін қарасаңызшы…
Бұл атау да Матығұл ана дүниеге кетем дегенше айтыла берер ме еді, кім білсін, мына бір оқиға орын алмағанда…
Иә, Матығұл өзгермеспе еді? Бірақ өзгерді. Өзгерткен сол бір жағдай. Көңілін де өшпестей із қалдырыпты.
Бір жыл бұрын шешесі «табылмайтын түйесін қарап кеткен». Ағайын арасына сыйлы қарияны Құдекең де көп әуреге салмапты. Түскі шәйдан соң кішкене мызғып алатын Салиха кемпірдің «басымның шаншуын-ай» дегенін Күнзираш келін ғана естіп еді. Бесін уақытында аһылау-уһілеуі көбейді. Бұл кезде жұмыстан оралған Матығұл да шешесінің бұрын-соңды бұлай ауырмағанын көріп, абыржыңқырап қалған.
Салиха күн ұясына қона бере үзілді. Кетерінде бір-екі ауыз ғана сөз айтты. «Ағайыннан ажырама, жалғызым. Мені әкеңнің қасына жайғастырған соң… Иә, солардан қол үзбе…»
Осыны айтты. Бырқ-бырқ етіп жылаған Матығұлға «апам-аулаған» Күнзираштың қосыла шыққан зарлы жоқтауын көрші-көлем түгел естіген еді. Біртіндеп ел ішіне жайылған қаралы хабардан соң қазалы үйге ауыл адамдары аяңдай берді.
– Сүйегі асыл ғой, жеңешемнің, – дейді көңіл қос айта келген әрі туыс, әрі рулас ағайынның үлкені Шәріпбай. – Ешкімге салмақ салмастан, ауырмай-сырқамай кете барыпты-ау жарықтық… Солай деп қол орамалымен жасаурай көзін сүрте сөзін қайта жалғады.
– Шырағым, Матығұлжан, Салиха саған шеше болғанмен, мына маған жеңге, мына отырған ағайынның біріне апа, біріне шеше іспетті еді. Алланың әміріне шара не? Жазмыштан озмыш жоқ. Бұйрық келді ме, талқаны таусылған қай пендең де бұл жалғанда тұрмақ емес. Ендігі мәселе – жеңешемді оң жаққа орналастырып, шамамызша кәде-қауметімен аттандыру. Сүйегіне түсетін адамды реттерміз. Ана сырттан келер жақын-жуыққа хабар бергіз, қонақасысы мен намазына сояр малды даярла. Ләк (көр) қазуға жігіттерді мына Бекболат ұйымдастырар. Ал, ағайын, бұл шаруадан ешқайсысың да қалыс қалушы болмаңдар!
Сөзінің соңын қытқылдау аяқтаған Шәріпбай шалдың сөзіне барлығы да кеу-кеулесіп, қосыла кетті. Ауылдағы үлкен сөзінен аспау дейтін тәрбиеден бұл жиналғандар мақұрым емес еді.
Шешесінің ағайыннан бөлек, ауыл ішіне сыйлы екенін сонда көрді емес пе, Матығұл? Сүйекті ауыл сыртындағы қорымға қойғанша барлығы тік тұрып қызмет етті. Шәріпбай шалдың өзі жеңгесінің аруағы риза болсын деді ме, былтыр қысыр қалған қасқа сиырын атады. Енді бір туыстары қазалы үйдің қажетіне деп ақшалай тапсыруда. «Жетісі бар, қырқы не жүзіне соярсың» деп руласы Бекболат та екі жасар тайөгізін бұның қорасына қамаған. Ағайын жабыла кетсе, жыртық көңілдің жамалатынын сонда білді Матығұл. Көршілері әр бейсенбілікке сояр ұсақ малды өз аттарынан қағазға тіздіріп жатты.
Салиха кемпірдің жамбасы жерге тиген күннің ертеңіне Бекболат тізім жазылған дәптер мен жиналған қаржыны Матығұлдың өзіне тапсырған. Есептеп, барлығын тәмпіштеп түсіндірді. Ірі қара мен қой-ешкі атаған туыстарын атап көрсетті. Сондағы Матығұлды таң қалдырғаны кластастарының жинаған қаржысы. Бақандай 200 мың теңге. Әдейілеп әрқайсысының аты-жөнімен тізіпті. Тіпті анау Алматы мен Жамбылдағы Сәбит пен Нұрлан да Салиха кемпірдің қазасына бей-жай қарай алмаған сияқты.
– Иә, класстастарың ұйымшыл екен, Матығұл. Апамның басын қарайтуға осылар берген ақша да жетіп қалады-ау. Цемент пен кірпішті Қазалыдан менің газигіммен алып келерміз. Тәуекел, апта соңында осыған кірісейік.
– Мақұл,– деген бұл да. Расы керек, Матығұлға мұндай жөн-жоралғы мен той-қазада атқарылар істің қай-қайсысы да беймәлімдеу. Содан шығар, Бекболаттың әр сөзіне тек бас шұлғи берген.
Сол күні кешке тұншығып ұзақ жылады. Әрі шын жылады. Күнзираш та үндемеген. Тіпті мәу деп бір үн қатпады. Қосағының ішкі қиналысын әбден шығарып алғанын ол да қалағандай.
«Апамның аруағын сыйлады-ау бұл жұрт. Әйтпесе, мен кімнің шікірәсі едім? Осы кезге дейін кімге қайырым тиді? Тым өлермендікпен өзімшіл болып, боқ дүниені қуғанда тау тұрғыздым ба? Ешқашан да. Бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір ағайынның той-қуанышына да қатыспаппын. Өлім-жітіміне көңіл айтпаппын. Сондағы шыққан ұшпағым не? Сырттай сынайтын ағайынның айтатынындай-ақ бар екен-ау кінә өзімде…» Ішін өртеп өткендей болды әлдене. Бір бөлмеде жалғыз өзі дөңбекши жатып, таңға дейін солығын баса алмаған еді сонда Матығұл.
Осы жайттан кейін ғой Матығұлда мың өзгеріс пайда болғаны. Шешесінің жылдық асынан соң Шәріпбай шал да ұзамаған. Сексенге тақап қалған қарттың ескі дерті – сол баяғы шаншу еді. Ақыры алып тынды.
Хабар келгенде Матығұл азанғы шайды енді аузына ала берген.
– Маке, Шәріпбай көкем кетіп қалды ғой. Соны хабарын жеткізіп жүрмін,– деген рулас інісінің сөзін естігенде қолындағы кесесін түсіріп алды.
– Не дейді мынауың, шал кеше ғана почтадан пенсиясын алғалы тұр еді ғой.
– Түнде ұстапты. Сол баяғы колхозда жылқы бағып жүргенде тапқан шаншуы ғой. Балалар қалаға алып кетпекші болған екен, өзі қарсы болыпты. Әлі бір сағат болмады қайтыс болғанына.
«Апам сияқты көп қиналмастан кетіпті Шәкем де». Басына бірінші келген осы ойды лезде ысырып, Матығұл суық хабар әкелген інісіне «мен қазір жетем» дегеннен басқа түк демеді. Ол кетісімен көз жасын әлгінде ғана сығып алған Күнзирашқа «жиналайық» дегені.
– Қайда?
– Қайдасы несі? Шәкемнің үйіне. Барып қызмет қылайық. Сояр малы мен басқа да тіршілігіне жәрдемдесейік. «Бұл қазақ өлікке көңіл айтып келгенмен, бірі жылап, бірі сынап келеді» дейтін еді апам. Ағамның соңғы рәсімінде мен жүрмесем, кім жүреді?
Күнзираш Матығұлдың бетіне аңырая қараған. «Мынауың шынымен біздің бай ма еді?» дейтіндей таңырқаулы көзқарас.
– Әй, неменеге бақырая қалдың. Балалардың түскі тамағын дайында да артымнан кел. Мен өзім бара берейін…
Сол күні Матығұл Шәріпбай шалдың қазасына екі сиырының бірін жаздырды. Екі білекті сыбана мал сойып, жіліктеп те үлгерді. Көңіл айта келгендермен де көрісе жүріп, қорымдағы мәңгілік жатар орнын дайындауды жақын інілеріне тапсырды. Мәйіт алдындағы тірінің міндетін түгелдей атқармаса да, араласып баққан. Әрі бұның бәрін шын көңілден жаныға жүріп істеп еді-ау.
Қызығы сол, Шәріпбай шалдың қазасынан кейін елдің аузындағы сөзі Матығұл болған. Суыртпақ жіп сұраса бермейтін сараң жігіттің бұл қылығы көп ағайынды сарсаңға салып қойғанын несіне жасырайық?! Тіпті Күнзираштың өзі күйеуінің бұл өзгерісін неге жорырын бермей бірталайға дейін жүрді.
Кейіннен көп уақыт өтті. Қай ағайынның қызығы мен шыжығында Матығұл мен Күнзираштың жүретініне елдің көзі әбден үйренді. Ал кейде өзі білетін «Фатиха», «Ықыласты» оқып, балаларымен бірге әке-шешесінің басынан ауылға қарай аяңдаған бұрынғы «аллергия Матығұлды» мен де жиі көремін. «Аллергиядан» айықтырған өз ағайыны екенін ол да іштей білетін секілді…

Ержан ҚОЖАС